«ЖАСТАР ЖЫЛЫ» ЖАРҚЫН ІСТЕРМЕН ӨТУІ КЕРЕК
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы орайда бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңейтілген кеңес жиынында «Жастарды дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасының» жүзеге асырылуы мен өңірімізде жастардың барлық санатын қолдау мақсатында атқарылатын жұмыстар талқыланып, ұсыныстар тыңдалды.
Облыста 136 мыңнан астам жас бар. Экономикалық белсенді жастар – 83 мың. NEET жастардың үлесі – 3,1 пайыз. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Аян Сақошевтың айтуынша, бұл соңғы үш жылда екі есеге төмендегені әрі республикадағы жоғары көрсеткіш болып саналады. Жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз. Осы мәселелерді шешуге бағытталған «Батыс Қазақстан облысы жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы» жүзеге асырылуда. Жол картасы әр санаттағы жастардың мәселелерін төрт бағыт бойынша шешуге бағытталған – жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру; сапалы және қолжетімді біліммен қамту; жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру; жеке және кәсіби өсуге жағдай жасау.
– Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегі арқылы биыл 10 мыңнан аса жас жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары 6243 жасты жұмысқа орналастырды. Олардың 1609-ы «жастар практикасымен» жолданса, 495 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдарға барып, 299 млн. теңге көтерме жәрдемақы алды. 428 жас маманның баспана алуы үшін 1,4 млрд. теңге көлемінде несие берілді. «Студенттік құрылыс», «Жасыл ел», «Қысқа мерзімді оқыту», «Бизнес-бастау» жобаларына 2,5 мыңнан аса азамат қатысты. 34 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Нәтижесінде 600-дей жас жұмысқа орналасты, – деді Аян Қажимерұлы.
Жастардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында облыс бойынша 8 коворкинг орталығы бар. Оның алтауы – аудандарда. Енді Қаратөбе, Бөкей орда, Жәнібек, Қазталов, Тасқала, Сырым аудандарында коворкинг орталықтарын ашу жоспарда. Яғни, 2020 жылға дейін барлық аудандарда коворкинг орталықтары ашылады. Биыл 50-ден аса спорт нысандары қолданысқа берілді. Бұлардың жастардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне және салауатты өмір салтын қалыптастыруларына септігі мол.
Жол картасының жеке және кәсіби өсуге жағдай жасау бағытында жас басқарушылардың біліктілігін арттыру, кәсіби өсуіне көмектесу мақсатымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент академемиясының лекторлары мен коучерлері 300-ден астам адамды қамтитын 10 оқыту семинарын ұйымдастырған. Жастардың интеллектуалдық дамуын арттыру, жас көшбасшыларды қолдау мақсатында өткен «Жастар – Отанға» лагері аясындағы тренингтерге 120 жас қатысқан. Жастар ісі комитеттерінің басын біріктіріп, облыстағы 50 мыңнан астам студенттерді қамтитын «Stud union» ұйымы әлеуметтік, экономикалық жобаларды жүзеге асыруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру да жастар назарында. Бағдарлама аясында «Өркениет», «Сананы өзгертетін ойлар», «Жайық smart», «Жетістікке 100 қадам», «Заманауи дәрістер», «Ұлттық қазына» жобалары қолға алынған.
Келер жылдың «Жастар жылына» арналуына орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жастардың ойларын және ұсыныстарын негізге ала отырып, жастар үшін жұмыстың басты бағытын анықтау мақсатымен «Жастарға арналған 101 идея» қоғамдық науқанын жариялады. Өңіріміздің тұрғындары жастар мәселелеріне қатысты өз ойларын «Ақжайық жастары» – zhastar-07.kz порталында өтетін арнайы сауалнамалар арқылы жеткізе алады. www.crowd.kz2050.kz краудсорсинг платформасында өздерінің нақты жобалары мен ойларын ұсынуына да болады. Кампания арқылы ұсынылған пікірлер мен жобалар арнайы жастар арасында өткізілетін ашық алаңдарда, желтоқсан айында өтетін облыстық жастар форумында талқыланатын болады. Сараптамадан өткен нақты ойлар мен жобалар Жастарды дамытудың жол картасына енгізілмек.
Кеңес барысында Қазталов ауданының әкімі А.Шыныбеков аудандағы жастар саясаты мәселелерінің орындалуын, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма төрағасы, ректоры Асқар Наметов оқу орнындағы студент-жастармен жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшесі Галина Манцева, жас кәсіпкерлер Ақжол Жандауов, Индира Әлібекова, «Urban stile» би студиясының жетекшісі Асан Саматов және оқу орындарының белсенді студенттері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Басқосуды облыс әкімі Алтай Сейдірұлы қорытындылап, жастардың ұсыныстарын қолдауға лайық екенін айтып, сала басшыларына тапсырмалар берді.
– Жұмыс жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттік қызметті жасауға жол ашық. Ең бастысы білімді шыңдау. Алдағы «Жастар жылын» нақты істермен өткізуіміз керек. Елбасы жастарды қодауға ерекше маңыз беріп отыр. Мәселен, «Президенттің 5 әлеуметтік бастама» аясында келесі жылы өңірімізде 5 жатақхананың құрылысы басталады. Білім іздеген жастар үшін гранттар беріледі, – деген облыс басшысы елдің дамуына аянбай үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында айтылғандай, жыл соңында, нақтырақ айтқанда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс жастарының форумы өтпек. Ал келесі жылы шекаралас өңір жастарының қатысуымен ауқымды форум ұйымдастырылады.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу