ЖЕКЕ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ
Орал қаласына аудандардан келуге рұқсат берілген 2114 көліктің тізімі алынған. Тізім қаланың кіреберістеріндегі блок-бекеттерге берілді. Тізімге енбеген көліктердің блок бекеттен өтуіне рұқсат жоқ. Шектеулерге байланысты қозғалыстың ұйымдастырылуы туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтылды.
Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №5-ПГВр қаулысына сәйкес, күшейтілген карантиндік режимнің енгізілуіне байланысты қала аумағына кіреберістерінде 9 блок бекет орнатылды. Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан блок бекеттен өтуге рұқсат берілген 2114 көліктің тізімі алынып, қала аумағындағы барлық 9 блок бекетке берілді. Қала маңында тұратын тұрғындар жұмыс орнынан берілген анықтамаға сәйкес, блок бекеттерден өтеді. Ал транзиттік-жүк көліктерінің қала маңынан тоқтаусыз өтуі БҚО полиция департаментінің жол полициясы патрулінің бағыттауымен жүргізіледі.
– Қала аумағындағы 9 блокбекеттен 300 метр қашықтықта барлық транзиттік жүк көліктерін колонаға жинақтап жол полициясы патрулінің 2 автокөлікпен бір блок бекеттен екінші блок бекетке тоқтаусыз өткізіледі. Сондай-ақ 8 сәуірден бастап қаладағы күшейтілген карантин режимінің тәртібін сақтау мақсатында тұрғындардың қала ішінде жеке көліктерімен сағат 21.00-ден 6.00-ге дейін қозғалысы шектетілді. Бұл қатаң тәртіппен бақылауға алынатын болады, – деді Абат Абайұлы.
Айта кетейік, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында 31 наурыздан бастап БҚО аумағында күшейтілген карантиндік режим енгізілген болатын.
Версия для печати
Пікір үстеу