12 жасар Ислам Қабдоллов ЖЫЛ ҮЗДІГІ АТАНДЫ
Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында жылдың үздік спортшылары марапатталды.
Биыл 11 жасында батуттық гимнастикадан Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Ислам Қабдоллов «Жыл серпілісі» аталымымен марапатталды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, биылғы жыл өңір спортшылары үшін жемісті болды.
Соның ішінде жуырда, Тәуелсіздік күні 12-ге толған Ислам жасөспірімдер арасында өңірде алғаш рет спорттық акробатикадан әлем чемпионы атанды.
«Ислам Қабдоллов болашағынан үлкен үміт күттіреді. Біз осындай жас жеткіншектерімізді қолдауымыз керек. Ислам бапкері Альберт Тілепқалиевпен бірге әлі талай жеңіске қол жеткізеді деп ойлаймын», деді Қ.Есендияров.
Сондай-ақ дзюдошы Карина Такиева «Үміт артар спортшы», Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі «Бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», волейболдан «Грация-KZ» клубы «Үздік команда», Қасым Қаженов «Үздік бапкер», №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Үздік спорттық ұйым», паратаеквондодан әлем чемпионы Мәлік Мұқашев «Паралимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» атанды.
Сол секілді тоғызқұмалақтан Азия чемпионы Жарасхан Сағынбаев «Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы», грэпплинг шебері Зайреден Мұхамбетжанов «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен үздік спортшы», шорт-тректен 2021 жылғы әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері Әділ Ғалиахметов «Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшы», бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбит «Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымы бойынша үздік шықты.
Қорытынды іс-шара барысында спорт саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ведомстволық наградасымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының алғысхаттарымен марапатталды.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде облыста дене шынықтыру мен спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 232 680 адамға жетті. Бұл – өңір халқының 35 пайызы.
2021 жылы облыс спортшылары түрлі додаларда 1071 медаль жеңіп алды. Соның ішінде әлем чемпионатында 14 алтын, 7 күміс, 6 қола, Азия біріншілігінде 8 алтын, 8 күміс, 3 қола жүлдеге ие болды.
https://lenta.inform.kz/kz/12-zhasar-alem-chempiony-islam-kabdollov-zhyl-uzdigi-atandy_a3879624
Версия для печати
Пікір үстеу