ЖАЗУШЫ ЖЕРЛЕСТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Туған жерге айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылымыздың ардақты қызы, бірнеше көркем әдеби кітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал прозаик Мира Хамзақызы Шүйіншәлиева мен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Айтқали Нәріков Бөкейорда ауданы мен Бисен ауылына келді.
Бисен ауылына кіре беріс жолда ақтан дәм ұсынып, иығына орамал жауып қарсы алған ел-жұрты жазушы қыздарымен сағына қауышты. Мира Хамзақызы алдымен өзі он жыл білім алып, қанаттанған Бисен Жәнекешов атындағы орта мектептің ауласына терек отырғызды. Бірінші терегін өзі мен білім берген мұғалімдеріне, екіншісін өмірден ерте озған аяулы ата-анасына, ардагерлерге, үшіншісін қызы Айнұр мен күйеу баласы Бекжанға арнады. Мектеп директоры А.Шамшетдинова қаламгерге қош келдіңіз айтып, бауырсақ пен айран ұсынды. Алдымен қаламгер «Ерлік елге мұра» атты мұражайға бас сұғып, қолтаңбалар кітабына тілегін жазды. Он жыл өзі оқыған сыныбына келіп, арнайы жасақталған көрмемен танысып, үлкен әсерге бөленді. Өзі оқыған сыныпқа ноутбук сыйға тартты. «Қай қиырда жүрсең де, хабарыңды сұраттым» тақтасынан өзінің суретін көріп, біраз толқыды.
Ауыл жұртшылығы мен мектеп оқушыларымен әсерлі кездесу мектептің мәжіліс залында өтті. Оқушы кезінде талай тақпақ оқыған сахна төрінде Мира Шүйіншәлиева өзінің «Елге арнау» деген өлеңі арқылы жерлестеріне сәлемін жолдады.
«Туылған қарашада қызың едім
Тербеліп бесігіңде уілдедім.
Табаным топырағыңа тиіп кеше,
Нәр алған тамырыңнан гүлің едім.
Бисеннің жуасы мен жусанын жеп,
Далаңда еркін өскен елік едім.
Сезген соң ағайынның ақ самалын
Жыр болып моншақтай төгілемін.
Жүрсем де құстай сайрап, гүлдей жайнап
Ел-жұртым өзіңді ойлап елжіредім.
Шежіре күйін шерткен Ордам менің!
Бөленіп, батиқаңа самғап едім.
Қаламмен сусындаған қарлығашыңа
Қашанда тілекшісің туған жерім!
Қайтейін қанатым жоқ самғап ұшар
Әйтпесе сағындырмай келер едім.
Бабамның ізі қалған құт-мекенім
Бәрібір бақытыңа бөленемін.
Қыздарын Құдайындай құрметтеген,
Аман бол, айналайын, халқым менің!», – деген сәтте залда көзіне жас алмаған жан қалмады. Біз осы шарада «Анама», «Туған жер» секілді жыр шумақтары арқылы Мира ханымның ауылын аңсап келгенін аңғардық.
Жазушымен кездесу кешін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзада Жұмағұлова тартымды жүргізді. Оқушылар қаламгердің повестері, пьессалары туралы сан-алуан сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Белгілі ақын Айтқали ағамыз жазушының кіндік қаны тамған ауыл адамдарына алғысын айтып, ақ жарма тілегін жеткізді. Осы білім ұясының ардагер ұстаздары Қания Айталиева мен Рысты Имашева кеш қонағының бір кездері талапты, үлгілі оқушы болғанын мақтанышпен айтып, сый-сияпаттарын ұсынды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Сабыров жыл құсындай оралған қарлығашқа шығармашылық табыс тіледі. Жазушының әкесі Хамза Илиясов пен анасы Базарғаным Шүкірқызымен дәмдес болған Хисмет Мөкешев, Халует Айтасова Мира апайдың өнегелі отбасынан шыққанын айтып, текті ата-анасы туралы естеліктерімен бөлісті. Батагөй қариямыз Хисмет ата қаламгер қызына бисендіктер атынан ақ батасын берді. «Салтанат» бөбекжайы қызметкерлері өз қолдарымен жасаған тұмарды сыйға тартты. Ауылда тұратын апасы Қорлан Илиясова, сыныптастары Ақмарал Айтасова мен Анаргүл Мендешовалар балалық дәуреннің қимас сәттерін еске алды. Айтқали ағайға құрмет көрсетілді. Б.Жәнекешов мектебінің жеті оқушысы менің «Мира әпке» деген өлеңімді жатқа оқыды. Шара соңында Мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған М.Шүйіншәлиеваның «Адасқан ару» әңгімесінің желісі бойынша қойылым қойылып, көрермендер ұзақ қол соқты. Кеште Мира Хамзақызы мектеп мұражайына кітаптарын сыйға тартып, жыр оқыған, қойылымға қатысқан балаларға тәтті үлестірді. Шырайлы да тағылымды кештің басы-қасында аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев жүрді.
Осы кештен керемет әсерге бөленген жерлестері кішкентай ауылдан түлеп ұшқан Мира қыздарымен мақтанатындарын айтып, ескерткішке суретке түсіп, «қайда жүрсең де аман бол» деген тілекпен Оралға шығарып салды.
Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ, Бисен ауылдық Мәдениет үйінің директоры
Версия для печати
Пікір үстеу