«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚР ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ КАНДИДАТУРАСЫН ҰСЫНДЫ
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтіп, «Nur Otan» партиясы ҚР Президентіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Съезд жұмысын партия төрағасы, Елбасы Н.Назарбаев бастады.
– Бүгін Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірді… Елдегі кедейлік деңгейі 10% төмендеді. 30-ға жуық жыл бойы халық маған сенді. Қандай қиын кезең болмасын, халқым менің соңымнан ерді. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз. Елдің бұрынғы басшысы ретінде мені елімнің болашағы уайымдатады. Сайлауда халқымыз дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президентіне үміткер ретінде ұсынып, Қ.Тоқаев әлеуметтік салада көптеген жұмыс атқарғанын айтты.
– Ол маған сенімді серік болды. Мен оған толық сенемін және оны лайықты азамат деп сенемін. Nur Otan партиясы атынан баршаңызды Тоқаевты қолдауға шақырамын, – деді Елбасы.
Съезд жұмысында қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Атырау облысының әкімі, Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиаланың төрағасы Нұрлан Ноғаев, Мәжіліс депутаты Ирина Аронова, спорт ардагері, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, «Силумун Восток» ЖШС директоры Зоя Новолодская, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтындарын білдірді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды аса мәртебелі, қасиетті парыз деп санайтынын, дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшін салатынын жеткізді. Сонымен қатар, ҚР Президенті берілген сенімге жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.
«Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын. Еліміздің жан-жақты дамуы тұрғысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыру үшін мен сайлауға қатысамын. Мемлекетіміздің негізін қалаған Ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Съезд жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылап, қатысушыларға Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.
– Сайлаудың қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы жетекші саяси партия ретінде өзінің мәртебесін күшейтуі керек. Мен жеңіске жететінімізге сенімдімін. Себебі біздің алған бағытымыз дұрыс. Ал халық бізге сенеді. Ел азаматтары бізге әрқашан сенуі керек. Соған жұмыс істеуіміз қажет. Барлығына тек сәттілік тілеймін! Алға «Nur Otan», алға Қазақстан!, – деді Елбасы.
Б.Жуасбаевтың суреті
Версия для печати
Пікір үстеу