ӘСКЕРДЕН ЖАЛТАРҒАНДАР ТАНЫС ЖАҒАЛАЙДЫ
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін көзқарас пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекетті, қоғам мен бизнесті осы әлеуметтік кесапатқа қарсы жұмылдыру – «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының негізгі мақсаты. Осы орайда партия өкілдері сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекетке төнетін қатер екенін әр азаматқа жете түсіндіруге ден қоюда.
Сыбайлас жемқорлық – жаһандық мәселе. Еліміз тәуелсіздік алғалы осы індетпен күрес жұмыстарына маңыз беріп келеді. ТМД елдері ішінде ең алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдаған да біздің мемлекет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізетін арнайы орган құрылды. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі бекітілді. Десек те, елдегі жемқорлық деңгейі әлі де алаңдатарлық. Қазақстанның сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдер сапына ілігуі үшін азаматтардың санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы мен осы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды құжаттарының бірі болып табылады. Бір-бірімен үйлесім тапқан бұл құжаттар алдын алу шаралары мен азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуге бағытталған. Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында өткен кездесуде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кеңесшісі Азамат Нысанбаев партияның мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдында «мемлекеттің қоғамға қызмет етуі» қағидатымен ашықтығын, айқындылығын және есептілігін арттыруға бағытталған жұмыстарымен таныстырып өтті. Бүгінде қалалық филиал жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау, «Нұрлы жер» комиссиялары жұмыс жасайды. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттарынан құралған «Нұрлы жер» комиссиясы аталған бағдарлама аясында бөлінген республикалық бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағаласа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі қалалық бөлім басшыларының ақпараты арқылы әр мекеме-ұйымдарда сыбайластықтың жолын кесу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жұмыстарымен танысып отыр. Халықпен кері байланыс бағытында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып келеді. Бұл жұртшылықтың мемлекеттік орган басшылары мен мәслихат депутаттарына өтініш-тілектерін жеткізуі үшін қолға алынып отырған кері байланыс. Партияның «Жас Отан» жастар қанаты да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін жастар арасында тәрбиелік мәні бар ауқымды шаралардың өтуіне ұйтқы болып жүр.
– Елдің әр азаматы жемқорлыққа қарсы әрекетін көрсете білуі тиіс. Жемқорлықпен күрес мемлекеттік органдардың ғана міндеті деген түсінік – сыбайлас жемқорлықтың жойылуын тежейді, – деген Азамат Махамбетұлы Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жүргізуге мән бергенін және бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі – көрсетілетінін мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа ауыстырылуы жөнінде түсінік берді. Қызметтердің көрсетілуін электронды нұсқада ұсынуда қалада жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Автокөліктерді тіркеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы – соның бір айғағы. Мұнда ұсынылатын қызметтердің басым бөлігі автоматтандырылған. Бірақ, партия өкілі халықтың тарапынан бұл орталықта мәселені әп-сәтте оңынан шешіп беретін делдалдардың бар екені туралы ақпарат түскенін жетізді.
– ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықтың ең белең алған түрі – парақорлық. Екінші орында – мемлекеттік орган қызметкерлерінің өз лауазымдарын асыра пайдалануы. Қызмет көрсетуде астыртын жолмен делдалдардың қызмет ұсынуы туралы ақпарат түссе, біз мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, «жасырын сатып алушы» арқылы анықтауға тырысамыз. Мұндай ақпар ХҚКО-на ғана қатысты емес, медицина саласында да келістірушілердің бар екенін білдік. Көп жағдайда қызмет алушылардың өздері ұсыныс жасайды. Алайда, қызмет көрсетуші оған алданбауы керек. Қорғаныс саласында мұндай жағдайлардың болуы – елдің тыныштығын қамтамасыз ететін органға деген сенімді төмендетеді, – деген Азамат Махамбетұлы жұдырықтай жұмылу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға шақырды.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Руслан Ниетәлиев әскерге шақырылушылар арасында таныс жағалап, әскери мерзімді өтеуді кейінге қалдыруға әрекеттенетіндердің бар екенін жасырмады.
– Жастардың рухы төмен. Қазір әскер жасындағы азаматтарды мерзімді әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Шақырту бойынша келген бозбалалар «оқуда едім», жалғызбасты ананың баласымын», «несием бар еді», «дайын емеспін, келер жылы барайыншы» деген жағдайларды жиі айтады. Оларға Ата заңымыздың 36-бабына сәйкес Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті парызы және міндеті екенін, заңда белгіленген тәртіп бойынша әскери қызмет атқару жауапкершілігін түсіндіреміз. Бірақ, олар бармаудың басқа амалын жасау үшін таныстарын іздейді. Кейде ата-аналардың өздері «Менің жібергім келмейді, не істеуім керек» деп келетін жайттар бар. Бірнеше мәрте келіп, өз ұсыныстарымен «айналдыруы» мүмкін. Осындай жағдайларға қарсы тұруы үшін жеке құраммен ұдайы жұмыс жүргізіліп, арнайы қызмет органдарымен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу мақсатында құрылған жоспарымыз бойынша жұмыстар жасалуда, – деді полковник Руслан Шәріпұлы.
«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кеңесшісі Азамат Нысанбаевтың келтірген мәліметі бойынша, сыбайлас жемқорлық деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Судан, Сирия мемлекеттеріне тиесілі. Бұл елдердегі қазіргі жағдай баршаға аян. Жемқорлық елдің дамуы үшін тежегіш фактор. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуді тәуелсіздігімізді нығайту деп қабылдау керек. Жемқорлық көрсеткіші Жаңа Зеландия, Швеция, Швейцария, Сингапур, Германия елдерінде әлдеқайда төмен. Жапония мемлекеті бірінші орында. Жапондықтар әдет-ғұрыпқа аса құрметпен қарайтын ел. Олардың тәрбиесінде баланы ерте жастан адал еңбекке баулуға басты мән беріледі. Қазақы тәрбиеде де адалдықтың орны бөлек. Ата-бабамыз «Ала жіпті аттама», «Аманатқа қиянат жасама» деген ырым-тыйымдар арқылы ұрпағын біреудің ақысын пайдаланудан тыйып отырған. Олай болса, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей, ата-баба дәстүрін жаңғырту сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бір тетігі болуы керек. Бір-бірімен ұштастырыла қабылданған бағдарламаларды орындауға әр азамат атсалысса, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда алға қойған мақсатымызға жете алатынымыз кәміл.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу