ОРАЛДА ЖАС КЕЛІНДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
8-наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай Орал қаласында «Әлем сұлу әйелмен» атты жас келіндер байқауы өтті. Қаламыздың жас келіндерін халыққа таныстырып, жанұядағы ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орны ерекше екендігін насихаттау мақсатындағы байқауды Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Жастар мәдениет үйі ұйымдастырды.

Аталмыш байқауға 6 келін қатысты. Олар екі кезең бойынша байқау сынынан өтті.
3 наурыз күні өткен байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар тұрмыстық шеберліктерін көрсетті. Бұл күні Орал «Сервис» технологиялық колледжінің базасында жиналған үміткерлер тиянақты әрі ұқыпты етіп жайма жайып, тәтті бауырсақ пісірді.
4 наурызда жалғасын тапқан жас келіндер байқауының екінші кезеңінде үміткерлердің шығармашылық жұмыстары сарапқа салынды.
Бұл кезең «Сәлем – сөздің анасы» бөлімінен басталып, үміткер келіндер арнайы дайындалған бейнеролик арқылы өздерін таныстырды. «Өнерлі келін сүйкімді» бөлімінде қатысушылар өз өнерлерін паш етті. Олардың бірі тәлім мен тәрбие ұштасып жатқан мағынасы зор ән шырқаса, тағы бірі би биледі. Көркемсөздерді мәнерлеп оқып, қолөнер түрлерінің жасалу тәсілдерін көрсеткендер және ішек қарыннан өрім жасағандар да болды. Ситуациялық сұрақтар қойылған «Ойлы болсаң, озып көр» бөлімі келіндердің салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар туралы білімдерін сынға салды. Келіндердің шеберлігі мен ептілігі сыналған тағы бір кезең – ұршық иіру. Қазылар келіндердің ұршық иірудегі жылдамдықтарымен қатар, бірізді тегіс иірілуі мен жіптің ұршыққа жиналуына назар аударды.

Сайыс «Қылығына сай екен киімдері-ай» турымен қорытындыланды. Сымбатына сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы сұлулықты танытатын бірден-бір нышан қазіргі заманға лайықталған ұлттық киімдерден сән үлгісін көрсетті.
Екі күн бойына қазылар құрамы жас келіндердің әдебі, отбасылық қарым-қатынастағы ибалылығы, тұрмыстық шеберлігі мен өнерін жан-жақты сараптап, жеңімпаздарды анықтады. Осылайша, бас жүлдеге Өтеғалиевтер әулетінің келіні – Гүлнұр Өтеғалиеваны лайық деп тапты. Гүлнұр – әулетте үлгілі келін, ақылды ана, сүйікті жар және ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген педагог. Қазіргі уақытта ол Орал қаласындағы №20 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінде.
Бірінші орын – Алабасовтар әулетінің келіні – Ару Хабдоллаға берілді. Екінші орынды – Хасановтар әулетінің келіні – Перизат Ермекбаева мен Рахметуллиндер әулетінің келіні – Айымгүл Таскенова иеленді. Үшінші орынның жүлдесі Гүлзада Балтөреева мен Нұрзия Оразаәлиеваға ұсынылды.
Байқау барысында Жастар мәдениет үйінің әншілері Азат Қабиев, Рүстем Хафизов, Тараз Жауынбаев, Рустем Кереевтер, Әсел Кажимова, Аэлита Ерсайынова мерекелік әндерінен шашу шашты. Жастар мәдениет үйінің директоры Медет Мерғалиев қатысушыларға алғысын білдіріп, мерекемен құттықтап, қазылар алқасына гүл шоқтарын ұсынды.
Айта кетейік, Жастар Мәдениет үйі әйелдер мерекесі қарсаңында келіндер байқауын ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруда. Өткен жылы бұл байқауға 10 келін қатысқан болатын.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Мемлекеттік қызметтер: жүйелі мәселелерді шешу және сапаны арттыру
Еліміздің батысында көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды
2028 жылғы шілдеге дейін еліміздегі 2,6 мыңнан астам шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллект енгізу жобасымен қамтылады
Спорт саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды
Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты
79,3% казахстанцев характеризуют обстановку в стране как благополучную или стабильную
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс мәселелері түсіндірілді
Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау мәселелері талқыланды
«ЖАЙЫҚ ЖҮЙРІГІ – 2026»: Жүйріктер додасының жеңімпаздары анықталды
Оралда алғаш рет «JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтті
Оралда қала күніне орай І халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі өтті
ОБЛЫС ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВПЕН КЕЗДЕСТІ
Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
Не только физики-ядерщики: студентам рассказали, кому найдется работа на будущих АЭС Казахстана

Кіру
Пікір үстеу