МЫРЗАҒАЛИ МҰХАМБЕТОВ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ
Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамбетов Мырзағали Әбілқасымұлы 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Орал қаласы әкімдігі, Орал қалалық мәслихаты, қалалық ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңес мүшелері марқұмның отбасы мен туған-туысына қайғырып көңіл айтады.
Мұхамбетов Мырзағали Әбілқасымұлы 1939 жылы 3 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданының Чеснаков ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Мырзағали Әбілқасымұлы Орал қаласындағы ер балалардың қазақ пансионына қабылданып, кейін қалалық №18 орыс мектебінде оқуын жалғастырады. 1958 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған. Еңбек жолын 1958 жылы Батыс Қазақстан облысы, «Шипов» кеңшарының Астрахань бөлімшесінде трактор бригадасының көмекшісі болып бастаған. 1960-1964 жылдары Орал және Батыс Қазақстан Өлкелік комсомол комитеттерінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1964-1970 жылдары Гурьев облыстық комсомол комитетінің алдымен екінші, кейіннен бірінші хатшы қызетіне тағайындалған. 1972-1991 жылдар аралығында Орал облыстық партия комитетінде партия ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, кейін жалпы бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1991 жылдың мамырынан 1993 жылдың тамызына дейін Орал педагогика институтының проректоры, 1993-1996 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық тіл басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. 1996-2002 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары және атқарушы хатшылығының басшысы қызметінде болды. 2002 жылы Мырзағали Әбілқасымұлы құрметті зейнеткерлік демалысына шығып, 2002-2011 жылдар аралығында Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдары кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Әр кезеңде елі үшін атқарған еңбегі еленіп, 1961 жылы «Дружба народов» орденімен, 1966 жылы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде жол құрылысын салуға белсене атсалысқаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Знак Почета» орденімен, 1967 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2015 жылы «Құрмет» орденімен, жастарды оқыту мен оларға тәрбие берген үшін алған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі және көптеген өзге де медальдармен, төсбелгілермен, алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталды. Жолдасы Мария екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген.
Версия для печати
Пікір үстеу