Мәжіліс депутаты кәсіпорындарды аралады
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.
Депутат алдымен қаладағы мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша Құрманғазы көшесі 196 мекенжайына аялдады. Қазіргі таңда аталмыш мекенжайда іргетасы қаланғанына 81 жыл болған ескі үй сүріліп, орнына жаңа үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты «КазХол» ЖШС үйді 2019 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Күні бүгінде аталмыш үйдің тұрғындарына 5 шағынауданнан уақытша пәтер берілген.
– Апатты үйдің орнына Елбасының тапсырмасына сай, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында өткен жылдың тамыз айында жаңа құрылыс басталды. Күзге қарай бұл үйді қожайындарына тапсырамыз. Құрылыс жұмыстарына 50-ге жуық жұмысшы тартылды. Пәтер иелері басқа үйлерге уақытша көшірілді. Ескі үйдің орнына 9 қабатты, 74 пәтерлік үй салынады. Болашақта осы аумақтағы қауіпті жағдайда тұрған тағы үш үй сүріліп, оны 11 қабатты 200 пәтерлік тұрғын үй алмастырады. Абаттандыру жұмыстары толықтай жүргізіледі. Апатты үйлердің жанында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының иелеріне жаңа үйлердің бірінші қабатынан орын беріледі, – дейді «КазХол» ЖШС-ның құрылыс басшысы Заман Қуанов. Жаңа үйдің құрылыс жұмыстарымен танысқан депутат Кеңес Ғарапұлы мемлекеттік бағдарлама апатты үйлердің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік бергенін, болашақта «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары да жаңа баспанадан пәтер алуға мүмкіндігі бар екенін, бүгінде мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері мен бағдарламалары сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Бұдан соң халық қалаулысы «Жайық ет» кәсіпорнының өткен жылдың желтоқсанында іске қосылған қуаттылығы жылына 7200 тонна тауық етін өндіріп, 4 млн бройлер тауық өсіретін ірі жобасымен танысты. Осы арқылы облыстағы тауық етіне сұраныстың 70 пайызын қамту жоспарланған. Облыстық мәслихат депутаты Темірғали Ескендіров басшылық ететін кәсіпорындағы аталмыш жоба қазір толық қуатында жұмыс істеуде. Бүгінде мұнда тәулігіне 20 тоннадан аса құс еті өндіріледі. Соңғы уақытта құс етіне сұраныс жоғарылаған. Елімізде құс еті нарығының көлемі 305 мың тоннаға бағаланса, соның 54 пайызы шеттен келетін өнім екен. Бұйыртса, «Жайық ет» құс фабрикасы өңір нарығын толық қамтамасыз ететін құс етін жеткізуді көздеп отыр. Кәсіпорында өндірілген өнімнің 90 пайызы жергілікті нарыққа шығарылса, 10%-ы экспортқа жөнелтілмек. Кәсіпорын өз нүктелері арқылы тұтынушыларға өнімдерді арзан бағамен ұсынады. Күні бүгінде «Жайық құс» сауда белгісімен танымал отандық бренд аз уақыттың ішінде өңірімізге кеңінен танылып үлгерді. Басты даму көрсеткіші – жаңа технологияны енгізу, шикізатқа тәуелсіздік, жоғары білікті мамандар болса, кәсіпорын бұл үдені бағындырды. Болашақта компанияның қуатты шикізат базасының нәтижесінде өнімдерді көршілес Ресей өңірлеріне яғни Самара, Оренбург, Саратов облыстарына экспортқа шығару көзделіп отыр. Кәсіпорында логистикалық бөлімді жаңғырту бағдарламасы енгізілген. Дайын өнімдерді сауда нүктелеріне тарату халықаралық жүйе ережесіне сай жүзеге асырылады.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оралдағы еуропалық технология көмегімен ерлер аяқ киімін шығаратын «ПОШ Руно» ЖШС-на барып, «Индустрияландыру картасына» енген жаңа жобаның бүгінгі ахуалын бағамдады. «ПОШ Руно» ЖШС және AS&AR компаниясының коммерциялық директоры Әсет Бектұрғановтың айтуынша, маусымдық аяқ киімдер таза былғарыдан, яғни осы жерде өңделген теріден тігіледі. Барлық өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған. Мұнда қазір 64 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аяқ киім фабрикасы тері өңдейтін зауыттың жанынан іске қосылған. Өңдеуден кейін тері тегіс боялуы қажет және көрші цехта одан аяқ киім тігетін болады. Кәсіпорынның жобалық қуаты ауысымына 2 жарым мың қой және 800 ірі қара терісін өңдеуге есептелген. Өндіріс үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін итальяндық және испандық жабдықтар сатып алынған. Қазір шикізатты бастапқы өңдеу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Болашақта өндірістік кезең толық іске қосылған кезде жіңішке теріден балалар мен әйелдер аяқ киімі тігіледі деп жоспарлануда. Өкінішке орай, отандық өнімге елімізде сұраныс аз болғандықтан, өңделген теріні шетелге экспортқа шығаруға мәжбүр. Аяқ киім бағалары нарықтық бағадан жоғары емес.
- Біз қазір батыс өңіріндегі іргелі кәсіпорында болдық. Мұнда испандың заманауи өндіріс жұмыс жасап тұр. Цехты аралап, өнімдерінің сапасын сараладық. Мамандардың айтуынша, кәсіпорынның басты мәселенің бірі – ветеринарлық ахуал. Соңғы жылдары өңірде сарып ауруына шалдыққан мал саны көп болғандықтан, бұл шикізаттың сапасына да әсер етеді. Бұл мәселені депутат ретінде Ауылшаруашылық министрлігіне жеткізуге тырысамыз. Екінші мәселе, шикізатты экспорттау. Мамыр айында бұл мәселені депутат В.Косырев та көтеріп, Үкіметтің алдына қойған болатын. Мемлекет тарапынан жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бар жағдай жасалуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде де көп қолдаулар бар, - деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров өзекті мәселелердің мемлекеттік деңгейде шешілуіне атсалысатынын жеткізді.
Версия для печати
Пікір үстеу