Жандарбек БҰЛҒАҚОВ: «Жастарды татуластыратын үлкендер жоқ»
БҚО әкімдігінің қолдауымен 5 наурыз күні өңірде «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жыр аламанына еліміздің әр түкпірінен есімдері елге таныс 20 ақын жиналды. Сөз тарландары айтыстың басты тақырыбы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, «Жастар жылы» аясындағы жарқын болашақты жырларына арқау етті. Осы айтыста Астана қаласының ақыны Жандарбек Бұлғақов жүлделі үшінші орынды иемденді. Жүрсін Ерманның сөзімен айтсақ, осы айтыс кезінде жас ақындардың арыстанымен біз де тілдескен едік.
– Ақ Жайықтық ағайын айтысты қалай қабылдады?
– Оралда айтыспағаныма біраз болыпты. Соңғы рет айтыстың аламанын қыздырған Асылбек Ищановты еске алуға арналған жыр сайысына келген едім. Бауыржан Халиолла ағам осы айтысқа қатысуыма мұрындық болды. Жайық жұртының ықыласы ерекше. Таңғы сағат 10.00-нан дүйім жұрт жиналып, залда ине шаншыр орын болмады. Әр айтыста ұтымды сөз, орамды ой айтылса, жетістік – сол. Бір талант жарқ етсе қазақ руханиятына қосылған олжа деп білемін.
– Қандай мәселе сіздің назарыңызда болды?
– Айтыс 10 немесе 8 ақынмен өтсе, тұшымды болады. Ізденісіне байланысты әр түрлі шығуы мүмкін, бірақ 20 ақын қатысқаннан кейін міндетті түрде ой қайталанады. Мен мәселен, басқа ақындар көтереді-ау деген дүниелерге іштей дайын болып, оларға тоқталмадым. Біреудің ақша жымқырғанын, шенеуніктің ерсі қылығын айтамыз да, қоғамда қыз баланың тәрбиесі, ұлттық құндылықтардың дәріптелуін өткір проблема қатарына қоспайтын болдық. Статистика бойынша алматылық жас отбасылардың үштен екісі ажырасады екен. Бұл шын мәнінде уайымдайтын жайт. Сондықтан мен оларды татуластыратын үлкендердің жоқтығын айттым. Тал бесіктен басталатын тәрбие болғандықтан, бұл тақырыпты талқылай түсуіміз керек.
– Жүрсін Ерманның сізді «оралман ақын» деуінің себебі неде?
– 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен үлкен айтыс өтті. Ірі ақындар қатысты. Мен де болдым. Бірақ, оған Жүрсін ағамыз шақырылмаған екен. Сол айтысқа қатысқанымыз үшін ол бізге өкпеледі. Реніш біразға дейін созылды. Күндердің бір күні «Қылтың-сылтыңды қой да, кел» деген. Толық өкпесі жазылғасын бір-ақ барайын деп мен де тайсақтап жүрдім. Арада екі жылдай уақыт өтіпті. Халық та әлеуметтік желілер арқылы іздей бастады. Көрермендерге ризамын. «Мынау қашан кетеді» дегенен гөрі «Қашан келеді» деген жақсы ғой.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу