ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ «КІНДІК ӘКЕ» АТАНДЫ
Батыс Қазақстан облысында полицейлер алыс жолда қалып қойған жүкті әйелді қызметтік көлікте босандырып алды. БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлімдеуінше, оқиға 26 ақпанға қараған түні «Самара-Шымкент» автожолы бойында Сырым ауданы Алғабас ауылы тұсында болған. Осылайша қақаған қыста полиция көлігінің салонында дүниеге келген шақалақтың өмірге келгеніне үш айдан аса уақыт өтті…
Батыс Қазақстан облысында алыс сапарға шығып, жолда қалып қойған жүкті әйелді полицейлер қызметтік көлікте босандырып алған. Оқиға биыл қытымыр қыста «Самара-Шымкент» тас жолында болған. Дәл сол күні кәрі құда қыс қаһарына мініп, ақтүтек боран соғып, үскірік аяз бетті қарыған күн болатын. Оның үстіне нақ осы тәулікте Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пункті «112» телефон нөмірі бойынша тәулік бойы төтенше жағдай туралы жариялап, атап айтқанда қатты жел тұру қаупінің ықтималдығы жоғары екені жөнінде хабарлама жолдап, тұрғындарға алыс жолға шықпау туралы ескертіледі. Сәйкесінше, аталған бағыттағы жолдар жабылып, барлық құрылымдық күштер осы тас жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылады. Жол тәртібін қадағалап жүрген Ерніс пен Тимур жол бойында тұрған «ВАЗ-2110» жеңіл көлігін байқайды. Оның жүргізушісі автокөлікте жүкті келіншектің толғағы басталғанын жеткізген.
Айта кету қажет, елдімекен мен облыс орталығы Оралға дейін шамамен сексен шақырымның үстінде жол қашықтығы бар еді. Полиция лейтенанты Ерніс Бақтыгереев пен полиция аға лейтенанты Тимур Сүйінәлиев толғағы қысқан келіншекті бірден қызметтік көлігіне мінгізіп, қалаға қарай жүйткіген. Алайда…
«КІНДІК ӘКЕ» АТАНАМЫН ДЕП ОЙЛАМАППЫН»
Оқиғаны есіне тағы бір мәрте түсірген Ерніс Бақтыгереев сәл жымиып, аталмыш жайтты ешқашан ұмытпайтынын айтты.
– Біз боранға қарамастан, қауіпті екенін біле тұра ана мен баланың өмірін ақ халаттыларға аманесен тапсыру үшін жылдамдықты бастық. Десе де, қалаға келе жатқан бағытымызда салонда отырған екіқабат келіншекті көліктің ішінде босандырып алуға тура келді. Мұндай жағдай бірінші рет болды. Жалпы, өзімізді барынша сабырға шақырдық, сол сәттегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Әйтеуір, аман-есен «кестетігер» сәбидің көлік ішінде жарық дүниеге келуіне себеп болдық. Қатты суық болғандықтан, шақалақты тоңдырып алмауға тырыстық. Жедел жәрдем көлігі Подстепный ауылы тұсынан күтіп алды. Осылайша ана мен баланы ақ халаттыларға жеткіздік. Мен жол бойында жұмыста жүріп, «кіндік әке» атанамын деп ойламаппын, – дейді полиция лейтенанты Ерніс Бақтыгереев.
БҚО ПД лейтенанты Ерніс Бақтыгереев 2016 жылы «Өрт сөндіру» бөліміне қызметке орналасып, 2019 жылы БҚО ПД ППБ «қызмет инспекторы» лауазымына ауысқан. Қазталов ауданы, Бостандық ауылының тумасы, жолдағы тәртіпті қадағалай жүріп, әр тәулікте сан түрлі қиын да қызықты жәйттарға куә болып жүр. Отбасылы, ізбасары бар. Қос полицей де шаңырақтарында ұрпақ тәрбиелеумен қатар, мемлекет алдындағы қызметті абыроймен атқарып жүр. Ерніс Марсұлы әріптесі Тимур Сүйінәлиевпен әр күн сайын республикалық маңызы бар жолдарда кезекшілікке егіз қозыдай қатар түсіп, жүздеген көлік иелерімен жүздесіп, оларға бағыт-бағдар беріп келеді. Аталмыш жағдайдан кейін де тәртіп сақшылары жас ананың отбасымен хабарласып, байланыста жүргендерін де айтып қалды. Сәбидің әке-шешесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріпті.
– Негізінде Тимур екеуіміз перзентханадан сәбиді шығарып алу шарасына баруды жоспарлап едік. Десе де, кезекшілігіміз келіп, отбасының қуанышын бөлісе алмадық. Тек амандықтарын тіледік. Менің қызметімнің негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігін қадағалау, тас жолдағы тәртіпті сақтауға үлес қосу және жол көлік оқиғасының алдын-алу. Бұл салаға мен кездейсоқ келген жоқпын. Оқуымды аяқтап, Отан алдындағы борышымды өтеген соң, тестілеуді сәтті тапсырып, Полиция департаментіне қызметке тұрдым. Қоғамдағы тәртіпті қадағалау қиындығы мол жұмыстардың бірі. Әріптесім Тимур Сүйінәлиев екеуміз республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда кезекшілік міндетті атқарамыз. «СамараШымкент» тас жолы – тоғыз жолдың торабы. Ақтөбе, Алматы сынды мегаполистерге осы жолдар арқылы қатынас жасалады. Оның үстіне жүк көліктері де жиі жүйткитін аумақ. Көп жағдайда бұл бағытта қолайсыз күн райында көмекке мұқтаж жолаушылар жиі ұшырасады. Ескерту шараларына қарамастан, халық жолға шығып, салдарынан қиын жағдайда қалады. Біз әр сын сағатта қарапайым халықпен бірге болып, мәселені ушықтырмай, шешуге тырысамыз. Ортақ істе төтеншеліктер мен дәрігерлерді ұмыт қалдыруға болмайды. Алайда, бұл оқиға өте ерекше және жадымызда мәңгі қалатын жағдай болары сөзсіз. Адам өмірін құтқарып қана қоймай, періштеге өмір сыйлау, бұл фәниде еш нәрсемен айырбастауға келмейтін құндылық деп есептеймін, – дейді Ерніс Бақтыгереев.
Толғағы қысқан анаға көмек қолын созған екінші азамат – Тимур Сүйінәлиев. Тасқала ауданының тумасы, полиция аға лейтенанты Тимур Құрманғазыұлы өзінің кішкентай сәбиі бар екенін айтады. Осы сәтке дейін кинодан болмаса, шыр етіп іңгәлаған сәбидің жарық дүниеге келуіне куә болмапты.
– Осы оқиғадан мен нәзік жандардың мықты, шыдамды болатынын мойындадым. Жапжас ананың қалай қиналғанын көрдім. Дегенмен, келіншек шыдамдылық танытып, біздің де қорқынышымызды сейілтуге тырысты. Қызмет атқарғанымызға көп болмаса да, жол бойындағы көптеген төтенше жағдайларға қанық болдық. Мәселен, қатты аязда жолда қалған, көлігі сынып көмек сұрағандар, көктем мен күзде балшыққа батқандар көп кездесті. Ал бұл оқиға ерекше. Ерекшелігі сол, айналдырған бірер сағатта ананы да, сәбиді де аман алып қалдық. Біз әрқашан міндетімізді абыроймен атқаруға күш саламыз. Барша қазақстандықтарды, ер азаматтарды мамыр мерекесімен, Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің – 76 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бейбіт күніміз мәңгі боп, Көк туымыз көкте желбіресін. Ана мен бала бақытты өмір сүріп, азаматтар қорғаны болсын, – деген тілегін де арнады ол.
ЕЛІ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТУДЕ
Жол бойында ана атанған келіншек «Тоғанас» ауылының тұсында босанып, қол-аяғын бауырына алып, сәбиiн құшағына қысып аман-есен дәрігерлерді де, тәртіп сақшыларын да, отағасын да қуантқан. Осылайша дәрігерлерге шақалақ пен анасын аман табыстаған тәртіп сақшылары қызметтік міндеттеріне кірісіп кетеді. Айта кеткен жөн, жолда босанған келіншек Сырым ауданы, Алғабас ауылының тұрғыны. Онымен байланысқа шығып, жағдайын білмек болған бізге қандай да ақпарат беруден бас тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, босанған ана 1994 жылы дүниеге келген. Бұл отбасында өмірге келген алғашқы сәби емес. Бүгінде ана мен баланың денсаулығы жақсы. Олар үш күн дәрігерлер бақылауында болыпты. Отбасы мүшелері қос полицейге алғысын жаудырады.
Мақалада баяндаған кейіпкерлеріміздің қай-қайсысы да қызметіне адал екенін дәлелдеген жандар. Әскерилердің ерлігі құрметке лайық, әйтсе де бұл үшін олар сый-сияпат сұраған емес. Ел үшін еңбек етуді бәрінен биік қояды жігіттер.
ҚАЙТАЛАНҒАН ОҚИҒА
Тағы бір жағдай, 27 ақпанда Бөрлі ауданында болды. Ақсай қаласында тұратын келіншек толғағы басталғаннан кейін такси шақырған. Такси жүргізушісі тәжірибесі аз болғандықтан, әйелді барынша тез жеткізу керектігін жолшыбай кездескен патрульдік полиция қызметкерлеріне айтқан. Полиция капитаны Нұрсұлтан Бекесов пен аға лейтенант Ерлан Өрісбаев әйелді өз көліктеріне отырғызып, Бөрлі аудандық ауруханасына дереу жеткізді. Іле-шала шақалақтың дауысы естілді.
Айнара ИСА
Версия для печати
Пікір үстеу