ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР МЕН СКРИНИНГТЕН ӨТІҢІЗ
2019 жылға мемлекет республика бойынша профилактикалық скрининг үшін 4,3 млрд. теңге бөліп отыр.
Қазір бүкіл әлем бойынша қатерлі ісікке шалдығушылар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.
Мемлекет бірқатар скрининг түрлеріне жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөліп отырады. 2019 жылы аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 млрд. теңге бөлді.
– 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;
– 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;
– 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі.
2018 жылдың соңында Батыс Қазақстан облысында диспансерлік тіркеуге алынған науқастың саны 7 376 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар, 1393 науқасқа алғаш рет диагноз қойылды. Біздің облыста трахея, бронх, өкпенің онкологиялық ауруымен 246 науқас тіркеліп ем алуда, ал сүт бездері ісігінен 1 606 әйел адам тіркелген. Республика бойынша онкологиялық аурулармен күресуге арналған бағдарламалар қабылданған, Батыс Қазақстан облысы да обыр ауруының алдын алуға арналған, емдеу нәтижелерін жақсартуға айтарлықтай ықпал ететін кешенді шаралар бойынша жұмыс істеуде, соның ішінде профилактикалық скрининг туралы айта кету керек. Облыс бойынша онкологиялық аурулардың алдын алуғаа арналған скринингке үш түрлі бағыт бойынша 2019 жылға 170 млн бөлініп отыр.
-Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КеАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жумагулова.
Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығын 200 есеге қысқарар еді.
ҚР БОЙЫНША СТАТИСТИКА
2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр.
P.S. Аймақтық онкологиялық диспансерлерде «Ашық есік күндері» үнемі өткізіледі, сол уақытта дәрігер-онкологтарға тікелей барып, онкологиялық ауруларға тексерілуге болады!
Әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды қадағалаңыз: Facebook беттерінде: ФМС: «Доступная медицина для всех», https://www.facebook.com/profile.php?id=100016980407914, https://www.instagram.com/onko_zko /? hl = en
Версия для печати
Пікір үстеу