ШАҒАН ӨЗЕНІНІҢ ОҢ ЖАҒАЛАУЫ ЖАҢА СПОРТ АЛАҢДАРЫМЕН ТОЛЫҒАДЫ
Қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы Шаған өзенінің оң жағалауын дамыту жалғасуда. Бүгін оң жағалауды дамыту аясындағы екінші кезеңнің жоспары спорт саласының ардагерлері мен қала тұрғындарына таныстырылды.
Қалалық мәдениет және демалыс саябағын кеңейту осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынып, 2017 жылы 2,7 шақырымдық велосипед жолы пайдалануға берілген еді. Оның 400 метрі – балаларға арналған шағын айналым жолы. Жаңа орында асфальтты-бетонмен жабылған 800 метр қашықтықты қамтитын автокөлік жолы да салынды. Сондай-ақ қазір мұнда паркур, стритворкаут алаңы, футбол ойыны алаңы, скейтпарк бар. Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұхамбетов таныстырып өткендей, биыл Бас жоспар аясында жағажай волейболы мен стритбол алаңы, автотұрақ, тир, дартсқа арналған нысандар салынады. Тамақтану орыны ұйымдастырылып, әжетхана мен жуыну кабиналары орнатылады. Сондай-ақ бұл орында ұлттық ойындарды дамытуға да жағдай жасалмақ. Ол үшін келер жылы асық ойыны алаңы дайындалатын болады. Страйкбол ойынына арналған орын бөлінеді. Сонымен қатар жарықтандыру жалғастырылып, саябаққа Зашаған кенті жағынан кіретін 6 шақырымдық жолға асфальт төселмек.
– Шаған өзенінің оң жағалауы ашық аспан астындағы спорт орталығына айналды. Он шақты спорт түрі бойынша алаңдар ашылды. Бұған қаламыздың меценаттары және «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау көрсетті. Кең аумақты қамтитын алаңда спортшылардың ғана емес, қала тұрғындарына отбасылық спортпен айналысуларына мүмкіндіктер жасалуда. Осы бағытта біз жаңа алаңдармен толықтыруды жалғастыратын боламыз. Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев тұрғындардың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін тапсырды. Спорт алаңы осы мақсатқа жету жолында серпін береді, – дейді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Жағалауда абаттандыру жұмыстары да қолға алынатын болады. Жоба толығымен жүзеге асырылса, бір мезетте 1500-2000 адамды қамтитын спорттық ойындар өткізуге мүмкін болмақ.
Бұл күні оң жағалауға жиналған спорт жаттықтырушылары да жағалауды дамыту жұмыстарына қатысты ұсыныстарын айтты. Мәселен, спорттық алаңдармен қатар қонақ үй, асхана салынса, жағалау жоғары деңгейдегі спорт жарыстарын ұйымдастыруға бейімделетін болады. Сондай-ақ бұл жергілікті спортшылардың табиғат аясында бекітілген тәртіппен үздіксіз дайындалуына қолайлы болмақ.
Шағанның оң жағалауын көп салалы спорт алаңына айналдыру жөніндегі жобаның иесі БҚО велоспорт федерациясының президенті Асқар Шораев бұдан әрі де дамыту жұмыстарына атсалысатынын айтып, спортты дамытуға жасалып жатқан жұмыстардың арқасында 2020 жылы бұқаралық спортпен айналасатын батысқазақстандықтардың үлесі 30 пайыздан асатынына сенетінін жеткізді.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу