МӘРТЕБЕЛІ МАРАПАТ
2019 жылдың 5 сәуірдегі Қазақстан Жазушылар Одағы Секретариаты мәжілісінің шешімімен «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері анықталды. Мәртебелі марапатты иеленгендер қатарында ҚР Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, «Жайық үні» ЖШС газеті редакциясының директоры-бас редакторы Мира Шүйіншәлиева бар. Ертең, 19 сәуір күні Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде өтетін әдеби жыл қорытындысына арналған жиында халықаралық сыйлық салтанатты түрде табысталады деп күтілуде.
«Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Өкініш», «Жүректегі құпия» атты әдеби-көркем прозалық кітаптардың авторы Мира Шүйіншәлиева 2017 жылдың соңында «Ар азабы» атты бесінші жаңа кітабын оқырман назарына ұсынған болатын. Екі пьеса және әңгімелері мен хикаялары енген кітабы үшін жазушы республикадағы мүйізі қарағайдай әдебиет классиктерінің сүзгісінен өтіп, халықаралық «Алаш» сыйлығына лайық деп танылды.
Өткен жылдың сәуірінде Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында алғаш рет ұйымдастырылған Мира Хамзақызының «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты жеке шығармашылық кеші мен осы кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков: «Жазушы көрінбейтінді көретін адам. Галактиканың құпиясын ашуға болады, адамның сырын екінің бірі аша алмайды. Әйткенмен, бұл Мираның қолынан келген» деп жазушының «Ар азабы» кітабы туралы ойымен бөліскен болатын. Әрі «Мираның шығармаларынан қымбат дүние шығады» деп бағасын берді. ҚР Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов: «Мира қарындасымыз қабырғалы жазушыға айналды. Жайықтан шыққан жалғыз жазушы қыз деп айтамыз. Бірақ шартты түрде алсақ, қыздар арасында Маңғыстау, Ақтау, Атырау, Батыс аймағындағы жалғыз жазушы» деген болатын. Мира Шүйіншәлиеваның жазбаларын зерттеп, республикалық басылымдарда жазып жүрген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда: «Мираның шығармаларының негізгі ерекшелігі – қазіргі заман тақырыбын қаузауы. Біздің әдебиетте негізінен өмірдің күнгей жақтарын беруге тырысады да, көлеңкелі жақтары көп кездеспейді. Ал Мираның шығармаларынан қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан тәуелсіздік тұсындағы замандастарымыздың қилы тағдырларын көруге болады. Сонымен қатар шығармаларында психологизм, лиризм басым» деп ой қозғады.
Расында жазушы шығармаларының қайсысы да оқырман көңіліне жол тапты. Қаламынан туған әңгіме-хикаялары өмірдің өзінен алынған оқиғаларды арқау етуімен ерекше. Қоғамның ащы шындығын, қазіргі заман кейіпкерлерін әдебиетке әкелген жазушыны өзгелерден даралайтын өткір ойы мен жазу мәнері туралы әдебиет айдынының шеберлері, ғалымдар республикалық басылымдарда зерттеу-мақалаларын жариялап келеді. Қаламгердің әлеуеті зор халықаралық маңызды сыйлықты иеленуі – соның жарқын дәлелі іспеттес.
Үнемі шығармашылық ізденісте әдебиет пен өнерге адал қызмет етіп жүрген Мира Хамзақызы бұған дейін де айтулы марапаттарды иеленді. 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік «Құрмет грамотасын» иеленсе, 2002 жылы әдебиетте өзін бірден үлкен байқауда мойындатып, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанған болатын.
Жас та болса қарымды қаламымен республикаға танылған жазушы Мира Шүйіншәлиеваның қазақ руханиятының өрлеуіне қосқан үлесінің дер кезінде бағалануы – Батыс Қазақстан облысы үшін үлкен мақтаныш және зор мәртебе.
Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу