«ҚЫЗҒАЛДАҚТАРҒА» ҚИМАСТЫҚ БІЛДІРДІ
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Барша қазақстандықтар да отқа оранып, жантүршігерлік жағдайда періштелерді ажал құштырған қайғыға ортақ екенін білдіруде. 30 шаршы метр аумақты қамтыған жалын 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған балалардың өмірін қиғаны елді дүр сілкінтті. 5 ақпан күні елордалықтар жұмылып, бес баланы ақтық сапарға шығарып салды. Осы қаралы жағдайға орай, оралдықтар да кеше Ситерлердің отбасына қайғырып көңіл айту үшін «Үш батыр қыз» алаңында бас қосты.

Қоғамдық ұйым өкілдері, зиялы қауым, ата-аналар, жастар, жалпы жамағат бақи болған бүлдіршіндердің суреттеріне гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен аза тұтты. Сәбилердің жаны жәннатта болуын тілеп, Құран оқытты.
БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина елімізде енді мұндай қасіреттің қайталанбауын, ел-жұртты көлденеңнен келген қазадан сақтауды тіледі.
– Бір түнде бес баласынан айырылған ата-ананың жай-күйін түсіну өте қиын. «Қаза айтып келмейді» дейді. Дегенмен, бұл өте ауыр жағдай. Әр ата-ана бар тапқанын балаларының аузына тосып, өмір сүреді. Солар үшін еңбек етеді. Мемлекет тарапынан ана мен балаға қандай көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалып жатқанын білеміз. Бірақ, қоғамда әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың бар екені рас. Оның үстіне тілсіз жаудың көлденең келуінен балғындардың қаза табуы – Ситер жанұясына тікелей келген қасірет деп білеміз және бұл елдің қазасы! Сондықтан қазаның арты қайыр болсын айтып, барынша қолдау көрсетейік, – деген Шалқыма Хайроллақызы батысқазақстандық аналарды, қайғыға ортақ жандарды балапандарынан айырылған отбасына қаржылай көмектесуге шақырды.
«Сақтансаң, сақтармын» дегендей, «Ақ Отау» отбасы орталығы» ҚБ төрайымы Алтынай Исқалиева бұл жағдай әркімге сабақ болуы керектігін айтып өтті.
– Алды мектепте ғана оқитын, әлі өмір көрмеген сәбилердің өлімі әр ананың қабырғасын қайыстырды. Жүрегіміз жылап тұр. Бұл жағдайдың орын алуына не себеп деген сұрақ кім-кімді де ойландыруы тиіс. Қайталанбауы үшін осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Үкімет те шешім шығарады деп ойлаймыз. Әрқайсымыздың отбасымыз, бауырларымыз бар. Үнемі қарайласып, бір-бірімізді қамқорлап жүру – бірінші кезектегі міндетіміз болуы тиіс, – деді А.Исқалиева.
Жастар атынан Дулат Жүсіпқалиев, үш баланың анасы Жеміс Имашева сөз алып, қайғыға ортақ екендіктерін білдірді.

Түйін: «Үш батыр қыздың» ескерткіші алдына жиналған халық көз жастарына ерік беріп, көңілдерін босатты. Ел-жұрт осылайша еске алып, Ситерлердің отбасына түскен қайғыны халық болып бірге көтеруде. Бірақ, бес баланың орнын қайтып толтыра алмасы анық. «Өрт – тілсіз жау» дегендей, өзекті өртейтін жағдай қайталанбауы үшін барлық құзырлы органдар жұмысты жауапкершілікпен атқаруы тиіс.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
«Таза Қазақстан»: прокуратура органдарында цифрлық шешімдер енгізіліп, экологиялық бақылау күшейтілуде
«Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі» атты эссе байқауы қорытындыланды
День животноводов – признание вклада аграриев в продовольственную безопасность страны
«Әділет» партиясының филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде құрылады
Бөкей хандығының 225 жылдығы аясында «BOKEI ORDA TRAIL» жүгіру жарысы өтті
10 мыңнан астам жұмыс орны және сенімді энергия: атом электр станциясын салудың негізгі артықшылықтары
БҚО делегациясы Қытай кәсіпорындарында инвестициялық келіссөздер жүргізді
Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты
Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды
В Казахстане принята Общенациональная стратегия «Digital Qazaqstan» до 2029 года
Бөрлі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті
Қытай сапары: аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясы партия комитетінің хатшысымен кездесті
157 стран поддержали кандидатуру Ляззат Калтаевой на выборах в комитет ООН
Заңнамалық өзгерістер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды
Қытай сапары: БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті
«Таза Қазақстан»: Астанада бір топ жас экологиялық акция өткізді
Қазақы тазы Болоньяда өткен World Dog Show 2026 көрмесінде салтанатты түрде таныстырылды

Кіру
Пікір үстеу