8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
11 Наурыз 2026 118 0
Бәрекелді!

Деректі фильмнің тұсауы кесілді

Бүгін, 11 наурыз Бөкей хандығының 225 жылдық мерейтойы алдымен Орал қаласында бастау алды.

Ертеңмен «Бөкей Ордасы – тұңғыштар мекені» атты көрме және режиссер Талғат Теменовтің «Жәңгірдің жаңғыруы» атты фильмін көруге асыққан көрермен академиялық Ғ. Құрманғалиев атындағы «Атамекен» өнер орталығында көп жиналды.

Айтулы шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев және жерлесіміз, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, өнертану профессоры, Қазақстанның Халық әртісі, кинодраматург Талғат Теменов арнайы қатысты. Мәртебелі меймандар мен шақырулы қонақтарды Бөкейорда ауданының әкімі Нұрлыбек Дауымов қарсы алып, қош келдіңіз айтты.

Ел ағалары, тарихшылар, зиялы қауым, студент жастар мен бөкейлік жерлестер сахна төрінен тамашалаған «Жәңгірдің жаңғыруы» атты фильм өткен тарихты, бабалар жүріп өткен дара жолды айна қатесіз еске салды. Фильм соңында сахна төріне көтерілген облыс басшысы Нариман Төреғалиев алғаш рет көрерменге ұсынылған «Жәңгірдің жаңғыруын» жадыраған Әз-Наурыз айында Референдуммен тұспа-тұс тұсауы кесілгенін жақсылыққа балап, режиссер Талғат Теменовтің иығына шапан жауып, Ақ Жайық жұртшылығы атынан ыстық ықыласын жеткізді. – Бүгін басталған Бөкей хандығының 250 жылдығы, бұйырса, Астана қаласында және ауданда жалғасын табады. Үлкен көрме ұйымдастырылады, – деді Н.Төреғалиұлы.

Сол секілді ҚР Президенттің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы да тебірене сөз сөйлеп, осы фильмнің жарық көруіне қолдау танытқан облыс әкіміне ризашылығын білдірді. Фильмнің режиссері Талғат Теменов те көп жылдар туған елден жырақта жүріп, перзенттік борышын Жәңгір атасының рухымен ұштастырғанын мақтаныш сезіммен айтып: – Жәңгірдей қазақ тарихында ұлы тұлға, үлкен тұлға болмаған. Оның қазақ халқы үшін жасаған істері, қазақ еліне әкелген алғашқы білімі, мәдениеті, әдебиеті, руханияты тарихта мәңгі қалады, – деді.

Иә, Жәңгір хан – Бөкей ордасының соңғы ханы. Генераль-майор. Шын аты Жиһангер болғанын, ұлт тарихында өшпес із қалдырғанын өскелең ұрпақ та жақсы біледі. Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы – Жәңгір 1815 жылы мұрагерлік салтқа сәйкес әкесінің ұйғаруымен хандық тақты қолына алады. Оның Бөкей хандығын басқарудағы шеберлігі, көршілес елдермен саясаттағы қарым-қатынасы, жалпы адами болмысы, жары Фатимамен сыйластығы, қиындыққа толы жылдары жайлы танымал академик Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қабиболла Жақыпов, Нұрлыбек Бірманов, марқұм Мақсат Тәжімұрат, Сара Танабаева, Тихон Әліпқалиев секілді көптеген әдебиетшілер мен тарихшылар да сыр шерткен фильм – көзайым көрерменнің көңілін селт еткізді.

«Жәңгірдің жаңғыруы» – ұлттық рухтың өміршеңдігін паш етті. Халық та Жәңгір атаның жақсылығына дән риза болып, Бөкейорда ауданының өнерпаздары дайындап әкелген концертті тамашалады.

«Жайық Үні»
Суретке түсірген Мәди Салық.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Деректі фильмнің тұсауы кесілді
11 Наурыз 2026
118 0
Медицина
Медицина ұжымымен кездесті
10 Наурыз 2026
119 0
Оқиға
Жоғалған жандар табылды
03 Наурыз 2026
314 0
Қалалықтар қаперіне
ЖСН бойынша дауыс беру учаскесін іздеу
03 Наурыз 2026
299 0
Қалалықтар қаперіне
Әрқайсымыздың, дауысымыз маңызды! РЕФЕРЕНДУМ
02 Наурыз 2026
107 0
Бәрекелді!
Игі іске ұласқан мереке
27 Ақпан 2026
441 0
Көңіл айтамыз
Көңіл айтамыз!
15 Ақпан 2026
840 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»