УКРАИН ҚЫЗЫ ИРИНА: «ТІЛДІ МЕҢГЕРУ ҮШІН НИЕТ КЕРЕК»
Еліміздегі ынтымағы жараса бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулығы, бірлігі ─ басқа мемлекеттерге үлгі. Әсіресе, қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің көбейгені көңіл қуантады. Бұл – шынайы патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі екені даусыз. Солардың бірі – украин қызы Ирина СУЕТИНА (Жилик). Қазақшаны өз тілінен артық білетін ол жас буынның бойына мемлекеттік тілдің қаймағын сіңіріп келеді. Еңбегі елеусіз емес. Тілдің өркендеп, қанат жаюына үлес қосып жүрген ару мемлекеттік тілді насихаттағаны үшін арнайы алғыс хат иеленген.
Ирина Тасқала ауданының тумасы. Әкесі Александр Жилик 1958-59 жылдардағы тың игеру кезінде Укринадан Қазақстанға қоныс аударыпты. Ал анасы Валентина осы өңірде дүниеге келген. Өзінің айтуынша, ауылда орыстілді жалғыз отбасы – Жиликтардың шаңырағы болыпты.
Ирина Александровна алғаш мектеп табалдырығын өзінің туған жері Айнабұлақ ауылындағы қазақ мектебінде аттады. Бала күнінен қазақтың ұл-қыздарымен бірге асыр салып ойнап, қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алған дарынды қыз оқу барысында да қиналмапты. Ал 7-сыныптан бастап аудан Тасқала аудандық «Сәулет» мектеп-гимназиясында оқып, 2007 жылы Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға қабылданған. Одан кейін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да білімін жетілдірді. Зеректігінің арқасында қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеріп, өз ойын толық жеткізе алатындай дәрежеге жетті. Мемлекеттік тілде өтетін «Абай оқулары», дәстүрлі тіл фестивалі аясындағы байқауларда топ жарып, жүлдегер атанды. Қазақ тілін білгендігінің арқасында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен аудармасыз танысып, ұлы Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жадына түйіп өсті.
– Отбасымызда барлығы қазақша біледі, бірақ көбіне орыс тілінде сөйлесеміз. Қазақ тілінің әуезділігі, түпсіз тереңдігі мен шексіз байлығы, ақиық ақын М.Мақатаевтың лирикасына деген махаббатым болашақ мамандығымды таңдауыма түрткі болды, – дейді Ирина.
Кейіпкеріміздің үлкен ағасы Валерий – полиция қызметкері, екінші ағасы Дмитрий – темір ұстасы. Қос бауыры да қазақ тілін жақсы меңгерген. Олар мемлекеттік тілді білу – барша қазақстандықтың борышы екенін жақсы түсінеді.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз қазақтілді балалардың әдеби шығармаларды оқу кезінде кейбір сөздердің мағынасын түсінбей қиналатынына қынжылысын білдірді.
– Тілді меңгеру үшін алдымен ниет болуы керек. Қай ұлттың өкілі болмасын, қазақтың жерінде тұрып, оның нанын жеп, суын ішіп жүрген соң, сол халықтың тілін де білуі парыз. Өкінішке орай, әлі де тіл дегенде кежегесі кейін тартып тұратындар баршылық, – деген Ирина қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін тілге қажеттілік болуы тиістігін атап өтті.
«Ұстаздықты жүрек қалауыммен таңдадым»
Қазір Ирина қаламыздағы №26 орта мектепті орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның сабақ беру әдісі өзінше тартымды. Сол себептен шәкірттерінің қазақ тілін үйренулеріне қызығушылықтары жоғары.
– Ұстаздықты жүрек қалауыммен таңдадым. Білгеніңмен бөлісіп, оқушылармен балаша жұмыс жасағанның өзі қызықты үдеріс. Әсіресе, сабақтың бағдарламасына қатысты қосымша мәліметтермен бөліссең, диалог жүргізсең, олардың қызығушылықтары арта түседі. Мүмкіндіктеріне қарай тілдерін сындырып, қазақша сөйлесуге тырысады. Әр сабағымды қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен байланыстыруға мән беремін. Бұл олардың тілді үйренулеріне серпін береді. Менің бар мақсатым – орыс тілінде білім алып жүрген балаларға мемлекеттік тілдің қасиеті мен тілдің шексіз байлығын сезіндіру, – дейді Ирина.
Ұстаздың шәкірттерін пәнге қызықтырудағы басты әдісі – ойын элементтерін қолдану. Қазір әдістемелік тақырыбын шыңдап, жан-жақты жұмыстануда. Бұл орайда алғаш жұмысқа орналасқан кезден қолдау көрсетіп келе жатқан мектеп әкімшілігі мен аға буын әріптестері де әдістемелік көмектерін аямайды.
– Білім беру саласына енгізілген жаңалықтар елімізді шыңға жетелейтін баспалдақ деп есептеймін. Өйткені қоғам күн санап дамып келеді. Технология дамыған жаңа ғасырда біздің көштен қалғанымыз жөн емес. Елбасымыздың ағылшын тілінің қажеттілігін айтып, үштілді білім беру жүйесіне көшуге пәрмен беруінің мәні де – осы. Жас ұрпақ терең білім алып, қосымша ғылымның тілін игерсе, ел экономикасының ілгерілеуіне оң әсерін тигізері анық, – деп кейіпкеріміз өз ойымен бөлісті.
Ассамблеяның белсенді мүшесі
Ирина ұстаздық қызметтің қауырт жұмысына қоса қоғамдық өмірде де белсенді. Ол облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде татулық пен тұрақтылықты насихаттайтын талай тағылымды бастамаларға үн қосып келеді. Өзімен бірге шәкірттері де өнерлерімен бөлісіп жүр. Олар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған «Этностар күні» жобасы аясында түрлі ұлттардың шараларына қатысып, көпшіліктің көңілін мерекелік бағдарламаларымен баурап үлгерген.
– Әр этностың ұлттық ерекшелігінің үлгі тұтар тұстары жетерлік. Тілі басқа болғанымен, тілегі бір әр ұлттың дәстүрінде алдымен мейірім мен қайырымдылыққа, бөтеннің ала жібін аттамау мен ар-намысына тіл тигізбеуге үндейтін үрдістер өте көп. Этномәдени бірлестіктің ұлттық дәстүрге сай өтетін мерекелеріне оқушыларымның қатысқанын құп көремін. Мұндай шараларға қатысу арқылы олар өзге ұлттардың өнерін, мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік алады, – дейді Ирина Александровна.
Эльмира НҰҒМАНОВА
P.S. Ұлты өзге болса да Иринаның бойынынан қазақылықты байқадық. Тіліміздің шұрайлылығын сөз еткен украин қызының мемлекеттік тілге деген құрметі көпшілікке, әсіресе, тілдің қадірін қашырып жүрген қандастарымызға үлгі.
Версия для печати
Пікір үстеу