8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
07 Қыркүйек 2026 44 0
Таза Қазақстан

Табиғатты аялау – балалықтан қалыптасатын қасиет

Табиғатқа деген сүйіспеншілік бір күнде қалыптаспайды. Ол баланың кішкентай кезінен бастап айналасына жанашырлықпен қарауынан, гүлге су құюынан, тал егуінен, аула тазалығына үлес қосуынан басталады. Осындай қарапайым әрекеттер уақыт өте келе үлкен жауапкершілік пен экологиялық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өйткені мектеп пен балабақша – балаға білім беріп қана қоймай, оны қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, еңбекқорлыққа және туған жерін қадірлеуге тәрбиелейтін маңызды орта. Осы ретте Бөрлі ауданындағы білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру, көгалдандыру, тазалықты сақтау және оқу-тәжірибе үлескілерін дамыту жұмыстарына ерекше мән берілуде.

Оқу-тәжірибе үлескісі – білім мен еңбекті ұштастыратын алаң

Мектеп жанындағы оқу-тәжірибе үлескілері оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, олардың биологиялық, экологиялық және еңбек дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда барлық мектепте оқу-тәжірибе үлескілері ұйымдастырылған. Бұл үлескілерде көкөніс, жеміс-жидек және гүлзар бөлімдері қарастырылған. Алдағы уақытта егістік және тәжірибелік бөлімдерді де толық қамтуға басымдық берілмек. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында білім беру ұйымдарына тамшылатып суару әдісіне көшу тапсырмасы берілген болатын. Бүгінде 17 мектепте осы заманауи әрі үнемді суару тәсілін қолдануда. Тамшылатып суару суды үнемдеуге, өнімділікті арттыруға, арамшөптердің өсуін азайтуға және еңбек шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Бөрлі №1 жалпы орта білім беретін мектебінде шағын жылыжай ұйымдастырылып, көшет өсіру жұмыстары жолға қойылған. Ал Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебі «Жасыл мектеп» жобасы аясында арнайы әлеуметтік желідегі парақшасын ашып, көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды тұрақты түрде жариялап келеді.

Биыл үлескілерден жиналған өнімдер де игілікті мақсаттарға жұмсалуда. Орта есеппен мектептердің оқу-тәжірибе үлескілерінен 350–400 келі көкөніс және 150–170 келі жеміс-жидек жиналды. Өнімдердің бір бөлігі мектеп асханаларына өткізілсе, енді бір бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде таратылды.

Экологиялық тәрбие мектептермен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда да жалғасын табуда. Аудандағы балабақшаларда шағын бау-бақша үлескілері ұйымдастырылған. Табиғатпен тікелей байланыс қалыптастыру мақсатында тәрбиеленушілер көкөніс пен жеміс-жидек отырғызып, олардың өсуін бақылап, күтім жасауға қатысады. Қазіргі таңда №6 «Шаңырақ» және №9 «Наурыз» бөбекжайларында шағын жылыжайлар жұмыс істейді. Жылыжайларда қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, құлпынай және сәбіз өсіріліп, балалар олардың өсу барысын бақылау арқылы табиғаттың құндылығын тәжірибе жүзінде танып-білуде. Сондай-ақ №6, №7, №9, №10, «Арман» және «Ақ сұңқар» бөбекжайларының бақшалары жақсы ұйымдастырылған. Білім беру ұйымдарының аумағында петуния, раушан, барқытгүл, мальва сынды сәндік гүлдер өсіріліп, көрікті гүлзарлар жасақталған.

«Таза Қазақстан» акциясы – тазалықты сақтаумен ғана шектелмейтін, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама. Бүгінгі таңда мектеп пен балабақша ауласында отырғызылған әрбір тал, өсірілген әрбір гүл мен көкөніс – болашақ ұрпаққа жасалған игі қадам. Таза әрі жасыл орта қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Ал бұл жұмысты бала кезден бастау – табиғатты сүйетін, туған жеріне жанашыр ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Хабарландыру
«ZHAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтеді
05 Қыркүйек 2026
120 0
Спорт
ЕРНҰР СҮЛЕЙМЕН – ЧЕМПИОН!
04 Қыркүйек 2026
176 0
Без рубрики
Семей полигонының жабылғанына – 35 жыл
31 Тамыз 2026
273 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»