ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЛАМГЕРЛЕР ЕҢБЕГІ ӘЛЕМ НАЗАРЫНА ІЛІКТІ
18-21 ақпан аралығында Белоруссияның Минск қаласында «Кітап адамзат пен елдерді біріктіреді» ұранымен XXVIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Әлемдік деңгейдегі кітап көрме-жәрмеңкесіне жиырмадан астам ел белсенді түрде қатысты, соның бірі – Қазақстан. Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы да Минск қаласында өтіп жатқан дүбірлі көрмеге отандық баспалардан жарық көрген таңдаулы еңбектерді жөнелтіп, қазақстандық қаламгерлердің еңбектері Беларусь топырағында күллі ғалам назарына ілікті. Аталмыш көрмеге елімізден қатысқан он делегаттың қатарында облыстың бас кітапханашысы – Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, «Кітапхана ісінің үздігі», «Мейірім» төсбелгілерінің иегері Шолпан Оразаева да болды. Жақында Шолпан Қуанышқалиқызымен жүздесіп, халықаралық кітап көрмесінен алған әсерін сұраған едік.
– Шолпан Қуанышқалиқызы, облыстық кітапхана – республикадағы тарихы тереңде жатқан, ең ірі 400 мың данаға жеткен дәстүрлі және дәстүрлі емес тасымалдаушы қорды сақтаушы кітапхана. Таяуда ғана әлем назарын аударған халықаралық көрмеге ел намысын ту етіп, қатысып келдіңіз. Алдымен халықаралық көрмеден алған әсеріңізбен бөліссеңіз…
– Кітапхананың мықтылығы – оның сұранысқа иелігінде. Кітапхана қабырғасында ұйымдастырылып отыратын ақынжазушылар, танымал тұлғалармен қызықты кездесулер, жаңа кітаптың тұсаукесері, қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі, өзекті мәселелерге байланысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелдер, түрлі мүдделілік клубтары, оқырмандар арасында кітапхананың мәртебесін өсіріп, оларды кітапханаға қызықтырып, ерекше бір күшпен тартып отырады. Осы орайда Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының еліміздегі алдыңғы қатарлы кітапханалар сапында екенін айтпаудың жөні жоқ. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді. Таяуда ақпанның 18-21 күндері аралығында Белоруссия мемлекетінің Минск қаласына үлкен шараға қатысып келдім. Бұл 28-ші халықаралық кітап көрмесі «Кітап адамзат пен елдерді біріктіреді» деп аталды. Осы жа- уапты жорықта Қазақстан делегациясы құрамына енгеніме өте қатты қуаныштымын. Солтүстік Қазақстаннан, Шымкент қаласынан жалпы он кітапханашы үлкен шараға еліміздің атынан қатысып келдік. Әлемдік деңгейдегі көрмеге 22 елдің кітап баспалары мен кітапханашылары келді. Көбі – баспа өкілдері. Алдымен Белоруссия еліне барғанымызда Қазақстанның Белоруссиядағы төтенше және өкілетті елшісі Асқар Бейсембаевпен кездесіп, мақсатымыз, кітаптарымыз туралы айтып бердік. Іссапарымызда елшілік бізді көліктермен толықтай қамтамасыз етті. Алғашқы күні көрмеге кітаптарымызды орналастырдық. Келесі күні ашылуы өтті. Қазақстаннан Абай мен Жамбылдан бастап, ең құнды кітаптарымыз осы көрменің төрінен табылды. Ұлттық академиялық кітапхана К.Мәсімов жеке кітап қорынан сыйлаған «Құран» кітабын апарды. Жалпы Қазақстаннан 500-ден аса кітап көрмеге қойылды. Ол кітаптарды елшілікке және Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы» ашылып, сонда апардық. Орталықтың ашылуында кітапхананың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Роман Матульский біздің кітап қорымызға жоғары бағасын берді. Ал кітап көрмесін салтанатты түрде Беларусь Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Рыженков, Ақпарат министрі Игорь Луцкий, Жазушылар Одағының төрағасы Николай Чергинец, Мемлекеттік хатшы Григорий Рапота, Президенттің арнайы өкілі Михаил Швыдкой ашып берді. Көрменің ашылу рәсіміне ТМД мемлекеттерінің өкілдері қатысты. «Бізбен бірге осынау қуанышты сәтті бөлісіп отырған көрме қатысушыларына, жазушыларға, шетелдік елшіліктердің өкілдеріне алғыс білдіремін. Біздің кітап көрмеміз құрылған сәттен бас- тап үздіксіз өтіп келе жатыр. Биылғы жаһанды үрейлендірген пандемия да бізге кедергі бола алмады. Біз Беларусь халқының және әлем жұртының қатарында жаңа кітаптармен танысу үшін осы көрмені асыға күттік» деді М.Рыженков. Халықаралық Минск кітап көрме-жәрмеңкесіне жиырма мемлекет қатысып отырғанымен, онлайн форматтағы трансляция күшімен дүние жүзіне таралды. Дәстүр бойынша Халықаралық Минск кітап көрме-жәрмеңкесі аясында «Жазушы және уақыт» атты халықаралық симпозиум өтті.
– 22 мемлекет қатысқан айтулы көрмеде қазақстандық жазушылардың кітаптарына сұраныс қандай деңгейде болды? Батыс өңірінен қандай ақын-жазушылардың еңбегі әлемдік көрмеден орын тапты?
– Біздің көрмеміз өте жоғары бағаланды. Кітаптарымызды барлық мемлекеттердің баспа өкілдері келіп қарады. Бәрі дерлік «Сатпайсыңдар ма?» деп сұрайды. Біз – кітапханашылар тек насихаттаймыз. Сондықтан бізде сату мүмкіндігі болған жоқ. Ал басқа елдерден арнайы кітап баспалары барғандықтан, олар кітап сатумен де айналысты. Сонда мені таң қалдырған көрініс – беларусь халқының кітаптарды қалың кезекке тұрып, саудалап жатқаны. Осылай таласа кітап оқитын халық тек осылар-ау деген ой қалды көкейімде. Беларусь елі шағын болғанымен, оларда полиграфиялық кітап баспасы, типография көп екен. Полиграфиялық базасы бай. Кітап көрмелерінен бөлек, ақын-жазушылар өздерінің кездесулерін, кітаптарының таныстырылымын өткізсе, композиторлар шығармашылығымен таныстырды. Осыларды тамашалауға қарияларға дейін таңнан келіп, күтіп отырды. Батысқазақстандық жергілікті ақын-жазушылардан Қайрат Жұмағалиев, Қадыр Мырза Әли, Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Ғайсағали Сейтақ, Болат Шәкімов, Мира Шүйіншәлиева, Мұнайдар Балмолда, Рауан Сисенбаевтың кітаптары, Батыс Қазақстан энциклопедиясы, «Кітапхана және уақыт» тарихи кітабы, «Бөкей ордасы хандығы» бес томдығы және өзге де соғыс туралы жинақтар Минскінің төріндегі көрмеден орын тапты. Жұртшылықтың назарын еріксіз аударды. Осы елде тұратын қандастарымыз отбасыларымен келіп, көрмені қызықтады. Оларға шағын кітапшалар мен буклеттерімізді сыйға тарттық. 1941 жылы Беларусь ақыны Змитрок Бядуля эвакуация кезінде Оралда дүниеден өтіп, пойыздан түсіріп, осында жерленіпті. Сол ақынға арналған буклетті апарған болатынмын. 2001 жылы Белоруссияның Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі Л.Пакуш біздің кітапханаға келіп, ақынның бірнеше кітабын сыйлаған еді. Сол кітап арқылы буклет шығарып, кітаптарын насихаттап, зиратына барған едік. 2020 жылы Белоруссияның Жазушылар ұйымы мен ұрпағы ақынның сүйегін Минскіге әкеткен болатын. Бұл жорықта бізден нақты мәліметтер алып, байланыс жасайтын болды. Биыл Белоруссия мемлекетінің ТМД елдері қатарына енгеніне 30 жыл болыпты. Көрме осы атаулы датаға бағытталыпты.
– Шолпан Қуанышқалиқызы, Беларусь халқының кітапқұмарлығын айтып қалдыңыз, ал кітапханаларының артықшылығы бар ма? Жалпы бұл сапардан не түйдіңіз?
– Белоруссия елінен үлкен әсермен оралдым. Кітапханаларының бізден артықшылықтары жетерлік, оқырмандары көп. Әсіресе, іргесіндегі шет елдерден келіп кітап оқитындар нөпірі басым. Біз де барымызша ол елде ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді паш еттік. Ең бастысы, біздің көрмеге апарған кітаптарымыз Белоруссияның каталогтарына енгізіледі. Сол елде білім алып жүрген студенттеріміз оқитын болады. Тағы бір сүйсінгеніміз, ол елде жазушылар ұйымының жұмысы жоғары деңгейде жолға қойылған. Осындай халықаралық деңгейдегі кітап көрмесіне алғаш баруым. Масштабы кең, ұйымдастырылуы жоғары деңгейде екенін мойындадық. Сондай-ақ халқы өте ашық, мейірімді. Қазақтардың дәстүріне, ұлттық бұйымдарына, яғни сыйға апарған ұлттық нақыштағы қолөнерлерімізге қатты сүйсінді. Бұрын егемендік алған жылдары полиграфиялық базамыз ескі болатын. Осындай деңгейдегі көрмелерге баруға ұялатынбыз. Бұл жолы базамыз жаңа болғандықтан, өзгелермен тереземіз тең. Ешқандай кемшін тұстарымыз байқалмады. Әрине, әттеген-ай деген жағдайлар бар. Яғни, Белоруссияның Ұлттық кітапханасының заманауи үлгіде жабдықталғанын көргенде, еріксіз таңдай қақтық. Біздің Ұлттық кітапханамыз да 2006 жылы салынған. Бірақ, оларда жаңа технологияның бәрі енгізілген. Кітапхананың сыртқы бейнесі гауһар тастан жасалған, ішінде тіптен, бассейні бар. Стилі бөлек. Біз ол кітапханамен тығыз байланыстамыз деп айта аламын. Оған себеп бар. Былтыр Жұбан ақынның 100 жылдығына орай «Жұбан ұрпақтар жүрегінде» тақырыбында бейнежоба дайындаған едік. Жобаны бүкіл ТМД елдеріне жібердік. Сол кезде бірінші болып қызығушылық танытқан Белоруссия елі болатын. Кешегі шарада осы жобаға қатысқандары үшін арнайы алғысымды білдіруге мүмкіндік алдым. Сонда олар да Жұбан шығармашылығына үлкен ізденіс жасағандарын байқадық. Таң қалғаным, Беларусь кітапханашысы бүкіл жобамызды жатқа айтып, Жұбан жобасына қатысқандарын мақтанышпен жеткізді. Сол сәтте кеудемізді мақтаныш кернеп, біз де ерекше толқыдық. Іссапар барысында Ұлттық кітапхана мен Беларусь Ұлттық кітапханасы арасында меморандумға қол қойылды. Болашақта қарым-қатынасымыз нығаяды деген сенім бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу