ҮШ СПОРТ ЖӘНЕ БАЛАЛАР АЛАҢҚАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Елорда күні Орал қаласында үш бірдей спорт және балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Ел игілігіне берілген нысандардың ашылу салтанатына қала басшысы Абат Шыныбеков қатысып, тұрғындардың қуанышын бірге бөлісті.
Қала тұрғындарын қуанышқа бөлеген Есенжанов 1/1 мекенжайында ашылған спорт және балалар алаңқайының құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған болатын. Құрылыс үш жарым айға жоспарланғанымен, жауапты мекеме «Жайық Сити» ЖШС жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Мұнда жобаға сай шағын футбол алаңы, воркаут аймағы, жарықтандыру, көгалдандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қарастырылыпты.
– Баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай жарқын мерекеде біздің құрылысшыларымыз тамаша тарту жасап жатыр. Былтырғы жылдан бері қаламызда көпқабатты үйлердің ауласында спорт және балалар алаңқайларының құрылысын жасақтауды жүзеге асыра бастаған едік. Бүгін үш аймақта жаңадан салынған көпбейінді спорт және балалар алаңқайларының іске қосылуына куә болудамыз. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау. Тұрғындар тарапынан ересектерге де спорттық қондырғылар орнатылса деген ұсыныстарын айтуда. Оны да болашақта ойластыратын боламыз. Әзірге Оралда тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан «Аула Фит» жобасы аясында спорт мекемелерінің жаттықтырушылары тегін спорт жаттығуларын жүргізетін болады. Бұл барлық деңгейдегі азаматтарды спорттық шаралармен қамту мақсатында ұйымдастырылған шара. Қаланың әр аумақтарында осындай спорт алаңдарының жөнделуі немесе жаңадан салынуы, заманауи ойын жабдықтарымен қамтамасыз етілуі мемлекет тарапынан тұрғындарға салауатты өмір салтын насихаттау барысында жасалып жатқан үлкен қолдау деп айта аламыз, – деді салтанатты рәсімде сөз алған шаһар басшысы Абат Абайұлы.
Спорт ардагері Руслан Молдашев жаңа алаңмен қамтылған тұрғындарға «құтты болсын» айтты.
– Спортты серік етіп, салауатты өмір салтын қалыптастыратын дене жаттығуларының пайдасы зор. Әрбір отбасы, әр ата-ана балаларын спортқа баулып, дені сау, тәні сау Қазақстанның азаматтарын тәрбиелеуіне тілекшімін. Осындай алаңқайлар көбейе берсін, бұл үлкен қамқорлық деп есептеймін. Нәтижесінде спортқа деген бетбұрыс көбеюде. Бұл игі жұмыстар үшін облыс және қала басшылығына ризашылығымды білдіремін, – деді Руслан Қайыржанұлы.
Ал Қонаев шағынауданындағы №16, 17, 18, 19, 20-үйлердің аулаларынан ашылған спорт және балалар алаңқайы да тұрғындардың мереке күнгі қуанышын еселеді. 380 шаршы метр аумақты қамтитын бұл жобаның жалпы құны – 11,2 млн. теңгені құрайды. Мұндағы құрылыс та өткен айда ғана басталыпты. Тұрғындар балаларына сапалы әрі қауіпсіз ойын алаңын сыйлағаны үшін қала басшысы мен «Жайық Сити» мердігерлік компаниясының директоры Мереке Молдағалиевке алғыстарын жаудырды.
Сондай-ақ тағы бір спорт және балалар алаңқайы Желаев ауылындағы Шоссейная көшесінде бой көтерді. Алаңның жалпы аумағы – 1330,0 шаршы метр аумақты қамтиды. Қызылды-жасылды шарлармен, жалаушалармен безендірілген алаң іші балақайлар мен ата-аналарға, ардагерлер және ауыл тұрғындарына лық толды. Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастырып және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаң (шағын футбол алаңы, балалар ойын алаңы, воркоут алаңы) болып үш бөлікке бөлінген. Іші жарықшамдармен жарықтандырылып, өрнектастар төселіп, көпшілік демалатын орындықтар орнатылған. Балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Ойын алаңы түрлі-түсті сырлармен әсемдеп, безендіріліп, балалар ойнайтын алаңға құм төгілген. Қуанышқа ортақтасып келген ауыл тұрғындары балаларымен ойын алаңына алғашқы қадамдарын жасап, алаңның іші мәре-сәре болды.
– Ауылда балаларымыз бен немерелерімізге арналып ойын алаңының тұсауы кесілді, өте ризамыз. Тұрғындардың атынан алғысымды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілегімді білдіремін. Атсалысқан азаматтарға көптен-көп рахмет! Енді, балалар мен жасөспірімдер өздеріне арнап салынған алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланады деп сенеміз, – деді Желаев ауылының байырғы тұрғыны Ермек Жұмағалиев.
Игілікті істің қасынан табылған жандарға ауылдың бүлдіршіндері де дән риза. Бұдан былай қаланың бұл бөлігіндегі балалар да өз ойын алаңдарында асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады. Бұл күні сондай-ақ «Аула Фит» жобасы таныстырылып, ұйымдастырушылар көрсетілім жасады. Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарының тегін тренердің көмегімен күнделікті спортпен шұғылдануына көмектесу. Айта кету керек, Орал қаласында өткен айда да үш жерде осындай спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға берілген болатын.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Қоғамдық қауіпсіздік жастар көзімен: полиция бастамасындағы пікірсайыс
Оралда өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғын қайта көлік басқарған
Әлия ҚАЙЫРЖАНОВА: «БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ОЙЫ ОЗЫҚ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ…»
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады
Қазақстанда балаларды шетелде емдеу қажеттілігін 50%-ға төмендету жоспарлануда
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы реформалар жүзеге асырылуда
📢 Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысы өтеді
Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) алғашқы отырысы өтеді
Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды
Қорғаныс министрлігінде Ұлттық құрылтай идеялары аясындағы міндеттер айқындалды
Голан биіктіктеріндегі миссия: қазақстандық саперлар 1200-ден астам жарылғыш затты жойды
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Елімізде жаңа төрт фармацевтикалық зауыт салынады
Президент тапсырмалары бұған дейін жарияланған ауқымды саяси реформаның жалғасы болды — Олжас Бектенов
Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды
61-ші Венеция биенналесінде Қазақстанды «ҚОҢЫР: архив үні» жобасы таныстырады
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан екінші деңгейдегі банктердегі кредиттердің есептен шығарылатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Орал қаласында жұмысқа орналастыру сылтауымен алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды

Кіру



Пікір үстеу