НАЗАРАЛИ СЕЛИМОВ: «ОРАЛДЫҚТАРДЫҢ ӨЗГЕ ТІЛГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕТІНІНЕ ҚЫНЖЫЛАМЫН»
Бейбіт елімізде ынтымағымыз нығайып, сан алуан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Достық пен бірлік мекеніне айналған мемлекетіміз өзгелердің құрметі мен жоғары бағасына ие болып отыр. Кейінгі ұрпақтың ендігі мұраты – осы құндылығымызды сақтай отырып, ортақ Отанымызды өркендету. Барша қазақстандықтар да Елбасының бұл саясатын қолдап, ішкі тұрақтылығымызды сақтауға тырысуда. Елімізде әр ұлттың өз мәдениетін сақтап, дамытуына бар жағдай жасалған.
Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қоғамдық келісім мәселесіне баса мән беріп келеді. Өйткені татулық бар жерде ырыс-несібе бар. Осы орайдағы кейіпкеріміз Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Назарали Селимов ұлты лезгин болғанымен, қазақтың жалпақ тілімен кез келген мәселенің тігісін жатқызып жеткізетініне куә болып қайттық.
Сабырлы да салмақты дағыстан азаматы ойын саналы түрде жеткізіп, қазақшаны судай ағызғанда, қазақтардың өзін мүдіртеді. Бұдан соң кейіпкеріміздің қазақ тілін осыншалықты еркін меңгеруінің сырын білуге асықтық. Осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1985 жылы Дағыстанның Сулейман сталь ауданы Куркент ауылында дүниеге келген Назарали Гаджимагомедұлы сол жылы Маңғыстау облысының Шевченко қаласына отбасымен қоныс аударады. Сөйтіп дағыстандық азаматтың балалық, жастық шағы қазақ жерінде өтеді. Сол жылдары әкесі Гаджимагомед Қаражамбас мұнайлы өлкесінде еңбек етіп, отбасының нәпақасын тапса, анасы тұрмыстық үйінде жұмыс жасаған. Күні бүгінде Назаралидің әкесі Ақтаудағы «ПостСервис» ЖШС директоры, 2001 жылдан бастап Маңғыстау облысы бойынша лезгиндер этно-мәдени бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Ал анасы 1996 жылдан Ақтау қаласындағы №13 орта мектепте, 2005 жылдан бері «Ақтілек» зауытында аспазшылық етіп жүр.
Сүйікті пәнім – қазақ тілі
– 1993 жылдан 2013 жылға дейін Ақтау қаласындағы №12 орта мектепте оқыдым. 5 сыныптан бастап футболға деген қызығушылығым артып, спорт мектебіне ауыстым. Ал 11 сыныпта №4 мектеп-гимназиясын тәмәмдадым. Мектеп қабырғасында 5 сыныптан бастап-ақ түрлі пәндік олимпиадаларға қатыстым. Ең жақсы көретін пәнім – қазақ тілі болатын. Өйткені жастайымнан қазақ балаларының арасында өстім. Қазақстан Республикасында тұрып жатқаннан кейін қазақ тілі маған ең қажетті тіл екенін ұғындым. Мектепте қазақ тілінен өзге неміс, ағылшын тілдерін де меңгердім. Бірақ оларға баса көңіл бөлмедім. Болашақта қажеттілігі болмайтынын түсіндім. Тұрып жатқан жеріме құрметпен қарап, сол елдің салт-дәстүрін, тілін үйрену менің азаматтық борышым деп есептедім. Қазақ халқына деген құрметім мен шексіз ризашылығымның белгісі ретінде тілін меңгеріп, салт-дәстүрін ұстандым, – деп ағынан жарылған кейіпкеріміз 9 сыныпта оқып жүргенінде Ақтау қаласында қазақ тілінен өзге ұлт өкілдері арасында өткен жарыста бірінші орынды жеңіп алып, облыстық байқауда үшінші орыннан көрінгенін мақтанышпен жеткізді. 10 сыныпта қазақ тілінен қалалық байқаудан тағы да топ жарып, 11 сыныпта гимназия оқушыларының арасынан суырылып шығып, облыста жеңіске жетеді. – Бұл менің мектеп өміріндегі ең үлкен жетістігім болды. Облыс әкімінің қолынан алғыс хат пен сыйақы алғанымда өзімді бақытты сезіндім, – дейді ол. Осылайша мектеп жасынан-ақ қазақ тілін жетік меңгеріп, жүрегі қазағым деп соққан бозбала 2003 жылы Көкшетау қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында жүргенде спортты жанына серік еткен азамат оқу орны жанындағы «Отбеги пожара» құрама командасының капитаны болып, талай лигаларда жүлдені қанжығаға байлаған. Кейіннен Маңғыстау облысы әкімшілігі атынан Астана қаласында өткен Жастар форумына қатысады. Ал 2016 жылы Петропавл қаласында ұйымдастырылған «Тіл – татулық тірегі» форумында қазақ тіліне жетік жастармен бас қосқан сәтін ұмытпақ емес.
25 жасында ең жас басшы
2007 жылы институтты лейтенант шенімен тәмамдаған жас маман Маңғыстау облысына қарасты Ақтау қаласына оралып, Төтенше жағдайлар басқармасында жедел кезекші, кеңес жетекшісі лауазымдарына тағайындалады. №1 өрт сөндіру бөлімінің басшысы болады. 25 жасында аға лейненант шенімен облыс көлеміндегі ең жас басшы атанады. Араға екі жыл салып 2013 жылдың 1 қаңтарында 27 жасында капитан шенімен облыстағы өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары басқармасының бастығы болып тағайындалады. Осы лауазымда үш жылдан аса қызмет атқарып, 2016 жылдың наурызында мекеме бойынша бастықтың орынбасары болады. Сол лауазымда жыл жарымдай қызмет атқарып, 2017 жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары мекемесінің бастығы лауазымына ұсынылады. Осылайша министрліктің келісімімен осы лауазымға тағайындалып, күні бүгінде Ақ Жайық атырабында абыройлы еңбек етуде.
Иә, қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері баршылық. Ал болмыс-бітімі бөлек бұл азаматты өзгелерден ерекшелеп тұратыны – қазақ тіліне деген жанашырлығы, қазақ жеріне деген риясыз көңілі. Бүгінде Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары мекемесі қызметкерлерінің басым көбісі қазақ тіліне шорқақтығы жасырын емес. Осы орайда Назарали Селимов басшылыққа келгелі туған тілдерін меңгеруге бет бұрып жүргендерін төтеншеліктердің өздері де мойындайды. – Мысалы, мен қазақылық тұнған киелі Маңғыстау өңірінде Адайлардың ортасында өскендіктен ол жақта қазақы дәстүр толық сақталған деп сеніммен айта аламын. Кез келген тойда, түрлі мерекелерде киіз үйлер сап түзеп, өткенімізді ұмытпауға шақырады. Сол ортада өсіп-жетілген соң қазақтың игі дәстүрлерін бойға сіңіру де мен үшін маңызды болды. Ақтаудағы достарыммен тек ана тілінде сөйлесетінбіз. Тіптен қазақтың мақал-мәтелдерін сөз орайы келгенде қалай қолданып жібергенімді де білмей қаламын. Көп ұлтты бауырына басқан қазақ елінің дархандығына, қонақжайлылығына, елімізді басқарған Елбасына алғысым шексіз, – деген дағыстандық азамат бүгінде оралдықтардың көбісі орыс тіліне ерекше басымдық беретініне қынжылады. Қазақтардың өзі бір-бірімен өзге тілінде шүйіркелесетініне налиды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгеріп әрі сол тілде еркін сөйлей алатынын айтады.
Назарали Гаджимагомедұлының айтуынша, отбасында лезгин халқының дәстүрлері сақталған. Әйтсе де қазақтың ұлттық дәстүрлеріне құрметпен қарайды екен. 2012 жылы Дағыстан Республикасының Каспий қаласында отбасын құрып, Альбина есімді лезгин қызын жар еткен Назарали бүгінде екі ұлдың әкесі. Үлкені Ислам 5 жаста болса, кенжесі Расул небары үште. Жұбайы қазіргі таңда ата-анасымен бірге Ақтау қаласында тұрып жатыр. Өзге ұлт өкілі болса да жүрегі қазақ елі деп соғатын жары Альбина да отбасында қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанады әрі құрметпен қарайды. Берекелі дастарханын қазақтың ұлттық тағамдарымен жайнатып қоятын көрінеді. Отбасылық құндылықтарды берік сақтайтын азамат сөз арасында қос ұлының әскери саланы таңдағанын қаламайтынын айтып қалды. Бірақ балаларының өзі секілді қазақшаға жетік боларына бек сенімді.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу