ҚАЗАҚ КҮРЕСІ МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНЕДІ
Қазақтың ұлттық өнері – қазақ күресін дамытуға айрықша назар аударылып, мектеп бағдарламасына енгізу көзделіп отыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерде апробациядан өткізу басталған. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған Қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленген. Ұлттық спорт өнерін өңірде дамыту мәселесі республикалық жауынгерлік өнер ассоциациясының өкілдерімен болған кездесуде талқыланды.

Өткен жылы бүкіләлемдік, халықаралық, республикалық федерацияларды біріктірумен Qazaq kuresi қауымдастығы құрылды. Бұл – федерацияларды бірыңғай орталықтандырылған басқару ұйымына айналдыру мақсатында біріктірілген. Осы ұйым өңірлерде, еліміздің әр түкпірінде ұлттық спортымызды дамытуға, республикалық, халықаралық аренада ұлттық өнерімізді танытуға жұмыстанатын болады.
– «Qazaq kuresi» академиясының негізгі мақсаты – ғылыми-практикалық базаны күшейту, оқу бағдарламаларын іске асыру, мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру. Қазір ғылыми топтар құрылып, осы бағытта жұмыстар жасауда. Ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі көтерілген заңнама шықты. Қандай тәртіпте болатыны жөнінде жұмыстар жасалады. Әзірге академия тарапынан Нұр-Сұлтан қаласындағы 23 мектепте вариативтік негізде апробациялық жұмыстарды бастадық. Екіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге бір жылдық іс-шара жоспары бекітілді. Ендігі мәселе – облыстардағы федерациялардың жұмысын біріздендіру, ассоциацияның стартегиясына орай жұмыстандыру, өңірлерде қазақ күресі клубтарын ашу, – деп түсіндірді Qazaq kuresi қауымдастығының басқарушы директоры, Қазақ күресі бойынша phD докторы Ербол Мырзабосынов. Әсіресе клуб, үйірмелердің ауылдық елдімекендерде жұмыс жасап, оларға кілем алынып, спортшы палуандардың беренмен қамтамасыз етілуі маңызды.
Иә, аталған спорт түрін өз ағымында дамытуға көңіл бөлінуі қажет-ақ. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров атап өткендей, қазақ күресінің арнаулы киімінен бастап күрестің ережесін ортақ негізде біріздендіріп бекіту керек. Бұған дейін қазақ күресіне палуандар қысқа кеудеше, шолақ шалбармен шыққан болса, жарты жыл өткен соң, 10 см-ге ұзын үлгіге өзгертіліп, қайтадан әр өңір жаңа киім алуға мәжбүр болған. Сондай-ақ самбода киілетін аяқ киіммен кілемге шығып жүрген болса, енді жаңа талап бойынша жалаң аяқ шығуы керек. Осы сынды бір ізге түспеген киім үлгісі спортшыларға да, күреске келіп жүрген балалардың ата-аналарына да қолайсыздық тудырғаны жасырын емес.
– Киімі – қызыл және көк түсті. Бұл самбодан келген киім, аяқ киімі де сол самбодан келді. Сондықтан өзіндік үлгі қалыптастыру маңызды. Ал «берен» деген атауы үйлесімді. Одан бөлек ережесі өзгерді. Менің ұсынысым – қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде дайындалған ереже керек. Мектептерде күрес сабақтарын жүргізу үшін ең бастысы ереже болуы тиіс. Әрі ол ереженің үлкенімен қатар қалтаға салуға ыңғайлы шағын брашуралық кітапша түрінде дайындалғаны жөн. Шетелдік спортшы-жаттықтырушылар ереже кітапшасын үнемі жандарында ұстап жүреді. Біздің де жаттықтырушылар даулы жағдайларда қалтадан ережені шығарып, дәлелді түрде көрсете алатындай болуы керек, – деген Қаймен Есенаманұлы киім үлгісі мен ережені бекітіп, аудандарға жіберу қажет екенін айтты.
ҚР жауынгерлік өнер қауымдастығы және Qazaq kuresi қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаевтың айтуынша, қазақ күресін стратегиялық тұрғыда ілгерілету және танымал ету үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде іске асатын «Qazaq kuresi» арнайы жобасы әзірленген. Қауымдастық чемпиондарды даярлауға, қазақ күресінен палуандарды танытуға айрықша көңіл бөлмек. Осы орайда жаттықтырушылармен жұмыс – назарда болады. Сол себепті қолданыстағы заңнамаға «жаттықтырушылық қызметті лицензиялау туралы» өзгеріс енгізуге жоба дайындалуда. Өйткені елімізде жаттықтырушылық қызметке байланысты түсініксіз жайттар бар. Мәселен, түзету мекемесінен бостандыққа шыққан азаматтың секциялар ашып, жеткіншектермен жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Сондықтан алдағы уақытта, жаттықтырушыларды оқыту, даярлықтан өткізу, дамыту, жаттығулары қатаң бақылауға алынады.
– Жаттықтырушы педагог болуы тиіс. Тек спорт жағынан ғана емес, шәкірттерін отансүйгіштікке, қоғамға құрметпен қарауға, қайырымдылыққа тәрбиелейтін маман болуы керек. Спортшылардың басым бөлігі дінге сенімі жоғары жандар боп келетіні белгілі. Болашағы жарқын спортшыларымызды жіберіп алып жатқанымызды да жасырмаймыз. Осы ретте жас ұландарымыздың дұрыс бағытта ілім алуына ұйтқы болуымыз керек. Спорттық ұйымдарға дін мамандарымен, теологтармен бірлескен жұмысты жандандыру маңызды болып тұр, – деді Абат Саматұлы.
Бұдан бөлек елі ішінде өзіндік бренд қалыптастырып үлгерген «Қазақстан барысы» жобасы арқылы қазақ күресін көтеру қолға алынады. 10 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирі бұған дейін ауыр салмақтағы палуандар арасында ғана өткізіліп келген болатын. Дегенмен, антропометрия бойынша тағы жеті салмақ бар. Қазақ күресінен бұқаралық сипаттың сақталмауының басты себебінің бірі – ауыр салмақтағы палуандар арасындағы күреске басымдық беріліп, жүлденің тек соларға тігілуі. Енді ассоциация әр салмақ бойынша бас палуанды анықтау, қаржыландыру, оларды танымал ету мақсатындағы жұмысты жолға қоймақ. Бұл турнир жыл соңында өткізіледі. Жыл бойы сегіз салмақ бойынша ондыққа кірген палуандар күресіп, әр салмақ дәрежесіндегі бас палуан анықталады.
Айта кетейік, өткен аптада облыс орталығында жауынгерлік өнер ассоциациясының спорт мектебі өз жұмысын бастады. Бірер айдан соң қазақ күресінен клуб ашылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылады
Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады
БҚО-да сұйытылған мұнай газымен қамту мәселесі тұрақты бақылауда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы: ашықтық, цифрландыру және қоғаммен әріптестік
Олжас Бектенов обсудил с руководством Air Products сотрудничество в сферах газохимии и промышленных технологий
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда
Оралда «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім комьюнити орталығы ашылды
Минобороны Казахстана обновило правила выплат военнослужащим: что изменилось
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабу: заң талабы және қауіпсіздік
«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты жаңа деңгейге көтерілуде
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форум аясында көрме ұйымдастырылды
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды

Кіру
Пікір үстеу