ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ТАСБОЛАТ
Оралдық жас Тасболат Серікқалиев «Қазақстанның үздік студенті – 2020» халықаралық байқауында жеңімпаздар сапынан көрініп, Қазақстан Республикасының жастар саясатына қосқан үлесі, дарындылығы мен көшбасшылық қабілеті үшін арнайы тағайындалған «Қазақстанның Үздік студенті – 2020» төсбелгісімен және куәлікпен марапатталды.
Еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің инновациялық әлеуетін арттыру, жастардың зерттеушілік қабілеттерін дамыта отырып, тәжірибе алмасуы мақсатында жыл сайын ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Ғылым комитеті және Мемлекет тарихы институты мен «Білім Өркениеті» Ұлттық инновациялық-ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстанның Үздік студенті» байқауы өткізіліп келеді. Биылғы байқау әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты сырттай қашықтық түрде өткізілген.
Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің Ветеринария мамандығының 3 курс студенті Тасболат Серікқалиев өзінің оқудағы, қоғамдық шаралар бойынша жетістіктері жинақталған портфолиосын жолдап, нәтижесінде 450 студенттің ішінен таңдаулы 200 үздіктің бірі болды. Арнаулы төсбелгімен, куәлігімен марпатталған Тасболаттың есімі мен жетістіктері «Қазақстанның Үздік студенті – 2020» атты халықаралық кітап-жинаққа енді. Бұл құрметті жинаққа республика көлеміндегі жоғары оқу орындары және колледж студенттері арасынан «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық, республикалық және аймақтық олимпиадалардың,конференциялардың, жобалардың, орындаушылық байқаулардың жүлдегерлері, қоғамдық жастар қозғалыстарының көшбасшылары мен белсенділері, ҚР ұлттық құрамасының мүшелері, олимпиадалардың, халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ғана енгізілетінін атап өту керек. Оқуда озат, белсенді студент Тасболат Серікқалиұлы осындай марапатқа шын лайықты-ақ.
Киелі Қаратөбе топырағында дүниеге келген Тасболат аудан орталығындағы Мұхит мектебінің 9-сыныбын аяқтап, 2017 жылы Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжіне «Ветеринария» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Бүгінгі таңда 3 курс студенті. Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі жанынан құрылған «Алаш» пікір-сайыс орталығының төрағасы, «Studunion» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы, «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы «unicef Kazakhstan» балалар қорының медиа-еріктісі, «Білім Өркениеті» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ҚР «Үздік студенттер академиясының» мүшесі.
Ветеринария саласында білім алып, болашағын ауыл шаруашылығы саласымен байланыстыруға ниет еткен жас бала кезінен жанына серік болған әдебиет пен өнерден алыстаған емес. Өзі де үш жылдық студенттік кезеңде оқумен қатар алып жүрген шығармашылық және ғылыми жұмыстарындағы жетістіктері арқылы осындай марапатқа қол жеткізгенін айтады.
Иә, Тасболаттың жеке қорында жинақталған марапаттауларына қарап жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай екенін ұғуға болады. Білімнің шыңына ұмтылған жастың бірқатар жеңістерін де атап өткен артық болмас. Мәселен, ағымдағы жылы «Бөбек жалпыұлттық қозғалысы» ЗТБ ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Үздік жас ғалымы – 2020» атты Халықаралық жобасында бірінші дәрежелі диплом иеленген және «Рухани жаңғыру тетігі – тіл» атты мақаласы Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Түркия елдеріне таралатын Халықаралық стандартты нөмірге басылған кітапқа енген. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Қазіргі жағдайдағы ауыл шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық мәселелері» атты ғылыми мақаласын ұсынып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің ұйымдастыруымен өткен «ІХ Торайғыров оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында оқыған ғылыми мақаласы халықаралық жинақта жарық көрген. Бұдан бөлек, республикалық «Парасат» білім сайты ұйымдастыруымен «Менің Әлемім» атты жас таланттар байқауында – бірінші, «Шабыт» оқу-әдістемелік орталығы өткізген республикалық Үздік шығармалар байқауында – үшінші орын алды. Ал ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік мәдени-музей қорығының ұйымдастырған «Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы» байқауына туған жер тақырыбында деректі фильм ұсынып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Облыстық білім басқармасы және Білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, колледж басшысы мен өзі туып-өскен аудан әкімдігінің де арнайы алғыс хатын алған.
Тасболат әр күнін байыппен бағамдап, бос өткізбеуді дағдыға айналдырған. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға да атсалысып, жастық жігерін жақсы істерге жұмсап келеді. Үнемі ізденісте жүретін талғамы мен талабы таудай Тасболат дүниенің берік кірпіші боп қаланып, білім-білігімен ел дамуына лайықты үлес қосуды өзінің бар мақсаты санайды.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу