ЖЕҢІС АЛАҢЫНДАҒЫ МУЗЕЙ «КАТЮШАМЕН» ТОЛЫҚТЫ
Оралда «Қала күні» мерекесі аясындағы шаралар жалғасуда. Шаһардың Жеңіс алаңында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жасақталған ашық аспан астындағы музейге бүгін «Катюша» әскери қорғаныс машинасы орнатылды. Бұл шараға қала әкімі Абат Шыныбеков, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және қала тұрғындары қатысты.
Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіс» мемориалдық кешеніне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аумақтағы кіре беріс аллеяларға тарихи деректер жазылған пилондар , «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барельефі орнатылған болатын. Сондай-ақ мемориал аумағына Ұлы Отан Соғысы кезеңіндегі әскери техникалар ансамблі экспозицияланған ашық аспан астындағы әскери техникалар музейі жасақталып, алғаш рет 9 мамыр – Жеңіс күнінде таныстырылған еді. Осы музей бүгін жаңа әскери техникамен толықты.
Жаңғыртудан өткен «Катюша» әскери қорғаныс машинасының таныстырылымында шаһар басшысы Абат Шыныбеков Жеңіс алаңына жиналғандары «Қала күні» мерекесімен құттықтады.
– Сүйікті Орал шаһарымыз жылдан жылға ажарланып, көгалданып, өрлеу жолында келеді. Әлемді жайлаған пандемия жағдайында оралдықтар індетке қарсы күресте бірлігін, ұйымшылдығын, ең бастысы адамгершіліктерін шынайы көрсете білді. Осындай кезеңде азаматтар жақынына жанашыр, үлкендерге қамқор болды. Тұрғындарымыздың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қажырлы еңбек етті. Міне, соның нәтижесінда алтын күзде дәстүрлі түрде тойланатын «Қала күнін» барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырудамыз. Биыл еліміз үшін мерейлі жыл – Ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының, жерлестеріміз Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің мерейтойларымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. 9 мамыр Жеңіс күнінде соғыс және тыл ардагерлерімен бірге жаңартылған Жеңіс алаңының куәсі болдық, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыстан қайтпаған солдаттарға тағзым еттік. Бірақ, бұл Жеңіс күні бір күн ғана тойланбайды. «Қала күні» аясында ардагерлерімізге құрмет, қала тұрғындарына тарту ретінде соғыс техникалары аллеясын жаңа соғыс техникасымен толықтырдық. Атақты «Катюша» Ұлы Жеңіске жетуімізге үлес қосқан техника. Ашық аспан астындағы музейге қойылған техникалар өскелең ұрпақтың бізге бейбіт өмір сыйлаған майдангерлердің ерліктерін ұмытпай, ардагерлерге құрмет көрсетуге, патроиттық сезімдерін оятуға ықпалын тигізеді, – деді Абат Абайұлы.
Сондай-ақ «Қала күніне» тарту жасап, «Катюша» машинасын әкелуге көмек көрсеткен облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханянға, әскери техниканы жаңартудан өткізген Вячеслав Валиев басшылық ететін «Зенит» зауыты ұжымына және «Жеңіс» мемориалдық кешеніне орнатылған пилондарға ақпараттық деректерді жинақтауға көмек көрсеткен өлкетанушы Ахмедияр Батырхановқа алғыс хат табыс етті.
«Катюша» реактивті артиллерия жүйесі – Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласында қолданылған әскери қорғаныс машинасы. 1941 жылы сынақтан өткен машина сұрапыл соғыс кезінде жауға қарсы шайқасқан сарбаздардың сенімді серігіне айналды. Бұл туралы Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Скаленко тебіреніспен әңгімелеп, майдангерлердің тілегін қабыл алып, соғыс жылдарындағы техникалардың көрмесін жасақтаған облыс, қала басшылығына және «Зенит» зауытының ұжымы мен депутат Аветик Амирханянға алғысын жеткізді.
Эльмира НҰҒМАНОВА
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу