ОРАЛДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін, 19 мамыр күні ҚР білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов онлайн байланысқа шығып, республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегерлеріне ізгі лебізін арнады. Сондай-ақ барлық өңірде бір мезетте білім додасының жеңімпаздары марапатталып, жетекшілеріне де құрмет көрсетілді. Орал қаласы бойынша топ жарған дарынды оқушылар мен ұстаздарды қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.
Пандемияға байланысты биыл республикалық олимпиада «Ustudy» орталықтарының негізінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда өткізілді. Олимпиада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесінде ұйымдастырылды және қатысушыларды отырғызу кезінде пәндер мен сыныптарды «араластыру» әдісі қолданылды. Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірлерінен 1557 оқушы қатысқан. Олардың ішінде Батыс Қазақстан облысынан 71 оқушы бақ сынаған болатын. Олимпиада нәтижесінде батысқазақстандық бес оқушы алтын медальға ие болса, сегіз оқушы күміс медаль, 16 қатысушы қола медаль алды. Жеңімпаз-жүлдегерлердің 11-і – Орал қаласы мектептерінің оқушылары. Олар – №35, 38, 28, 44 лицей-гимназиялары мен №32, 36, 33 жалпы білім беретін мектеп оқушылары.
Марапаттау рәсімінде қала басшысы Абат Шыныбеков шәкірттерді жетістіктерімен құттықтап, оқытудың қандай кезеңінде болмасын білім сапасын жоғалтпау үшін тер төгіп жүрген мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өтті.
– Санаулы күндерден кейін кезекті оқу жылы аяқталады. Биыл білім саласы бойынша ұйымдастырылған додалардың қай-қайсысында да шәкірттеріміз жоғары жетістіктерге жетті. Мектеп оқушысың ең басты міндеті – білім алу. Осы жолдағы қажырлы еңбектеріңіз, ізденімпаздықтарыңыздың нәтижесінде осындай табысқа жетіп отырсыздар. Сіздер өз білім ұяларыңыздың тарихына алтын әріппен жазылатын тұлға болып қаласыздар. Осы тұлғалық келбеттеріңізді, адамгершілік қасиеттеріңізді, туған жерге сүйіспеншіліктеріңізді, ұстаздарыңызға құрметтеріңізді әрқашан жоғары ұстайды деп сенемін. Бүгінгі жетістіктеріңіз – ұстаздарыңыздың зор еңбегі. Олар әріп жазуға үйретуден бастап, ұшқыр ойлауға, ізденуге баулыды, білім нәрін саналарыңызға сіңірді. Әр кезеңде өздерінің білгенін жеткізе отырып, шәкірттерінің өздерінен де жоғары деңгейге жетуі жолында еңбек етіп жүрген педагогтар қауымына зор алғысымды білдіремін, – деді Абат Абайұлы.
Жиын барысында Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің оқушысы – олимпиаданың І орын иегері Альбина Жұмағазиева мен №33 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы – олимпиаданың ІІ орын иегері Зарина Бозова білім бәйгесі туралы айтып, дарынды шәкірттер атынан жеңіске жету жолында көмек-қолдау көрсеткен ұстаздарға алғыстарын жеткізді.
– Менің қатысқан пәнім ең қызықты да, күрделі пәндердің бірі – өзін-өзі тану. Осы олимпиададан жүлделі екінші орын иелендім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Осы орайда өзімнің мектебімнің ұстаздарына үлкен алғысымды білдіремін. Олимпиаданың ерекшелігі – еліміздегі ахуалға байланысты онлайн өтуі, әйтсе де өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Олимпиаданың әділ өткеніне күмән келтіру мүмкін емес. Мен үшін ең қуаныштысы – мектебімнің, ұстаздарымның артқан үмітінің ақталуы, – деп ой түйіндеді жас дарын.
Сондай-ақ білімді шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздар атынан №35 мектеп-лицейдің мұғалімі Татьяна Никифорова мен Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Ләззат Құсайынова сөз алды.
Айта кетейік, олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік білім көрсетіп оқушылары жүлделі орындарға ие болған өңірдегі алты мектеп (Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернаты, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Орал қаласы Ә. Молдағұлова атындағы мектеп-лицейі, Орал қаласы №35 мектеп-лицейі Орал қаласы №28 мектеп-лицейі) республика бойынша «100 үздік мектеп» қатарына енді.
Жалпы қорытынды есеп бойынша Батыс Қазақстан облысы командалық есепте 3 орын иеленді.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу