ЖЫЛДЫ НӘТИЖЕЛІ АЯҚТАДЫ
Бүгін «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің «Достық» студенттер сарайында өткен жиында Қазақстан педагогтар қауымдастығы ұйымдастырған республикалық «Егемен еліміздің үздік ұстаздары» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Жиынды ашқан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, профессор Әліби Баяхов оқу жылының алғашқы жартыжылдығында оқу орнында атқарылған ілкімді жұмыстарды қорытындылады. Әліби Науханұлының баяндауынша, Қазақстан инновациялық және телекоммуникацияар университетінде ағымдағы Жастар жылы аясында таланттыларды қолдау мақсатында көлемді іс-шаралар атқарылған. 2018-2019 оқу жылында 200 студент республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конференцияларға қатысқан. Жекелеген студенттер Әзілхан Сисенов «Майкрасофт» компаниясынан жұмысқа шақыру алса, Нұрзада Сақтағанов «Шетелдік үздік студент – 2019» номинациясын жеңіп алған.
– Бүгінгі таңда Мәскеу қаласында өткізілетін Халықаралық «Архимед – 2020» ғылыми жобалар конкурсына дайындық басталып кетті. Оқушыларды, студенттерді осындай халықаралық іс-шараларға даярлауда ғылыми жетекшілердің, мектеп, жоғары оқу орындары ұстаздарының алатын орны ерекше. Қазір озық ойлап, озық әрекет ететін уақыт. Сол үшін біз білім беру жүйесін нығайтып, оны үздіксіз жетілдіріп, дамыту дәстүрін қалыптастыруымыз қажет. Білімді бәрінен жоғары қоя алатын ұлт қана табысқа жете алады, – дегендей, 2019 жылғы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасының рейтингі бойынша Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университеті білім, ғылым жүйесіндегі және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісінде жетістіктерімен 13 орынға ие болып, еліміздегі үздік 20 жоғары оқу орындарының арасынан табылды. Ал, осы жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасының рейтингі мәліметтеріне сәйкес, университет ұжымы еліміздегі 132 жоғары оқу орындарының арасында, жекелеген білім беру бағдарламалары бойынша 3, 4, 5, 7, 8, 9, 12 орындарға көтеріліп, тұрақты даму тенденциясына қол жеткізді. Әрине бұл ұжымның еңбегі. Алдағы жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады, – деген Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, профессор Әліби Баяхов осы орайда оқу орнының барша ұжымына шынайы алғысын жеткізді.
Шара барысында Әліби Науханұлы «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасында аға оқытушысы Мейрамгүл Хасановаға «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тақты. Ал университет ұстаздары Жанат Сағынғалиева, Асылым Атаева, Гүлнара Тюляпова, Жанар Тастемірова «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Гүлжамал Қазкенова, Эльмира Тұрғалиева «Үздік жас педагог» төсбелгісін иеленді. Мейрамгүл Жолдығалиқызы жас ұрпақтың білім деңгейі бәсекеге қабілетті болуы үшін оқу ісінің талаптары мен міндеттерін адал атқарып келе жатқан білікті маман.
– Осы хабарды естігенде, шыны керек, қатты қуандым. Мұндай құрметті тіпті армандамадым да. Он үш жылдан бері осы оқу орнында қызмет етіп келемін. Басшылығым ұсынып «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болып отырмын. Жастарға ізденімпаз болыңдар, білім алудан қашпаңдар дегім келеді. Барлығымыз университетіміздің жарқын болашағы үшін еңбек етейік, – дейді білікті ұстаз. Мейрамгүл Хасанова Жымпиты ауданы, Абай совхозы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Ол Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі» мамандығын бітірген. 2010-2012 жылдар аралығында Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде «Құқықтану» мамандығын бітірген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде магистратура оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесі берілген. 1998-2000 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарса, 2000-2002 жылдар аралығында Орал гуманитарлық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі пәнінің мұғалімі болған. 2006 жылдан бастап Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарады. Ұстаздың еңбекқорлығы дер уақытында бағаланып, түрлі Алғыс хаттарды иеленіп жүр. Ал 2017 жылы «Білім беру саласының үздігі» медалін алған.
Сондай-ақ жиында университеттің «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Сәкен Исағалиевке жаңа жыл қарсаңында баспана кілті табысталды.
Сәкен Талғатұлы ғылым мен білім саласында қызмет еткен уақыт ішінде өзін сауатты оқытушы және жан-жақты, білікті маман ретінде көрсете білген. 1982 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген. 1999 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық институтына оқуға түсіп, 2003 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «тарих, құқық және экономика негіздері» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Алғаш еңбек жолын Құрманғазы ауданындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектепте тарих және құқық пәндерінің мұғалімі болып бастап, кейін әр түрлі салада қызметтер атқарған. Жалпы еңбек өтілі – 16 жыл. 2015 жылы Қазақстан инновациялық және телекеоммуникациялық жүйелер университетінің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасында, кейін, 2019 оқу жылынан бастап «Экономика және менеджмент» кафедрасында аға оқытушы лауазымында еңбек етіп келеді. 2018 жылы университетіміздің «Экономика» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтап, экономика ғылымдарының магистрі атанды. 2016 жылдан бері дін істері бойынша кураторы қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра жүре, студенттер арасында деструктивті жат ағымдардың алдын алу, сапалы білім беруде университеттің тәрбие бөлімімен, қалалық (облыстық) қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыстар атқарып келеді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстарына да белсене атсалысуда. Қалалық және облыс көлеміндегі мектептерде, Атырау қаласы мен аудандарында ҰБТ кезінде және кәсіптік бағдар беру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бағытында бірнеше рет іс-сапарларда болып, өзін белсенді әрі білікті маман ретінде көрсете білді. Өз біліктілігін артыру бағытында үнемі қосымша курстардан өтіп отырады. «КазИИТУ» ҒБК құрылтайшысының және ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хаттарына ие. 2012 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының тұрақты мүшесі. Әріптестері мен студенттер арасында сыйлы.
Күні бүгінге дейін жанұясымен жалдамалы пәтерде тұрып келген. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Сәкен Талғатұлының жоғарыда аталып өткен жұмыстары мен жетістіктерін ескерген басшылық жас ғалымдар кампусынан баспанамен қамтамасыз етіпті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу