СЕРТИФИКАТ АЛУҒА АСЫҒЫҢЫЗ!
Оралда 1 ақпаннан бастап тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінім қабылдауда.
Биыл қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттарын беруге 150 миллион теңге бөлінген. Тұрғын үй сертификатына ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша екінші деңгейлі банктен өтініші қанағаттандырылған азаматтар ие болады. Бұл туралы Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиев түсіндірді.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағыттары бойынша әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз және әлеуметтік қолдау бағытында қайтарымды негізде 1,5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі.
– Сертификатты толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар санатындағы және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария,агроөнеркәсіп, құқық қорғау салаларында қызмет ететін азаматтардың алуына мүмкіндік бар, -деді Ерлан Ерғалиұлы.
Бұл сертификатты алу үшін кезекте тұрған азаматтар алдымен төлем қабілеттілігін растауы тиіс. «Отбасы банктің» тексерісінен өтіп, банк тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған соң, қажетті құжаттар мен өтінішті тиісті бөлімге тапсырады.
Сертификат алуға қажетті құжаттар тізімі:
- Өтініш;
- өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
- соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама; (әлеуметтік осал топтарды қоспағанда)
- банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.
Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй заемына мақұлдау алған және табысы бойынша талапқа сәйкес келетін азаматтарға беріледі. Сертификат алу үшін отбасының әрбір мүшесінің табыс мөшері айына 111 665 теңгеден аспауы тиіс.
2022 жылдың 1 ақпанынан бастап тұрғын үй сертификаттын алушы үміткер құжаттарды «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (Қ.Аманжолов көшесі, 69/1-үй, 2-кабинетте дүйсенбі — жұма күндері сағат 9.00 –18.30 аралағында) тапсыра алады.
Ақарыс ӘЙІПТЕГІ
Версия для печати
Пікір үстеу