7-20-25: 154 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстық қоғамдық кеңес мүшелері алдында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жасалған жұмыстар жөнінде есеп берді. Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өткен облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысына облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, Орал қалалық және аудандық мәслихат хатшылары, облыста тіркелген саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысты.
– Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады. Соңғы үш жылда бұл саладағы өсім 73 млрд. теңге, тек өткен жылдың өзінде өсім 48 млрд. теңгені немесе 11,5% -ды құрады. Ал еңбек өнімділігі 22% -ға өсті. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 30% -ға, дайын металл бұйымдары 72% -ға өсті. Мамыр айында Мемлекет басшысы 6 ірі кәсіпорынның жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Мәселен, «Зенит» және «Гидроприбор» зауыттары басшылығы өндіріс қуаттылығын арттыру бойынша үшжылдық келісімге қол қойды. «Конденсат» АҚ зауытына отын жеткізуде Энергетика министрлігімен кесте бекітілді. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ еуропалық компаниялармен жаңа технологияларды игеру жолдарын қарастыруда. Ал «Омега», «Оралтрансформаторзауыты» аумағында екінші зауыт құрылысы жоспарлануда. «Квант» компаниясы өнімдерінің ассортиментін кеңейту үшін «Қазақстанның даму банкімен» келісімге қол қойылды, – деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.
Облыс әкімінің баяндауынша, индустрияландыру картасы бойынша 10 млрд. теңгеге 300 жұмыс орнын құратын 10 жоба енгізілген. Оның біреуі шетелдік капитал арқылы жүзеге асты. Жыл қорытындысы бойынша бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызуға қатысты Теректі ауданы еліміздің 160 ауданының ішінен үздік шыққан. Бұдан өзге Шыңғырлау және Бәйтерек аудандары 15 үздік аудан құрамына енді. Шағын және орта бизнесте өнім шығару 1 трлн. Теңгені құраған. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп отыр. Бұл салада өңірдің 116 мыңдай тұрғыны еңбек етіп келеді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгеден астқан. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің саны артқаны байқалады. Мал басының өсуі ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Есепті кезеңде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша 4 кәсіпорын іске қосылды. Олар «Желаев нан өнімдері комбинаты» макарон фабрикасы, «Кублей» ЖШС жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеу зауыты, «Теректі май комбинаты» ЖШС май өндіру, «ПОШ-Руно» ЖШС-тері өңдеу. Соңғы 4 жылдың өзінде 8 ірі ирригациялық нысан қалпына келтірілген. Сонымен бірге 1 млн. гектар пайдаланылмаған жер мемлекеттік меншікке қайтарылып, жер учаскелері электрондық аукциондар арқылы берілетін болды.
– Ағымдағы жылы «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында 36,3 млрд. теңге бөлінді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, шалғай аудандарды қаламен байланыстыратын автожолдарды салу жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Республикалық маңызға ие Орынборға дейінгі 144 шақырым жолын қайта жаңғырту бойынша «Қазавтожолдың» қатысуымен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды, жол құрылысын биыл бастау жоспарлануда. Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына апаратын 275 шақырым – республикалық маңызды автожол құрылысына, «Қазавтожол» күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Жол құрылысы осы жылда басталады. Алдағы 3 жылдың ішінде жол салынады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 432 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Облыс тұрғындарына соңғы үш жылда 1 млн. шаршы метрден аса үй берілді, – деген облыс басшысы Алтай Көлгінов апатты үйлердің орнына жаңа үйлердің құрылысы да қарқынды жүруде екенін, сүрілген 11 үйдің орнына 7 жаңа тұрғын үй салынып жатқанын атап өтті. Осы орайда үш үй пайдалануға беріліп, 52 отбасы баспаналы болған. «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде 154 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізген. Сондай-ақ өңір басшысы ауылдарға ауыз су, көгілдір отын жеткізу, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында атқарылған игі жұмыстарды жеткізді.
Бұдан соң жиынның күн тәртібіне сай, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар облыстық мәслихат депутаттарының өткен жылы атқарған жұмыстарын саралады. Жалпы, өткен жыл ішінде облыстық мәслихаттың 6 сессиясы, мәслихаттың тұрақты комиссиялардың 23 отырысы өтіп, онда 135 мәселе қаралған. Облыстық мәслихаттың барлық депутаттары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіруде. Депутаттар бағдарламада айқындалған міндеттердің орындалуына, аумақтың дамуына жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында, демеушілік көрсетіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды өз қаражаттарына салып, пайдалануға берген. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаев Бәйтерек ауданының Мичурин ауылдық округінде «Саят» этнотуристік орталығын ашты. Депутат, кәсіпкер Жаслан Жақыпов қала орталығындағы Т.Масин көшесіндегі шағын демалыс саябағын қайта жаңғыртып, жөндеуден өткізіп, халықтың бос уақытында еркін демалуына, балалардың ойнауларына жағдай жасап берді. Депутат Мадияр Байжанов Шыңғырлау ауданы орталығында өз қаражаты есебінен «Бизнес орталығын» салуда екен, ол жақын арада пайдалануға берілмек. Оның ішінде жастар жұмыспен қамтылып, әр түрлі кеңесші орталықтар жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда.
Амангелді Таспихов Орал қаласында жаңа спорт кешенін салса, Иван Енютин Зашаған кентіндегі отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы үйлерге мүгедектерге арналған пандустар орнатса, депутат Ляна Тұрсынова сол балалар ауылындағы бір үйді көп жылдар бойы өзінің қамқорлығына алып, көмектесіп келеді. Ал, кәсіпкер Аветик Амирханян аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, қаладағы 6 шағынауданнан арнайы алаң мен Бәйтерек ауданы орталығынан саябақ салып берген. Нұрғазы Сәтпаев Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында тұратын мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған жанұяға толық жиhазымен жаңа үй салып берсе, Құсайын Мұқанов Қаратөбе ауданында ауылдарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыруға демеушілік жасауда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» атты кіші бағдарламаларға облыстық мәслихат депутаттары түгелдей атсалысып өз көмектерін беріп жүр.
Жиында сондай-ақ облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов кеңестің үш жылда атқарған қызметтері туралы мәлімдеді. Бүгінде қоғамдық кеңес құрамында 38 адам бар. Үш жыл ішінде облыстық қоғамдық кеңес және оның төралқасы қоғамымызды толғандыратын мәселелерге дер кезінде көңіл бөліп, уақытында отырыстарында талқылап отырған. Үш жыл ішінде 60 төралқа отырысы өткен. Жиын соңында облыстық, қалалық қоғамдық кеңестің белсенді мүшелері облыс әкімінің, облыстық мәслихат, облыстық қоғамдық кеңес төрағаларының алғыс хаттарымен марапатталды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу