Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде және меморандум аясында жалпы аумағы 700 шаршы метрге жуық құрайтын ғимарат бөлінген болатын. «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы аясында аталмыш орталық жөнделіп, арнайы жабдықталды (арнайы компенсаторлық жабдықтар, кілем, перде, ойыншықтар, әдістемелік құралдар, компьютер, тұрмыстық техникалар, интерактивті панель).
Жаңа нысанның жұмысымен танысқан өңір басшысы мұндай орталықтың өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, Болат Өтемұратов қорының Қазақстанда аутизмі бар балаларға тиімді қолдау көрсету жүйесін құрудағы күш-жігерін жоғары бағалады.
– “Балалар жылы” аясында облысымызда өскелең ұрпақтың болашағы үшін көптеген игі іс-шаралар жалғасуда. Бүгінгі шараны өте маңызды оқиға ретінде бағалаймын. Көптеген ата-аналар осындай орталықтың қажеттігін айтып жүрген болатын. Сол өтініштерді негізге ала отырып, еліміздегі ең үлкен ерекше балаларды түзету орнын Орал қаласында ашуды жөн санадық. Бізге қолдау танытқан қор жетекшілігіне ризашылығымызды білдіреміз, – деді өңір басшысы.
Орталық аутизмі бар балалардың білім алуымен дамуы үшін қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.
Арнайы дайындықтан өткен 20 педагог «жаңбыр балаларын» оқытып, бойларындағы ерекше қабілеттерін дамытады. Орталықта 2 ауысымда барлығы 104 бала білім алатын болады. Ерекше балғындардың ата-аналарына да психологиялық қолдау көрсетіледі.
Пікір үстеу