ЖАЙЫҚТЫҢ ДЕҢГЕЙІ 340 САНТИМЕТРГЕ ЖЕТУІ МҮМКІН
Биыл 5 мамырдың өзінде Жайық өзенінің деңгейі 285 сантиметрге жетті, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 сантиметрге жоғары болып отыр. Былтыр өзеннің тасу шегі 26 сәуірде тіркелсе, үстіміздегі жылы да сол деңгейде және тәулігіне орта есеппен 6 сантиметрге көтерілуде. Ағымдағы жылы судың тасу шегі 13-15 мамыр күндері 340 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір метрге жоғары. Бұл туралы БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі мақсат – Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймаларын толтыру. Қазіргі таңда қажетті 260 млн текше метр судың 57 пайызы жиналған. Киров су қоймасы 60 пайызға, Бітік су қоймасы 50 пайызға толтырылған. Биыл Жайық өзенінің тасуы ұзаққа созылғандықтан, бұл жұмыстар су деңгейі түскенге дейін жалғасады. Ал «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, 2019 жылы су мүлдем тапшы болып, облыстағы бас су күре жолдары Жайық, Үлкен және Кіші өзендерінде тасқын суы жоқтың қасы болғанды. Бұндай су тапшылығы 1967 жылы болған. Сол жағдай биыл қайталанып отыр.
– Трансшекаралық Жайық өзені сулылығының 80 пайызы негізінен Ресей Федерациясында құралады. Көктемгі су тасқының көлемі күзгі ылғалдылық, тоңның қалыңдығы, қар қоры және көктемгі ауа-райымен қатар, РФ-дағы Жайық өзенінде орналасқан су қоймаларынан судың жіберілуіне байланысты. Өкінішке орай, су тапшылығы Шаған өзенін де айналып өтпеді. Шаған өзенінен жинақталған су көлемі су қоймасы маңында орналасқан саяжайлар мен шаруа қожалықтарының көкөніс өсіруіне толықтай жетеді. Үлкен және Кіші өзендердегі су тапшылығы салдарынан Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батыс аумағындағы экологиялық жағдай елеулі қиындап, 50 мыңнан астам тұрғыны, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе және ұсақ малды қоса есептегенде 971 мың бас малы және ауыз сумен қамтамасыз ететін қолданыстағы 14 жергілікті су тазалау қондырғысы бар Қазталов, Жаңақала аудандарының халқын және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасуы ықтимал. Үлкен және Кіші өзендері алқаптарында инженерлік үлгідегі көлдетіп суармаланатын 70 мың гектар жер бар. Соңғы жылдары өңіріміздегі су айдындарында, соның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін құрылғы орнатылған су айдындарында және жасанды су қоймаларда судың сапасы нашарлап, су жасыл, тұзды суға айналуда. Инженерлік көлтабандар мен табиғи шабындықтар суарылмағандықтан, мал басының бұдан әрі өсуіне мүмкіндік болмай, облыстың мал шаруашылығының дамуына қауіп төнуде. Осыған байланысты, Саратов каналы арқылы алынатын 107,0 млн.м³ көлемінде Еділ суын жеткізу үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты ұлғайту қажет, – дейді Нұрболат Ұлданұлы.
Мәлім болғандай, ағымдағы жылы Еділ суын насос станциялары арқылы беруге жұмсалған шығынды өтеу үшін республикалық бюджеттен 1 964,5 млн.теңге, соның ішінде Ресей Федерациясының Саратов облысынан Үлкен және Кіші өзендерге су беруге 1 439,0 млн.теңге, Волгоград облысынан Жәнібек жүйесіне су беруге 525,5 млн.теңге бөлінген. Бұл бөлінген қаражатқа тек қана 72,0 млн. текше метр су алуға болады, ал жалпы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 107,0 млн. текше метр су алу қажет екен. Аймақтағы экологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жетіспейтін 35,0 млн.текше метр көлеміндегі Еділ суын алу үшін республикалық бюджеттен қосымша 999,1 млн.теңге қаражат бөлінуіне ықпал етуді сұрап облыс әкімдігі 2020 жылдың наурыз айында Қаржы министрлігіне хат жолдаған.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу