«Ән мұхитының дарабозы»
Қазақтың қасиетті домбырасымен өнер сахнасында сандуғаштай сайрап жүрген жерлесіміз, тума талант иесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов 22 жылдан бері өсіп-өнген өлкесі Ақ Жайық атырабына жеке концертін бермеген екен.
Өнер көгінде еркін самғаған Қайрат Кәкімов 1997 жылы Атырау облысына біржолата қоныс тепкеннен бері Оралына жеке шығармашылығымен оралмаған көрінеді. Ара-кідік төбе көрсетіп, кейбір шараларға келіп-кеткенімен жан сарайын айқара ашып халқымен жеке-дара көріспеген сүйікті ұлымыз 26 ақпанда қаумалаған халқымен жүздеспек. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткелі отырған «Әсем әні асқақтап» атты шығармашылық концертін Қайрат Кәкімов ұстаздардың ұстазы, дарабоз дарын иесі Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арнамақ.
– Ел алдында есеп беру концертімді бұйыртса, ақпанның 23 күні Ақжайық ауданынан бастаймын. 24-25-і күндері Қаратөбе мен Сырым ауданында гастрольдік сапарым жалғасады. Сырымның Өлеңті ауылында туған перзенттің бірімін. Алтын бесік ауылыма да ат басын бұрамын. Мені жерлестерім асыға күтіп отыр, – дейді қызу дайындыққа кірісіп кеткен Қайрат Сайлауұлы.
Иә, Қайрат Кәкімовті кім білмейді? Ол еліміздің батыс өңірінің 132 әнін алғаш рет құрастырып, алты үн таспадан тұратын жинақты жарыққа шығарған айтулы азамат. Осы ән альбомында Батыс өңірінің әндері жүйелі түрде Қайраттың жеке орындауында «құлақтан кіріп бойды алады». Киелі сахна төрінде өзінің жанды даусымен, ешқандай боямасыз, техникалық сүйемелдеусіз шырқайтын талантты перзенттің бала кезінен жүрегі қалаған мамандығына деген жауапкершілігі де тым жоғары. Өйткені бала Қайрат жастайынан сал Мұхит пен Ғарифолла атасының даусын санасына сіңіріп, тыңдап өсті. Ауыл мектебінде жүргенде жанары қарақаттай қарадомалақ балаға талантты ұстазы Амангелді Ғұбайдуллин бағыт-бағдар беріп, «бұлақтың көзін ашты». Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин мектебінен білім алған жас таланттың жолынан игі-жақсылар жолықты. Дәулеткерей атындағы Орал саз колледжіне оқуға қабылданған Қайраттың бойындағы ұшқынды қазақтың Қатимолласы көріп, танып, үрлеп әкетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев жас таланттың өнерін одан сайын жетілдіріп, класында оқытты. Болашағынан зор үміт күттірген Қайратты көп кешікпей 1997 жылы атақты күйші Рысбай Ғабдиев арнайы шақырып, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестріне қызметке алды. Содан бері дәстүрлі әнші Атырау қаласындағы айтулы әрі беделді ұжымда абыроймен еңбек етуде. Аты дардай оркестрмен бірге еліміздің түкпір-түкпірін шарлап, шетелдерге де сапар шегуде. 2002 жылы Араб түбіндегі Катарда болса, 2007 жылы Солтүстік Африкадағы Мароккода, Франция, Түркия, Австрия, Германия мемлекеттерінде қазақ халқының әндерін шарықтата шырқап, тыңдарманын сүйсінтті.
Тұлпардай шабысы бөлек дарабоз Алты алашқа өзін әбден мойындатты. 1999 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы аймақтық конкурстың бас жүлдегері болса, 2001 жылы елорда төрінде «Шабыт» халықаралық фестивалінің бас жүлдегері атанды. М.Мерәліұлының туғанына 165 жыл толуына орай өткен республикалық дәстүрлі әншілер байқауының тағы да бас жүлдесін жеңіп алған қайсар ұл Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған республикалық байқаудың бас жүлдесін 2009 жылы Қаратөбе өңірінде қанжығасына байлап әкетті. Мінекей, өнері дара азаматтың арада он жыл өткенде Ғарифолла атасының рухына бағыштап жеке жыр кешін халқына тарту етуі тегіннен-тегін емес.
Атадан балаға мирас болған, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған төл өнерді Қайрат Сайлауұлы жан-тәнімен қорғап, қолдап келеді. «Батыстағы ірі әншілік мектептің жарқын өкілі» және «Ән мұхитының дарабозы», «Айнамкөзден» бастап, маңғыстаулық шайырлардың кербез әндерін керім шырқайтын Кәкімов» деген секілді халықтың біраз теңеуіне ие болған Қайраттың ертеңгі кешінің де керемет өтеріне дау жоқ. Ата-балалар аманатын домбыраның үнімен, ерекше даусымен жеткізуде алдына жан салмайтын Қайраттың өз күшімен, талант-талабымен талпынып шыққан биік таулары аспанмен таласа бергей… Ән әлемінде Қайратымыздың қанаты қатая бергей…
Мира Хамзақызы
Версия для печати
Пікір үстеу