МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ 85,5 ПАЙЫЗЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ КӨРСЕТІЛЕДІ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы облысы бойынша филиалының 10 айда атқарған жұмыстары мен мемлекеттік қызметтерді оңтайландырудағы жаңашылдықтары туралы бүгін өңірлік комуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндалды.
Фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнұр Ахметованың сөзінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 85,5 пайызы электронды форматқа ауысып, қызметтерді алу реті жеңілдетілді. Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды үйреніп, фронт-офистердегі қызмет көрсету аймағы кеңейді. Пандемияның әсерінен электрондық үкімет порталына сұраныс артқан.
– Осы жылдың сәуір айында Азаматтарға арналған үкіметтің құрылғанына 4 жыл толды. Аз уақыт ішінде корпорациямыз халыққа сапалы қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс істеді. Алдағы уақытта жылдам, әрі оңай көптеген цифрлық жаңашылдықтар болады деген сенімдеміз. ХҚО қызмет алушыларды электронды үлгідегі жеке куәлік арқылы қабылдайтынын ашып айтуға болады, – деді Гүлнұр Бекбауқызы.
ХҚО мамандары 10 айда 500 000-ға жуық қызмет көрсетті. Жалпы корпорация арқылы мемлекеттік реестр тізіміндегі 698 қызметтің 649-ы egov.kz порталы арқылы көрсетіледі, яғни 85,5 пайызы бүгінде электронды нұсқада қолжетімді. Ал электрондық қызметтердің барлығын азаматтар өз бетінше egov.kz порталы, eGov mobile мобильді қосымшасы, Telegram-Bot, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері арқылы оңай рәсімдей алады.
Биылғы сәуір айынан бастап карантиндік режимге сәйкес еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысының тоқтаған болатын. Оның орнына 1414 call-орталықтарымен қоса, «виртуалды ассистент» қызметі қосылды. Яғни мамандар мемлекеттік қызмет алушыларға бейнеқоңырау арқылы кеңес бере отырып, қызмет алушылардың мобильдік нөмірін арнайы базаға тіркеді. Ал қазіргі таңда ХҚО-ның барлық жұмысы жанданып, тиісті санитарлық талапқа сай сағат 9.00 ден 18.00-ге дейін жұмыс атқарып жатыр.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу