ОРАЛ ӨҢІРІ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН 2-ШІ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ
Оралда өңірдің ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасына арналған «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту» монографиясы мен хрестоматиясы жарық көрді. Бұл – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к, доцент Зейнолла Мүтиев бастаған топ шығарған екінші кітап. Еңбек ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басын қамтиды. Құрастырушы топ алдағы уақытта үшінші кітпаты дайындауда. Ол еңбек Тәуелсіздік жылдарындағы өңірдің ақын-жазушыларының еңбектеріне арналмақ.
Жаңа кітаптың тұсаукесері Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өтті. «Парасат жолы» жобасы аясындағы кітаптың таныстырылымына М.Өтемісов атындағы БҚУ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ғалымдары мен өңірдің зиялылары, басқармалардың өкілдері қатысты.
«Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту» (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы ХХ-ХХІ ғасырдың басы) тақырыбындағы монографияны (2-ші кітап) профессоры, ф.ғ.к, доцент Зейнолла Мүтиев, оқытушы, магистр Жангүлім Өтепбергенова құрастырған. Ал хрестоматияны құрастыруда (2-ші кітап) Зейнолла Мүтиев, Жангүлім Мұханбетова және доцент, философия (PhD) докторы Айдарбек Ақболатов еңбек етті.
Аталған екінші кітап 2018 жылы жарыққа шығып таратылған бірінші кітаптың жалғасы саналады. Бұл еңбектер ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті жариялаған гранттық жобасы аясында шығарылып отыр. Жобаның мақсаты – әдеби өлкетануды зерттеу арқылы Батыс Қазақстан аймағының Орал өңірі ақын-жазушыларныың әдеби шығармашылық мұрасын айқындауға қол жеткізу. Осы орайда ақын-жазушылардың ХХ ғасырда және ХХІ ғасырдың басында жарияланған шығармаларын зерттеп, әдеби-ғылыми тұрғыдан сараптау бір жүйеге түсіру міндеті қойылған. Ғылыми зерттеу нәтижелерін кезең-кезеңге бөлінген үш кітаптан тұратын монографияға айналдырып, хрестоматия құрастыру көзделген. Жиын барысында сөз алғандар, баяндама жасағандар үш жылды қамтыған жоба аясында М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филолог ғалымдарынан құралған шығармашылық топ үлкен жетістікке қол жеткізгенін атады. Еңбекте қамтылған ақын-жазушылардың шығармаларының ерекшеліктерін талдап, кітаптың маңызы туралы ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, жаңа кітапта Қадыр Мырза Әли, Сайымжан Еркебаев, Сатыбалды Дауымов, Жанғали Нәбиуллин, Қайыр Бектұрғанов, Қайрат Жұмағалиев, Бақтығұл Ойшыбаев, Айтқали Нәріков, Асқар Сұлтанов, Құрманғазы Қараманұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Мұқадес Есламғалиұлы, Алпамыс Бектұрғанов, Шолпан Қыдырниязова, Айсұлу Қадырбаеваның ХХ ғасырда жарияланған шығармалары (поэзия, проза, драматургия т.б.) зерттеліп, өлке қаламгерлерінің өлең сөз бен көркем сөздегі жаңалықтары қарастырылған. Хрестоматияның екінші кітабында өңірдің ақын-жазушыларының ХХ ғасырда жарияланған шығармалары енгізілген.
Басқосу соңында кітап авторлаының бірі Зейнолла Мүтиев монографияның шығарылуы мен болашаққа қойылған жоспармен бөлісті. Сондай-ақ қолдау көрсеткен әріптестеріне, шараны ұйымдастырған Жұбан кітапханасының ұжымына алғысын білдірді.
– Өлке әдебиеті өте қызықты. Әрине, бұл өмірден өткен ақын-жазушылардың есімдерін ұмытпауымыз керек. Бірінші кітапта 12 ақын-жазушы, екінші кітапта 15 ақын-жазушы қамтылды. Кітаптар хронологиялық ретпен шығуда. Үшінші кітап жақын уақытта шығады. Ол 20 ақын-жазушының шығармашылығына арналады. Олар – Тәуелсіздік жылдарындағы ақын-жазушылар, қазіргі қазақ әдебиетіне үлес қосып жүрген тұлғалар. Олардың қатарында өлең-сөздің, қарасөздің көрнекті өкілдері Мұнайдар Болмолда, Мира Шүйіншәлиева, Бауыржан Халиолла, Бауыржан Ғұбайдуллин, Талап Таймасұлы сынды қаламгерлер бар. Қазір шығармаларын шәкірттерім талдап жатыр. Өлкетану әдебиеті мұнымен бітпейді. Қаламгерлердің ішінде деректеріне қолымыз жетпеген, мәліметтері толық емес 5-6 автор бар. Қазір архивтерден қарастырудамыз. Орынбор, Башқұртстандағы Уфа архивінде және республикалық архивтерде жұмыстандық. Кейбірінің дүниеден өткен жылдары белгісіз. Дегенмен, олар ХХ ғасырда біздің өлкеде өмір сүрген, әдебиетке ден қойғандар. Мәліметтерді толықтыру – болашақтың ісі деп санаймын, – деді Зейнолла Жақсылықұлы.
Сондай-ақ профессор жоба осымен тоқтап қалмайтынын айтты. Шығармашылық топ екінші жобамен жұмыстануда. Яғни, жаңа жоба бойынша Батыс аймағы: Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының ақын-жазушыларының еңбектері зерттелуде. Бұл – 2021- 2022 жылдары жарық көреді деп күтілуде.
Айта кету керек, бұл кітаптар сатылмайды. Кітаптарды Жұбан Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасынан, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасынан және М.Өтемісов атындағы БҚУ кітапханасынан алуға болады.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Пікір үстеу