ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА 216 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Жаңа жыл қарсаңында оралдық отбасылар қоныс тойын тойлады. Бүгін, 30 желтоқсан күні көпқабатты тұрғын үйдің кілттерін тапсыру рәсімі өтіп, оған облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Көпшіліктің қуанышына ортақтасып, қоныс той иелерін құттықтаған аймақ басшысы Ғали Есқалиев дағдарысқа қарамастан биыл құрылыс нысандары еселене түскенін айтып, пәтер иелеріне жаңа жылда жақсылық тіледі.
– Жыл соңында жағымды жаңалықтар болып жаңа үйлеріңіздің кілтіне ие болып отырсыздар. Мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Алдағы жылдары бұдан да көп үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады.Қоныс тойларыңыз құтты болсын,- деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.
Самал көшесі, 98 мекенжайдағы пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің аяқталуын асыға күткендердің бірі – Баян Жәрдемова. Ол осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Ал бүгін су жаңа екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Мемлекеттің мұндай қамқорлығын сезінген ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
– Осы уақытқа дейін жасыратыны жоқ қаланың барлық ауданында тұрдым. Биылғы жыл ойдағыдай болған жоқ, алайда жыл соңында кең сарайдай басапанымыздың кілтін қолымызға алдық. Өте ризамыз. Жаңа жыл құтты болсын, – деді жаңа қоныс иесі.
Осылайша 216 отбасы мереке қарсаңында баспаналы болды. Бұл игі үрдіс әлі де жалғасын табады. Алдағы жылы шаһарда тұрғын үйлер тағы да салынып, бұйыртса, пәтер кезегінде тұрғандар тағы да тойын тойлайтын болады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 9 қабатты көп пәтерлі тұрғынжайдың құрылыс жұмыстарын «СКФ Отделстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Тұрғын үй кезігіндегілерге арнайы салынған 216 пәтердің ішінде бір бөлмелі – 144, екі бөлмелі – 72 пәтер бар.
Версия для печати
Пікір үстеу