8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2022 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
05 Тамыз 2022 1457 0
Еске алу

Менің МЕРУЕРТ апайым! (қаз-қалпында)

«- Әу, сендер бұл жақта қайдан жүрсіңдер? Сендерді мұнда кім салып кетті?
– Мама, өзіңсіз өмір сүру қиын екен! Сені көрмей күн кешу мүмкін емес!
– Балапандарым – ай! Құлындарым-ай! Сендерге не болған сонша жабырқап?! Мықты едіңдер ғой. Мықты етіп өсіріп едім ғой… Мені қашанғы қастарыңда ұстайсыңдар? Қартайып, кәрілік жеңіп…
– Бұлай демеші мама! Біз сенсіз өмір сүре алмаймыз! Сен бізге керексің! Жанымыз- да, жүрегімізде өзіңмен бірге соққан соң қасыңа біржолата келдік.
– Апырмай, ә?! Айтпақшы, Светогым қайда? Аман ба?
– Аман, мама, аман! Уайымдама! Дәрігер қызың әлі қаншама науқасты емдеуі керек. Мойнында әлі қаншама жүк бар! Ал, біз, Сайын екеуміз үйдің есігін мұқият кілттедікте өзіңе қарай құрақ ұштық. Біз үшеуміз бір-бірімізден айырылып көрмеп едік қой. Енді мүлдем айырылмаймыз!
– Ей, жандарым сол… Анау, үстіне ақ көйлек киген Динок пе? Көзім қарауытып дұрыс тани алмай тұрмын.
-Иә, иә. Дина ғой, Дина! Ол да осында ғой. Үшеумізді көріп қалып бізге қарай келе жатыр…»
Иә, Меруерт апайды ойлаған сайын, есіме алған сайын құлағыма осы сөз, көз алдыма осы көрніс келеді де тұрады. Былтыр дәл осындай уақытта арамыздан ұзап, бейіт жаққа бет түзеген ғасыр анасы – Меруерт Жолдықайырованы іле-шала ұл-қызы Сайын мен Ботакөз іздеп шыққан секілді, соңынан қуып жеткен секілді болады да тұрады. Тағдырдың ісі! Жазмыш десек те анасынан емге айырылмаған, қайран шешеден көз жазып қалғысы келмеген Ботакөз бен Сайынның соңғы сапары тегіннен тегін еместей сезіледі…


🌹Менің Меруерт апайым! Меруерт Жолдықайырова! Бұл кісіні, бұл есімді білмейтін жан жоқ шығар, Алты алашта! Кеше біз, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті болып, Ақ Жайығы болып «Балзия» мейрамханасында өткен бір жылдық асында Ғасыр Адамын және Дина, Ботакөз, Сайынды емірене еске алдық! Батыс Қазақстандағы тұңғыш психология ғылымының кандидаты, доцент, Ресей ПҒА-ның корреспондент-мүшесі Ботакөз Ибатқызы мен туған бауыры Сайын Ибатұлына Оралдағы бірінші қалалық емхананың жоғары санатты терапевт – дәрігері Светлана Ибатқызы ас беріп, Құран бағыштады. Ақұштап Бақтыгереева, Тұяқбай Рысбеков, Вячеслав Качало бастаған бір топ зиялы қауым, дәрігерлер көңілде сыздаған сағыныштың сазын шертіп, жаны жәннатта болғыр жарықтықтар жайлы сыр бөлісті.
Ағыстай аққан өмір – өзен өткен 2021 жылдың тамызында Сәрсенбаевтар шаңырағын теңселтіп, ел-жұртын есеңгіретіп тастағаны елге мәлім. Бір әулеттен, бір үйден Меруерт апайым аттанды! Жамбасы жерге тиіп, ақ жүзін қара топырақ жапқанда қызы Ботакөз көз жұмды. Көп ұзамай ұлы Сайын да о дүниелік болды. «Құдайға не жаздық?» деп сыңсып жылаған Светлана апамыз қайғы жұтып, жалғыз өзі қала берді. Өйт – кені, 2020 жылдың желтоқсанында Меруерт апайдың сүт кенжесі Дина ойламаған тұстан мәңгілікке сапар шеккен-ді. Мәскеу қаласында білім алып, алып шаһарда ғылым докторы атанып, медицина саласын бағындырған, өзге елде білімін мойындатқан, талай науқастың сырқатына шипа іздеген фитотерапевт, галатерапевт, иглорефлексотерапевт, пульмонолог маман, қырмызыдай жап-жас Дина Ибатқызының аяқ астынан мұрттай ұшуы-тоқсанның төріндегі кейуананы бір оқпен атып ұшырғандай еді. Жүрегіне тиген оқтан айыға алмай көз жасын көл еткен Меруерт анамыз: «Қартайған шағымда көз алдымнан Динамды әкеткенің не, о, Жаратқан?! Онсызда берген соққың аз емес еді ғой. Елуден енді асқан шағында жұлдыздай ағып түскен Динамның қайғысын қалай көтеремін?! Жер басып қалай жүремін» деп жабырқап еді. Налып, жүрегі сыздап еді. Кеудесінде шыбын жаны шырқыраған менің Меруерт апайым басына түскен зілдей тасты да, маңдайына тиген жұдырықты да, жүрегін жаралаған оқты да амал нешік, көтерді. Төзді. Көнді. Не шара болсын деді жазмышқа қарсы дау айта алмай. Дәл осы дерттің бәріне, қайғы-қасіреттің бәріне – Ковид кінәлі еді! Елге төнген індет, талайды жалмап әкеткен тажал – кінәлі еді! Ел басына нәубәт болып төнген аждаһаның теперіші 2021 жылдың тамызында Меруерт апайдың отбасына осылайша қырғидай тиіп еді! Бүгінде індет жалмаған төрт жан бастарын түйістіріп, Жер-Ананың төсінде жатыр…
🌹Анамыздай бауырына басты
1988 жылдан сәлемім түзу Меруерт апайым туралы ой өрбітсем, өз өмірім, өз тірлігім қамшы өргендей қатар өріледі. Себебі, «Орал педагогикалық институтының бірінші курсындағы 616-топтың кураторы Меруерт Жолдықайырова болады»- деп қазақ тілі мен әдебиет бөлімінің деканы, профессор Мәтжан Тілеужанов ағайымыз төртінші қабаттағы дәрісханаға арнайы келіп ұстазбен таныстырды. Біз үш топ, тоқсанға жуық студенттер отыр едік қазақ тілі сабағын күтіп. Ұзын бойлы, ірі денелі, кеудесін тік ұстаған, көз жанары өткір, екі беті теп-тегіс және аппақ, қоңыр түске боялған жылтыр шашын шалқасынан қайтарып желкесіне түйген, оймақтай ерніне қызыл далап жаққан, аяғында өкшесі биіктеу туфлиі бар әдемі апай сол мезетте бәрімізді өзіне баурап алды. Даусы ашық әрі анық естілді. Дәрісханадағы тақтаның алдында әрлі-берлі жүрген жүрісінен, «Сен кім баласың, қайдан келдің?» деген сауалынан бір түрлі қайраттылық, пысықтық, жігерлілік, қаталдық байқалды. Сол кезде көз алдыма қазақтың Батыр қызы Мәншүк Мәметова еріксіз елестеді. Кеудесін фашистің өртіне тосқан өр Мәншүк тап осы Меруерт Жолдықайыровадай болған шығар деп болжадым. Екі беті алтын Күннің көзіндей нұрланып, жарқыраған жанның жүрегі жылы, пейілі таза, көңілі мейірімге толы секілді сезілді бірақ та…
Менің о баста апаймен жіті таныстығым жатақхана мәселесінен басталды. Бұдан бір жыл бұрын күзде Орал пединститутының даярлық бөліміне оқуға түскен едім. Сондықтан бірінші курстың студенті атанғанда оқу орнының тәртібімен жатақхана берілмеді. Үмітті үкілеп жүргенімде сары күз келіп, қазан айы туды. Әлі күнге пәтерде тұрып жатырғанымды естіген аяулы деканым Мәтжан Тілеужанов кураторыма нақты тапсырма берді. Сөйтіп, география факультетінің деканы, «Балшыққа батқыр» деп сөйлейтін Е. Байшағанов пен Меруерт Жолдықайырова мәселені бірден шешті. Жаңадан салынған тоғыз қабаттағы жатақханадан орын әперді. Осылайша Меруерт апайдың қызындай болып кеттім. Бір күні үйіне шақырып, Динаға өз қолымен тігіп қойған көрпесін көрсетті. «Түйенің жүнін сатып алып, оны жылы матамен бірнеше рет қабаттадым. Мәскеуде күн салқын. Таяуда қар жауады ол жақта. Осы көрпені және күріш, шәй, шекер, тоқашты поштамен салып келейік» деді. Құп алдым. Содан бөлмедегі группаластарым Нұрсия Әліпқалиева, Лариса Темірова, Айгүл Малкешова және мен екі үлкен қапты ұстап алып «Қазпоштаға» қарай жаяу тарттық. Меруерт апайымыз: «Динам тоңбайтын болды. Осы аптада поселкем барса жылы көрпені жамылып ұйықтайтын болды. Мединститутты Алматыдан, иә қасымыздағы Ақтөбеден оқы деп едім. Тыңдамады» деп айтумен болды. Сонымен, Оралдан жіберген поселкеміз Москваға аман-сау жетіп, апайымыз алғысын одан сайын жаудырды.
Он жерден мидай араласып, анамыздай бауыр бассақ та апайдың мысы басатын бізді. Қаталдығы, құлаққа құйған ақыл-кеңесі үнемі жадымызда жаңғыратын. Әсіресе, қаздай тізіліп кешкі сағат жетілерде Гагарин кинотеатрына бара жатамыз. Меруерт апайдың пединституттың дәл тұсындағы үйінің балконына сүзіле, қысыла қараймыз. Көбіне Сайын аға тұрады балконда. Е, апай көрмесе болғаны дейміз қуанып. Түнгі онның шамасында және зәре жоқ. Бір-бірімізді тасалап, терезенің жақтауынан апай сығалап қарағандай қуыстанып өтеміз тап сол жерден. Қызыққа толы студенттік шақтар–ай, қайран! Ауылдан демалыстан келгенде сағына көрісумен, түрлі әдеби шараларды бірге атқарысумен, театрға қолұстасып бірге барумен, ұстаздың сабағын тыңдап, сынақ тапсырумен жүргенде төрт жылымыз жыл құсындай өте шықты. Диплом алған құрбы-достарым Меруерт апаймен қимай қоштасты. Тіпті, Айгүл Малкешова Сыр өңірінен хат жазып тұрды алғашқы жылдары. Тағдыр айдап, Меруерт апай тұрып жатқан жаңағы Достық- 160 үйдегі Шүйіншәлиевтер жанұясының келіні болып, табалдырығын аттадым. Енді студенттік өмірдегі жақындық шынайы туыстыққа айналды. Оның үстіне апайым ата-енемнің руласы, Кердерінің жабағысы болып шықсын. Үйдегі барлық жақсылықтарда, Айнұрымды бесікке салғаннан, туған күндері, мектепке бару тойы, бәрі-бәрі менің Меруерт апайымсыз өтпейтін. Атам Әділгерей Төлегенұлы «Мираның апасын шақыруды ұмытып кетпе» десе, Мақпал мамам «О, не дегенің. Меруерт апайсыз отырыс қызық болмайды. Көршісі Бикә әжеден бастап, Балзия, Бәтима, Райхан апаларды жинап келеді ертең. Ол кісі бәріміздің командиріміз ғой» дейтін. Айтқандай-ақ, Меруерт апа төрде! Қалған апа – әжелер қасында үйіріліп отыратын. Сөзді бастайтын, батаны беретін, жиынды аяқтайтын өзі еді. Ешкім алдына шыққанын, ешкім ойын бөлгенін, жолын кескенін көрмеппін. Тіпті, осы аттары аталған әжелердің кейбірінен жасы кіші болса да бәрі «Меруерт айтсын. Мақал-мәтелді көп біледі ғой. Соғыстың біткенін бірінші болып елден сүйінші сұрауы – тегін емес қой! Текті ғой!» деп дәрежесін көтеріп, төбесін көкке жеткізетін. Сөйтіп, менің Меруерт апайым ақылымен, көркімен, жан тазалығымен, парасатты ойымен айналасына шуағын шашып, жүзінен мейірім есіп, өткен өкінішін, көрген қиындығын ілезде ұмытқандай еркелейтін, назданатын, мәз болатын. Сосын мамам салып берген дастарханның дәмін қолтығына қысып: «Сайынжанның сыбағасын тездетіп апарайын. Мені күтіп отырған болар» деп үйіне жеткенше асығатын.
🌹Халқы қадірлеп, ұрпақтары аялады
Шынында, Ақ Жайығы Меруерт апайды жақсы көрді. Қадірледі. Даналығы мен даралығына, адалдығына, тәрбиесіне тәнті болды. Осы өңірді әр жылдары басқарған облыс пен қала әкімдері Меруерт Жолдықайырова дегенде алдарына жан салмады. Түрлі жиындарда, алқалы кеңестерде ең алдыңғы шептегі ардагер, «Орал қаласының құрметті азаматы» ретінде бірінші қатарда отырды. 1942 жылы Жымпиты қазақ орта мектебін бітіріп, осы жылы Орал педагогикалық институтының тіл-әдебиет бөліміне оқуға түсіп, 1946 жылы диплом алғаннан қазақ тілі мен әдебиет кафедрасына оқытушы болып арнайы қалдырылған Меруерт Жолдықайырованы барша ректорлар алақанына салып, аялап ұстады. Тоқсан жылдық тарихы бар Орал педагогикалық институтын, яғни, байырғы оқу ордасын күні бүгінге дейін қаншама ректор – азаматтар басқарса, олардың бәрі дерлік дара ұстаздың, жан әлемі бөлек ананың алдында бас иіп, махаббатына бөленді. Өзім осы институтта оқыған жылдарымнан білетінім – Тұяқбай Рысбеков, Мұрат Сдықов, Асхат Иманғалиев, Нұрлан Серғалиев сынды ректорлар ұстаздың қиындығын бірге еңсеріп, қуанышында кеудесін қызыл гүлге толтырды. Ұрпақ сабақтастығы жалғасты. Апайдың барлық торқалы тойлары Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қақ төрінде, қаумалаған оқытушылар мен студенттерінің ортасында дүркіреп өтті. Әсіресе, 2015 жылы мамыражай мамырда болған тоқсан жылдық тойы ел есінен кетпес.
Бірде күз мезгілінде БҚМУ-ға қазақтың атақты жазушысы Рахымжан Отарбаев атбасын бұрды. Маңдайына асау толқындай түсе берген қою қара шашын ұзын саусақтарымен кері ысырып қойып, топ ішіне көз жүгірткен қаламгер о дүниеге ертеректе аттанған асыл анасын іздеп тапқандай мойнын созып, босаңсып: «Меруерт апа-ау, Меруерт апа-ау» десін даусын қайта – қайта созып. «Менің жастығымның куәсі отыр ғой, бұл арада! Осы киелі шаңырақта өткен әр күнімнің күнделігі ғой, Меруерт апам! Мені оқытқан, бізге дәріс берген мықтылардың көбі мәңгі ұйқыда жатыр ғой, апа-ау! Солардың көзіндей болып, шежіресіндей болып арамызда отыра беріңізші?» деп 1977 жылдың түлегі болған жазушы ұзақ қиылып қарады кураторына. Жүрегі әлденені сезді ме екен. Шағаладай шарқ ұрып Еділ мен Жайықтың арасында жүретін жазушының да ғұмыры қысқа болды. Білімнің нұрын сепкен алтын ұясын осылайша ұстазына аманаттағандай болып еді, жарықтық!
Ардақты жан биік белеске шыққан сайын жарқын естеліктер көп айтылды. Жымпиты ауылының мектебінде бірге оқыған, балауса Меруертті көрген соғыс және еңбек ардагері Қадыр Ғайсин «Меруерт мұғалім болып жаралған. Меруерт-ұстаздықтың нағыз үлгісі. Ол бала кезінен спортты сүйді. Шахмат пен дойба ойнады. Есепке де жүйрік болды» десе, отбасымен сыйласқан Рахметолла Сүйербаев 1924 жылы наурызда Жымпитының Елтай ауылдық кеңесінде дүниеге келген Меруерт апайдың сегіз жасында, яғни, 1932 жылдың желтоқсанында анасы Айшадан, 1933 жылы қаңтарда әкесі Жолдықайырдан көз жазып қалғанын, қарт әжесі Қоңыршаның қолында алты айлық інісі Сағындықты құшақтап ботадай боздағанын, өмірдің ащысына шыңдалған арудың Құдай қосқан отағасы Ибаттың да жетпісінші жылы дәм-тұзы таусылғанын, шырылдап жүріп төрт баласын жетілдіргенін, оқытып, киіндіріп, ауқаттандырып адам қатарына қосқанын әңгімелеп берген еді қаракөз жастар алдында. Бүгінде Жайықтың осынау арыстай азаматтары да мәңгілік тыныштықта ұйықтап жатыр.
Иә, Меруерт апай туралы шәкірттерінің шырайлы ойы ұшан-теңіз. Соның бірі Болат Жексенғалиев та ұстаздың мерейі тасыған шақта: «Адамның бақыты өз қолында. Егер бақытты болғың келсе бол деген екен шығыс халықтары. Біз бақыт, бақыт деп көп айтамыз. Бақытты болу қиын емес. Күнде қасымызда жүрген Меруерт апайға қарап бақыттың не екенін ұғуға болады. Мақтанышымыз Меруерт апамыз бақытты, өте бақытты жан!» деп еді. Расында да елінің көз алдында қаумалаған әлеуметтің ықыласына бөленіп, жанұясының жанында көңілі селдіремеген, ақ қырау шаштарын ешкімге көрсетпеген Меруерт Жолдықайырова ең бақытты ана, ұстаз, тәлімгер бола білді. Әттең, елге төнген індет сол бақытты бір сәтте ұрлап әкетпегенде… Бірақ, өмірдің заңы солай. Баспалдақ секілді. Біреуді көкке көтереді, екінші біреуді төмен түсіреді. Мұз айдыны секілді ойда-жоқта таудан төмен сырғытады.
🌹 Сайын десе жаны жадырайтын
Мұңаюы да, шаттануы да тез еді апайдың. Көрші тұрған соң жиі кездесемін. Сәлемдескен бойда «Сайын ағам қалай?» деп сұраймын. Сайын ағаны айтсам жүзі жайнап, шырайланып шыға келетінін жақсы білемін. Ілезде жанарынан ытқып шыққан жасын саусағының ұшымен сілкіп тастап:
-Айналайын, бақытты бол. Сайынды айтқанда төбем көкке сәл жетпей қалады ғой, менің! Балам шүкір. Кіріп – шығып жүреді әйтеуір. Кітабын оқиды. Сайынның денсаулығына алаңдап көптен қонақта шақыра алмадым. Үйді де реттеу керек еді. Москвадан Дина заттарын салып жіберді поездбен. Кітаптан көп нәрсе жоқ. Сайынның бөлмесін жинастырайын десем, сөредегі кітаптарын қайда қоярымды білмеймін. Бір су берудің ретін таппай жүрмін, – дейді баяғы.
– Апа-ау, болдық қой, үйіңізде. Қаншама танымал адамдармен бірге қонақ жасадыңыз, – деймін шын пейіліммен.
– Әлі де шақыратын адамдарым бар еді. Осы Оралда мені бәрі таниды. Бәрі сыйлайды. Той-жиыннан қалдырмайды. Ал мен болсам соларға уақыт таппай қысылам. Бота апаң мен Светочкамда жұмыстан босамайды.
– Ештеңе етпес. Жалғыз өзіңіз. Үнемі институтта жүресіз. Сайын ағаны қарайсыз. Уақытымен тамағын беріп, дәрісін ішкізесіз.
– Ей, қарағым-ай, оны кім түсініп жатыр дейсің. «Аспанға қарап бүкір ет. Жерге қарап шүкір ет» деген. Шүкірмін ғой, әйтеуір. Балаларым қасымда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, -дейтін.
Кейде апайыммен болған қызықты сәттер есіме жиі түседі. Қаңтардың сарышұнақ аязды күні еді. Кешкі бестерде өзі шақырған соң үйіне бардым. Толтырып бауырсақ пісірді. Енді ғана шәй ішейін деп үстелге отыра бергенімізде сырттан Боташ апа келді. Тоңғаны қызарған дөңгелек жүзінен көрніп тұр. Қолын жуды да бір табақ бауырсақты алып төргі бөлмеге қарай жүгірді. Айтуынша, теледидардан қарайтын бағдарламасы басталып кетіпті. Дина әкелген бір дорба мәскеулік кәмпитті де ала кетсін.
– Мира айналайын, бұларды білесің ғой. Жастары алпысқа келсе де маған осылай еркелейді. Мен оларға мамамын! Олар маған әлі бала! Қазір саған да, Сайынжанға да тағы бауырсақ пісіремін, – деді тоңазытқыштан домаланған-домаланған қамырды алып. Сөйтіп, Меруерт апам иісі бұрқыраған бір табақ бауырсақты Сайынның бөлмесіне апарып берді. Былпылдаған тәтті бауырсақты менің де алдыма қойды. Мейірімге, шапағатқа толы қайран ана жүрегі-ай! Есейіп-ержеткен жалғыз ұлын, үш гүлін құмырадағы гүлдерді баптағандай күтетін, жылы-жұмсағын алдарына тосатын, құстың сүтінен басқасын тауып беретін Меруерт апайым жайлы айта берсем естелік көп.
🌹Тау жақта серуендеп жүргендей…
Меруерт апайымды ең соңғы рет 2021 жылдың 2- қаңтары күні көрдім. Түстен соң арнайы іздеп үйіне бардым. Аулаға қараған сыртқы темір есік емге ашылмады. Көп тұрдым. Одан пәтеріне кіре алмай және кідірдім. Бір мезетте іштен Светлана апа шығып, ұстазымның қал-күйі төмен екенін, желтоқсан айында Динадан айырылғалы денсаулығы күрт төмендегенін айтты. Қатты қапаландым. Ковидтің құтырып тұрған кезі. Үй – ішінің бұл індеттен ығыр болғаны, қорқып қалғаны белгілі. Кенет есіктің әр жағынан Ботакөз апа сығалай қарап, мамасының ішке кіруіме рұқсат бергенін айтты. Қуанып сала бердім. Төргі бөлмедегі диванның үстінде Меруерт апам отыр екен. Жанарының нұры қашып, жүдеп-жадапты. Соғылып қалыпты. «Баланың қайғысын ата-анаға көрсетпесін, қарағым» деп еңкілдеп қоя берді. Сәлден соң көзі жасын сүртіп, тәтті шәйден ұрттады. Сосын қоңыр сервантының ішінде бір буда суреттері жатқанын, қажет кезде келіп қарауыма болатынын айтты. Сөйтіп, біз қырық бес минуттай шүйіркелестік. Кетерімде қолымнан қысып, бетімнен сүйіп, алақанын жайды. Он саусағы дірілдеп «Айнұржанның бақытын көр» деп батасын берді. Жыл басының жанымызды жабырқатпауын Алладан тіледі.
Иә, адамның тағдыры сан қилы ғой. Жаратқанның дәл сол минуттарда, сол мезеттерде Меруерт апайымның алдына соңғы рет әкеліп тұрғанын, енді қайтіп көріспейтінімді білмеппін. Қазір ойласам, кейуана менімен іштей қоштасқандай. Соңғы рет менімен дидарласқандай.
Қаланың қақ шекесінен қарап тұрған қорымда кімдер жоқ десеңізші?! Мамық топырақты жастанған кіл қимастарың, игі-жақсыларың, туыстарың, көршілерің, таныстарың! Алладан бұйрық келгенде кім-кімнің де ақ қайықтың ескегін есіп, алысқа ұзап кететіні өкінішті. Алайда, менің Меруерт апайым Динасы мен Ботасын, Сайынын қасына ертіп, қыраттарды шарлап жүргендей көрінеді маған. Үйінің жарығын жағып, шырағын сөндірмей отырған Светасын әруағымен қолдап, алыстан қол бұлғап қоятындай сезіледі маған. «Әкем-институт, анам-кафедра» дейтін оқу ордасына да, миллиондаған шәкірттеріне де, жерлестеріне де, іні-сіңілілеріне де таудың төбесінен шаттана қарап тұрғандай ұстаз-ана! Сосын баяғыдай Достық 160 үйде тұрған ата көршілерін түгендеп:
– Әу, қайдасыңдар? Бермен келсеңдерші. Қырға шығып бой жазып қайтайық. Апырмай, бұл жақта да басқа өмір бар деуші еді. Рас екен ғой,- деп жанына Балзия, Бәтима, Райхан әжелерді, атам Әділгерей мен енем Мақпалды, Нұрлашты, тіпті, Серікқали Шарабасов, Бақтығұл Бірімжаров пен Сәуле апайды, отанасымен қосып Қалимолла Мырзағалиевты, Амангелді Галимов пен Наурыз Көшкенбаевты, кешегі Қалам ақсақал мен Фаруза апамды қасына алып, далада гүл теріп жүргендей болады. Ақ жаулығы желмен желбіреген Меруерт апам ол жақта да баяғыдай бәрінің ортасында көлкіп, шалқып-тасып жүргендей болады.
Қиял екеш қиялым да осылай жалғассыншы… Жоқ деуге, өмірден өтті, енді көріспейміз деуге көңіліміз сенбесінші! Көзден кетсе де, көңілден сәулелері сөнбесінші! Менің Меруерт апайым тау жақта серуендей берсінші… «Тірілермен тіріліп», Қазақ Елін, Жайықта жүрген ұрпақтарын, ел-жұртын әруағымен желеп-жебесінші…

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
шәкірті

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Жалын
22 мұғалім «Алғыс хат» алды!
30 Қыркүйек 2022
122 0
Руханият
Сырым бабаның рухына тағзым!
30 Қыркүйек 2022
126 0
Қалалықтар қаперіне
Екі облысқа жолаушылар қатынасы уақытша тоқтады
29 Қыркүйек 2022
164 0
Жалын
Жаңбыр жауса да жұрт тарқамады…
17 Қыркүйек 2022
845 0
Жалын
Салтанатты қабылдау рәсімі өтті
17 Қыркүйек 2022
834 0
Қалалықтар қаперіне
ЖАҢА БӨБЕКЖАЙ АШЫЛДЫ
16 Қыркүйек 2022
891 0
Қалалықтар қаперіне
Дети не ищут опасность – они просто играют
13 Қыркүйек 2022
1142 0
Оқиға
4 жылқы көлікке соқтығысты
09 Қыркүйек 2022
1439 0
Оқиға
Көлігімен бірге өртенді!
07 Қыркүйек 2022
1272 0
Медицина
ЕМХАНАҒА ТІРКЕУ
06 Қыркүйек 2022
1253 0
Оқиға
Дала өрті тіркелді
06 Қыркүйек 2022
1324 0
Өзек
Жолдауды бірауздан мақұлдады
05 Қыркүйек 2022
1393 0
Медицина
МӘМС ЖҮЙЕСІ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУДА
31 Тамыз 2022
1469 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»