«САН МЕН САПАНЫ ЕҢБЕКПЕН ҰШТАСТЫР Х 2»
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті бүгін «Сан мен сапаны еңбекпен ұштастыр» атты жоғары оқу орындары арасында қаланы қардан тазарту челленджін бастады.
Университеттің 100 шақты студенті коммуналдық сала қызметкерлеріне көмек көрсету мақсатымен қолдарына күрек алды. Студенттер үш топқа бөлініп, Пугачев көшесінен Дина Нұрпейісова көшесіне дейінгі Достық-Дружба даңғылы бойындағы қарды тазалады.
– Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында жастарды еңбек етуге шақырды және еңбектің сапалы болуын талап етті. Осы орайда университеттің жастар ісі жөніндегі комитеті студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану, жастарды игі іске жұмылдыру, қаланың көркеюіне атсалысу, еңбек етуге тәрбиелеу мақсатында челлендж бастап, қар тазалауға көмектескеніміз жөн деп санадық. Өйткені биылғы түскен ұлпа жылдағыдан көп және екі ауысыммен тазалағанның өзінде тазалықшыларға салмақ түсіруде, – дейді университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі Жанбота Ешимова.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері өздері бастаған челленджді «Сан мен сапаны еңбекпен ұштастыр Х 2» форматында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне жолдады. Енді БҚАТУ-лықтар студенттерді екі есе жұмылдырып, тазалау аймағын да арттыруы керек.
Челлендждің ерекшелігі осы – кезекті оқу орны челленджді жолдаған оқу орнынан қатысқан студенттер саны мен тазартқан аймағынан екі есе көрсеткішпен челленджді орындап, кезекті оқу орнына жолдайды.
Версия для печати
Пікір үстеу