«Ою-өрнегіміз ұлттық бренд болса…»
Қол өнері – халқымыздың ежелгі төл мәдениеті, ұлттық қазына. Соңғы жылдары ұлт мұрасын берік сақтап, салт-дəстүрімізді жаңғыртып жүрген қыз-келіншектер көбейді. Қазір өңірімізде қол өнерімен айналысатын 100 шақты шебер бар екен. Олардың бір қатары сүйікті істерімен кәсіптерін ашып отыр. Солардың бірі – Жарқынай Рахметқызы. Жарқынай бұл кәсібін ашуда ұзақ жолдан өтті. Тұрмыс тауқыметіне байланысты кәсібін бірнеше тоқтатып, қайта бастауына тура келіпті. Сол қиын күндері басқа жұмыстарды да жасаған. Ақысы еңбегіне тұрмайтын, әрі сүйіп жасайтын іс болмағаннан кейін өз кәсібін қайта жандандырып, мақсатқа жетуге бел буыпты.
– Орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенімде технология пәнінен сабақ беретін ұстазымыз Раиса Жұбанқызы жакеттер мен балаларға арналған киімдер тіккізіп үйретті. Сыныбымыздағы қыздардың көпшілігі бір сабақта біреуін ғана тіксе, мен бесеуін дайындап үлгеретінмін. Кейін олардың санын 10-ға дейін жеткізетін болдым. Үйдегі анам істі жақсы тігетін. Балалардың киімінен бастап, ересектердің сырт киімдеріне дейін пішіп, тігіп беретін. Келін болып түскеннен кейін де тігіншіліктен қол үзбедім. Өйткені енем де ісмер болды. Алғашқы тапсырыстарымды сол енемнің көзі болған қол машинасымен орындадым, – деп бастады әңгімесін Жарқынай Рахметқызы.
Кейіпкеріміз Қазталов ауданынының тумасы. Негізгі мамандығы – ұстаздық. Оқу орнын тәмамдаған соң өз ауылында бірнеше жыл мұғалімдік қызмет атқарған. 1995-96 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық құбылыс салдарынан жұрттың көбі жасайтын кәсіп таба алмай дағдарып қалған тұста отағасының шешімімен облыс орталығына көшіп келеді. Ол кезде Нұрбақыт, Луния, Мария есімді қыздары кішкентай болатын. Қалаға келген соң Сағынбай атты ұлдары, Хадиджа есімді қыздары дүниеге келді. Отағасы сыртта жұмыс жасаса, Жарқынай үйден тапсырыс алып, несібесін сүйікті ісінен табуға тәуекел етті. Бірінші көршісінің өтініші бойынша заманауи үлгідегі үстел жабыны мен отырғыштарға арналған тысқаптар тікті. Алғашқы алған тапсырысы сәтті орындалып, өзгелерге ұнаған соң, Жарқынайда өзіне сенімділік пайда болды. Бұл 2000-шы жылдардың шамасы болатын. Күн санап тапсырыс көбейген соң, ателье ашуды қолға алды. Бастапқыда оңынан жүргенімен, отбасындағы түйткілді мәселелер ісін тоқтатуына әкеліпті. Тапсырыстарды уақытылы орындау үшін жанына алған көмекшісі де сан соқтырып кеткен. Бір уақытта келген қиындықтар Жарқынайды банкроттыққа ұшыратады. Бес баламен жалғыз қалған ана тіршілік үшін күзетші де болды, аспаздықты да жасады, жеке тігін цехтарына тігінші болып та орналасты. Сол уақытта бірнеше жұмысты қатар атқард. Дегенмен, кәсібін қайта жаңғырту жайы үнемі ойында жүретін. Араға бірнеше жыл салып, сол күнге де жетті.
Жарқынай ойға алған ісін жүзеге асыруда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-бастау» бағдарламаларының көмегі зор деп біледі. Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының бастауымен өңірімізде, көршілес облыстарда өтетін жәрмеңкелерге шығып, тәжірибесін жетілдіріп жүр. Қолөнер шеберлерімен жиі бас қосу жаңа идеяларды дүниеге әкелуге себепші болуда. Өзі де шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, білгенін басқаларға үйретіп келеді. Алдағы уақытта ол жасаған бұйымдарын тек ою-өрнектермен ұлттық нақышта дайындауға баса мән бермек.
– Екінің бірі ою-өрнектің мәніне терең үңіліп жатқан жоқ, сондықтан білмейді. «Бастысы, ұлттық нақыш қой» деген ой басым. Кәсібім қолөнершілік болғандықтан, осы сала бойынша көбірек оқуға тырысамын. Сол үшін бірнеше кітаптарды сатып алдым. Ер адамның киімдеріне салынатын оюларды әйел адамдардың киімдеріне немесе шалбардың балағына салынатын оюды жағаға басып қою жайттары кездеседі. Қолөнершінің мұндай қателікке жол беруі – өрескелдік. Себебі, қазақтың ертеден келе жатқан оюларында терең мағына жатыр. Олардың әр элементі, өрнек-нақышы ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелейді. Мәселен, қарлығаш оюы – сақтаушы, қорғаушы идеясымен ұштастырылып, қыз баланың киіміне басылады. Дайындаған өнімдерімді сатып алушыларға осы жайтты түсіндіріп беремін. Қазір жаңа үлгілер дайындаудамын. Олар тек қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілетін болады, – дейді ісмер.
Жарқынай қазір «Кең дала» шағын ауданындағы «Сәтті» дүкенінің бір бөлмесін жалға алып, кәсібін жүргізуде. Қазір бұйымдары халық арасында кеңінен танылуда. Студиясын кеңейтіп, өнімдердің түрлерін де көбейтпек. Бой жетіп қалған үшінші қызы Мария анасының көмекшісі. Ол алқа, жүзік, сырға сынды әсемдік бұйымдарын жасап жүр.
Жарқынайдың үздіксіз ізденісі мен қолөнерге деген махаббаты кәсібін жетілдіруге себепші болды. Ол бастаған ісінің болашағына сенеді. Жуырда жұмыспен қамту орталығы арқылы 240 мың теңгелік қолдау қаржы алған. Енді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы берілетін 3 млн. теңгелік қайтарымсыз грантты алудан үмітті. Қолы жетсе, ою-өрнектерді ою үшін лазерлік құрылғы алмақ. «Бұл істің өнімділігін арттыруға мүмкіндік берер еді» дейді ол. «Қазақтың ою-өрнегі ұлттық бренд болуы тиіс» деген мақсатты ұстанған Жарқынай осылайша, өз ісін үлкен отбасылық кәсіпке айналдыруды мақсат етіп отыр.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу