А.НӘСИОЛЛА: «ӘКЕМ«ҚОЛЫҢ АШЫҚ БОЛСА, ЖОЛЫҢ АШЫҚ» ДЕП ҮЙРЕТТІ»
«Әр перзент ата-ана алдындағы қарызын өтей алмайды, сол сияқты қанша жақсылық пен игілікті іс жасасаң да туған жер алдындағы қарызды өтеу мүмкін емес». Бұл – бізбен әңгімелескен жомарт жүректі кәсіпкер азамат Абзал Нәсиолланың сөзі. Қазталов ауданындағы Әжібай ауылының тумасы Абзал Нәсиоллаұлы аз қамтылған отбасыларға, балаларға қайырымдылық жасап, оған қоса туған жерді көркейтуде зор үлес қосып жүрген жан. Ізгілікті ниетпен жасаған қайырымды істері халықтың атынан алғыс боп оралып, оның мәртебесін биіктетіп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық, облыстық деңгейдегі «Жомарт жүрек» аталымдарын, республикалық «Жыл азаматы», «Жыл тұлғасы» номинацияларын иеленуі де осындай ізгі істерінің жемісі, оған көрсетілген қошемет іспетті.

Біз тақырыпқа арқау етіп алған әке өсиеті – Абзалдың өмірлік ұстанымы. Ол жасаған істерін санамалап, міндетсінген емес. Сұхбат кезінде де «жұмсалған қаржы жөнінде қозғамай-ақ қойсақ» деген өтінішін айтты. Десек те, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, туып-өскен ауылына қайырымдылық жасап жүрген кәсіпкер азаматты жұртшылыққа тиісінше жақынырақ таныстыруды мақсат еттік.
Сырәлиевтердің кенжесі
Қазталовтың Әжібай ауылындағы көпбалалы отбасы Нәсиолла мен Көрпеш Сырәлиевтердің жетінші перзенті болып осыдан тура 40 жыл бұрын дүние есігін ашқан Абзал балалық шағының бақытты шақтарға толы болғанын айтып, әңгімесін бастады.
– Әкесі мен анасының қасында әр бала бақытты ғой. Менің де балалық шағым бақытты күндерге толы болды. Әкеміз бен анамыз маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып, еркелетіп өсірді. Алдымда төрт ағам, екі апам бар. Солар – менің қамқоршыларым, үлгі тұтар ардақтыларым, – дейді бүгінде қырықтың қырқасына шыққан Абзал Нәсиолла.
Отағасы Нәсиолла – мал дәрігері болса, анасы Көрпеш – тәрбиешілік қызмет атқарған. Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам есімді ағалары, Нұргүл, Назгүл есімді әпкелері және өзі осы ауылдағы Бірік орта мектебінде білім алған.
Бүгінде әрқайсысы бір-бір отаудың тізгінін ұстап отырған отағалары, бір-бір әулеттің түтінін түтетіп отырған отаналары. Ұйымшылдық, жанашырлық, қамқорлық – көпбалалы отбасына тән қасиеттер. Сырәлиевтердің әрқайсысынан да осы қасиетті бойларына терең сіңіргені байқалып тұрады. Бауырлар – бірлік пен ынтымақта, абысындар – өте тату.
– Ең алдымен әкеміз бен анамыздың берген тәрбиесінің арқасында осындай дәрежеге жеттік. «Еңбек етіңдер», «Ала жіпті аттамаңдар», «Дұрыс жүріңдер» деген тәрбие сағаттары күн сайын жүріп тұратын үйімізде. Ұямызда көрген, білген, құлағымзға сіңген ата-анамыздың ақыл-кеңесімен өркендедік, өстік, жетілдік, – дейді Сырәлиевтердің кенжесі.
Ағалар салған ізбенен…
1997 жылы орта мектепті аяқтаған Абзал қолына аттестатын ұстап мамандық алу мақсатымен облыс орталығына келген. Алайда сол жылы оқуға түсу бұйырмапты. Әйтсе де, ағалары жұмыс жасап жүрген темір-бетон зауытына жұмысқа тұрған. Осылайша, құрылыс саласындағы жұмысшы ретінде еңбектің алғашқы дәмін татып, бетон құйып, ауыр жұмыста шыңдалды. Тоғыз жыл бойы осы зауытта қызмет етіп, құрылыс өнімдерін дайындау процесін меңгерді, машықтанды. Жұмыс жасай жүріп, қаламыздағы ҚазИИТУ-да «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алды.
Ағаларының әрқайсысы құрылыс саласындағы кәсіптерін жолға қойған кезде Абзал да арқа сүйер бауырларының ізімен осы салада өзінің жаңа кәсібін бастауға бел байлапты. Өңірімізде құрылыс саласының дамуында кейіпкеріміз 2009 жылы ашқан «Жаңа орда» құрылыс компаниясының да үлесі бар. Компанияда 20 шақты жұмысшы тұрақты түрде қызмет жасайды. Осы кезге дейін бірнеше көпқабатты тұрғын үй құрылыстары жүргізілді. Заман талабына сай 2-3 қабатты таунхаустар салынды. Дәл қазіргі уақытта жаңаордалықтар облыс орталығында 5 қабатты тұрғын үй тұрғызуда. 10 жылдай бұл салада тәжірибе жинақтаған компания жүргізген құрылыстарда сапаға қатысты сын болмағанын атап өту керек.
Халықтың ақ батасын арқалаған азамат
Абзал Нәсиолла негізгі қызметімен айналыса жүріп, қоғамдық жұмыстардың да басы-қасынан табылып жүр. Қайырымдылық жұмыстарын өз өмірінің өзегі етіп алғандай. Әжібай ауылында өз есебінен балалар ойын алаңын салып берсе, Сазанды елдімекенінде зиратты қоршады. Бауырларымен бірігіп ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт салуға үлесін қосты. «Мектепке жол» акциясы аясында кейінгі бес жылдан бері балалардың мектепке дайындалуына көмектесіп жүр. Осы орайда 10 отбасын тұрақты түрде өз қамқорлығына алған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, «Қаракет» бағдарламасы бойынша көмек сұрағандарға, мүгедектердің ем-шара алуына демеушілік жасап келеді. Өзінен артылғанын жанындағыларға беріп, «алғанды емес, бергенді» жөн көретін жаны жылулыққа толы азаматтың шарапатына ауыл тұрғындары бек риза, әрдайым алғыстарын жаудырып, баталарын беріп, тілеулес болып жүреді…
Толығырақ «Жайық үні-Жизнь города» газетінің 2020 жылғы 26 қараша күнгі №46 санынан оқи аласыздар.


Эльмира НҰҒМАНОВА,
Суреттер А.Нәсиолланың отбасылық архивінен алынды
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Elge qyzmet: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында жастармен кездесу өтті
Мемлекеттік қызметтер: жүйелі мәселелерді шешу және сапаны арттыру
Еліміздің батысында көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды
2028 жылғы шілдеге дейін еліміздегі 2,6 мыңнан астам шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллект енгізу жобасымен қамтылады
Спорт саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды
Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты
79,3% казахстанцев характеризуют обстановку в стране как благополучную или стабильную
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс мәселелері түсіндірілді
Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау мәселелері талқыланды
«ЖАЙЫҚ ЖҮЙРІГІ – 2026»: Жүйріктер додасының жеңімпаздары анықталды
Оралда алғаш рет «JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтті
Оралда қала күніне орай І халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі өтті
ОБЛЫС ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВПЕН КЕЗДЕСТІ
Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
Не только физики-ядерщики: студентам рассказали, кому найдется работа на будущих АЭС Казахстана

Кіру
Пікір үстеу