ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ О.ИСАЕВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жанұзақұлы Исаевтың 120 жылдығына орай туған жері Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында «Кемеңгер халық перзенті» атты еске алу шарасы 12 қазанда дала қызықтарымен жалғасты. Ауыл сыртында киіз үйлер тігіліп, шараға жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары тартысты өткен ұлттық ойындардың куәсі болды.
1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жазықсыз атылған кемеңгер тұлғаны еске алуға арналған шараға Көнеккеткен ауылымен іргелес орналасқан ауылдар да атсалысты. Ауыл сыртына Ораз ауылынан бөлек Құрайлысай, Қарауылтөбе, Есенсай ауылдары мен «Жайықтехсервис» ЖШС киіз үйлерін құрып, жиналғандарға дәм ұсынды.
Дала қызықтары мерекелік концерттік бағдарламамен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Батырханұлы тау тұлғаны ұлықтау мақсатында аудан көлемінде ұйымдастырылған шаралар туралы айтып, қайраткердің 120 жылдық мерейлі жасын кең көлемде атап өтуге атсалысқан ауыл әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваға, О.Исаев орта мектебінің директоры Нұрлан Есболатовқа, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілеріне аудан әкімінің алғыс хаттар табыс етті.
Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Ұлдаш Зайдағалиқызы ауылдастарын дүбірлі мерекеге белсене атсалысуға шақырды. Ал осы тойға келген Ораз Исаевтың бір топ тума-бауырлары, немересі Тимур Бекетұлы жергілікті халыққа аталарына көрсеткен құрметтеріне ризашылықтарын жеткізді.
Концерттік бағдарламаны осы ауылдың тумасы, бүгінде облыстық халық шығармашылығы орталығында қызмет етіп жүрген Арай Ихсанованың ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марат Сарыбөпеев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, оралдық жас әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрәлі Өтеғалиевтер әдемі әндерін тарту етсе, халықтық «Ақжайық» би ансамблі мың бұралған билерімен шараны айшықтады.
Осы ауылдың перзенті, қазіргі уақытта Бәйтерек ауданындағы мәдени-демалыс орталығы директоры Мұратжан Жолбаев та жерлестеріне арнап ән шырқады.
Ауыл сыртындағы шара ұлттық ойындардың басталуымен қызды. Жарыстарға әр ауданнан спортшылар жиналды. Топ бәйге 15 шақырымдық қашықтық бойынша өтті. Оған 14 тұлпар қатысты. Бабы мен бағы келіскен Бәйтерек ауданы Трекин ауылының атбегісі Марат Мұхтаровтың «Бәйтерегі» бірінші келіп, бас жүлдеге тігілген 150 мың теңгені қанжығалады. Екінші орынды Теректі ауданы Рыбцех ауылынан келген Бақытжан Сатыбаевтың «Сұңқары» алса, үшінші орынды Бәйтерек ауданынан Ерген Меңдіғазиевтің «Жиренсұлуы» иеленді.
24 шақырымдық аламанға 15 атбегі жүйріктерін баптап әкелген. Шабандоздар атқа қонып, сәйгүліктерін қамшыласа, жұртшылық жүйріктерге дем беріп, жанкүйер болды. Бұл додада тағы да Бәйтерек ауданынан келген Нұрлыбек Хайруллиннің «Ветерок» атты тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Бас жүлдегерге 300 мың теңге ақшалай сый ұсынылды. Екінші орынды шыңғырлаулық Талғат Бисенбаевтың «Қызғалдағы» алды. Оған 200 мың теңге берілді. Үшінші болып тоғыз айналымды айналып өткен Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының азаматы Ерген Таңатжанның «Көкдауылы» алып, иесінің қанжығасын 100 мың теңгемен майлады.
«Көкпар» ойынына Ақжайық ауданындағы төрт ауылдың көкпаршылары қатысуға ниет білдіріпті. Аудандық «Жігер» спорт клбуының директоры Марат Игилмановтың айтуынша, ауданда «Көкпар» ойыны дамып келеді.
– Өткен жылы аудан орталығында Болат Аткеев атты кәсіпкер азаматтың демеушілігімен «Құлагер» спорт кешені ашылды. Қазір кешенде үш бапкер 40 шақты балғынды Көкпар ойынына жаттықтыруда. Сондай-ақ Тайпақтың Шабдаржап ауылында филиалымыз бар. Одан бұрын, 2017 жылы Ақжол ауылынан және Жамбыл ауылдық округіндегі Үштөбе елдімекенінде жасөспірімдерді Көкпар ойынына үйрету қолға алынды. Көнеккеткенде ұлттық спорт орталығы болмағанымен жеткіншектердің қызығушылықтары жоғары. Осы ауылдың Нұрбек, Заманбек атты ұландары аудандық құрама сапында республикалық додаларға шығып жүр, – дейді М.Игилманов.
Аудан орталығындағы «Құлагер» кешенінің командасы, Ақжол, Есенсай, Көнеккеткен ауылдарының командалары арасындағы Көкпарда жігіттердің батылдығы мен ептіліктері сынға түсті. Ақ серкені тақымдарына басқан көкпаршылар спортсүйер көрермендер үшін әдемі ойын өрнегін көрсетті. Жанкүйерлер салым салған шабандоздарға демеуші болып, ынталандыра білді.
Бұдан соң қалың жұртшылық боз кілемде өткен қазақша күресті қызықтады. 70 келіден жоғары салмақтағы белдесудің жүлдесі жеті палуанның арасында сарапқа салынды. Бұл спортта Орал қаласынан келген құрыш білекті Бегайдар Меңдешов жеңімпаз атанып, 100 мың теңге иеленді. Көнеккеткеннің палуаны Махаббат Мерғалиев – екінші (70 мың теңге), Қарауылтөбенің палуаны Нұрдәулет Уахитов – үшінші (30 мың теңге) орын алды. Сонымен қатар О.Исаев мектебінің әр жылғы түлектерінің демеушілігімен жасөспірімдер арасында күрес ұйымдастырылды.
Гір тасын көтеруде көнеккеткендік Мерхат Сұлтанғалиевтен, қой көтеруде қаратөбелік Рауан Бүркітовтен озғандары болмады. Арқан тартыста Теректі ауданы Қызылжар ауылының бозбалалары білек күштерінің мықтылығын көрсетті. Үздік үштікке іліккендер ақшалай сый алды.
Айта кету керек, Ораз атамыздың есімін ұлықтау мақсатындағы еске алу шарасы аясындағы спорттық жарыстардың жүлделеріне жергілікті шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер демеушілік жасады.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу