ТАРИХҚА САЯСАТ ҚЫСЫМ ЖАСАСА, ОЛ – ҚИЯНАТ
Бүгінде елімізде республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 231 қоғамдық кеңес бар. Олардың төрт мыңға жуық мүшесі бар. Қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру бойынша заң жобасы талқыланып, осы кеңестердің қызметін қаржылық, әрі материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жақында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекет пен қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешовті есте қалдыру жөніндегі ұсыныстар тыңдалды. Жиынға бүкіл облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары мен қаладағы жоғары оқу орындарының ғалым, профессорлары мен оқытушылары қатысты. Кеңес отырысын облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов жүргізді. Күн тәртібінде өңіріміздің асыл перзенті Сейітқали Меңдешовтің ғибратқа толы өмір жолы мен тұлғалық болмысы кеңінен шертілді. Мінбеден сөз алған қоғамдық кеңес мүшесі, доцент, тарих ғалымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев өңірімізде ең мықты аласармайтын екі алып тұлға болса, солардың бірі – қоғам және мемлекет қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары Сейітқали Меңдешұлы Меңдешов пен Ораз Жанұзақұлы Исаев екенін атап өтті. – Академик Қажым Жұмалиев өз естелігінде «Адамдарды шексіз сүйетін қайырымды, үлкен жүректі жан» десе, академик, жазушы Сәбит Мұқанов «Соғыс коммунизмі аталатын ауыр жылдарда ұдайы бес жыл қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болған ол республиканы қиындықтан алып шығуға, экономикасын, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірді» деп атап көрсетті. С.Меңдешов туралы ғалым, тарихшы Исатай Кенжалиев өзінің бір мақаласында «Сейітқали Меңдешов – университет Махамбет Өтемісұлы аталмай тұрып, Орал педагогикалық институтының ашылуына мұрындық болған, жергілікті жерде қазақ драма театрының ұйымдастырылуына өз үлесін қосқан тұлғалардың бірі» деп жазған еді. Осы ретте жоғары, мектеп, колледждерге, оқу орындарына Сейітқали Меңдешовтің атын беру сұранып тұр, – деп өз ұсынысын жеткізді Жаңабек Жаңабайұлы.
Ғалым, профессор, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков тек қана мерейтой қарсаңында ғана тарихи тұлғаларды ұлықтауымыз – тарих үшін ұят нәрсе екенін жеткізді. – Тарихтың міндеті – сол мемлекеттің тарихында болған тарихи тұлғаларды шынайы ұлықтап, халыққа жеткізу, міне сонда ғана тарих өзінің міндетін атқара алады, ал егерде тарихқа саясат қысым жасайтын болса, белгілі тапсырыспен тарихи оқиғалар баяндалса, ол – қиянат, мерейтой қарсаңында ғана тарихи тұлғаларды ұлықтауымыз – тарих үшін ұят нәрсе. Кезінде мұғалімдіктен бастап, өз өмірін революциялық іс-әрекетке жалғаған С.Меңдешов біздің Бөкейордадағы кеңес үкіметін орнатуға қатысты деген қысқаша мәлімет болды. С.Меңдешовтің уақытша Үкіметті қолдағаны рас, бірақ Санкт-Петербургке барып, революциялық қозғалысты өз көзімен көріп, соған қатысып қайтқаннан кейін С.Меңдешов туралы көзқарас өзгерді. Ал тоғыз жыл үкіметті басқарған Ораз Исаевпен, Голощекинмен бірігіп, біраз қателіктер жасады. Бірақ қателеспейтін адам жоқ. О.Исаев сол қателіктерін жою үшін біраз жұмыстанды.1938 жылы О.Исаевты Мәскеу қаласына шақырып, жолда тұтқындап, халық жауы ретінде көзін жойды. Осы екі тұлғаны сөз ете келе, біз мемлекет және қоғам қайраткері Әбдрахман Әйтиевті ұмытып кете береміз. Әбдрахман Әйтиевтің тағдыры мүлдем қиын. Алаштықтардың жолы бір бөлек болса, революционерлердің жолы бір бөлек. Үшеуі де Кеңес өкіметіне адал қызмет етті, қазақ мемлекетінің территориялық бірлестігіне көп күш салған адамдар, оңтүстік және солтүстік облыстарды қосу – осы тұлғалардың күші, жүргізген жұмыстары, – деген Тұяқбай Зейітұлы тек тарихшыларды ғана емес, жалпы барша тарихқа қызығатын жандарды тарихты зерттеуге шақырды.
Өз кезегінде алаштанушы, тарих ғалымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова: – Сейітқали Меңдешовті көп зерттеген ұстазымыз Бақтығұл Бірімжанов болды. Сол кісінің еңбектерін жинастырып, құрастырып, «Бөкей ордасының тарихы» деген кітап шығардық. Кітапта С.Меңдешов туралы өзекті мәселелер айтылды. Келер жылы Социалистік Кеңес Республикасының құрылғанына 100 жыл толады, қазақ мемлекетінің жаңа кезеңі басталады, – дей келіп, осы тұста КСРО-ның орталық атқару комитетінің бірінші төрағасы Сейітқали Меңдешов жөнінде сыр шертер ғылыми айналымға тартылмаған мұрағат құжаттарын жинақтау, монография кітабын басып шығару, көшелерге Сейітқали Меңдешовтің атын беру туралы ұсыныстарын білдірді. Жиналғандар Сейітқали Меңдешовке арнап қаладағы жоғары оқу орындары республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізсе деген ойларын да ортаға салды. Сейітқали Меңдешов есімін кеңінен ұлықтау жөніндегі тарихшылардың ұсыныстарын қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдап, құзырлы органдарға хат жолдайтындарын айтты.
Бұдан соң жиынның күн тәртібіне сай «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттер түсімдері және Ұлттық Қоры есебінен – 5,3 млрд. теңгені құраса, шығыстарда тұрғын-үй құрылысына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға – 5,3 млрд. теңгені, шығыстарда тұрғын-үй құрылысына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға – 5,3 млрд.теңге, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға – 269,2 млн. теңге қарастырылып отыр. Қаратөбе ауданына газ құбыры желілерін пайдалануды ұйымдастыруға және Қазталов ауданының тоғыз ауылын газбен жабдықтау құрылысын аяқтауға 132 млн. теңге бағыттау жоспарлануда. Облыстық бюджет, кірістер мен шығыстар бойынша – 186,2 млрд. теңгені құрайды.
Үшінші мәселе бойынша Батыс Қазақстан облысы мәслихатының «Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» шешімінің жобасы қаралды.
Халық пен билік арасын жалғап, халықтың сөзін жоғары билікке жеткізу үшін құрылған қоғамдық кеңестің жүгі ауыр. «Дамитын елдің халқы – саясатшыл болады, дамымайтын елдің халқы – саяхатшыл болады» демекші, қоғамдық кеңесте қаралған әрбір мәселе биліктің жоғарғы бұтағына жетеді деген ойдамыз.
Мейрамгүл ХАСАНОВА, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі
Версия для печати
Пікір үстеу