«МҰҒАЛІМ – ОҚУШЫ – АТА-АНА. ОСЫ ҮШТІК БЕРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ НӘТИЖЕЛІ БОЛАДЫ»
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден басталатын кезекті оқу жылының 4-ші тоқсаны қашықтан оқыту жүйесімен жүргізіледі. Осы орайда БҚО білім басқармасының басшысы А.Тржанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы дайындық жұмыстарын мәлім етті.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылар үшін қашықтан оқыту түрлі форматта жүргізілетінін жеткізген еді. Бұл бірінші «Еларна», «Балапан» телеарналарында және «Қазақ радиосы» толқынында сабақтар берілуі. Осы сабақтарды көріп болған соң, мұғалім оқушылармен түсіндірілген жаңа тақырыптар бойынша кері байланыс орнатады. Кері байланыс электрондық журнал болған жағдайда кеңес береді. Электрондық журнал болмаған жағдайда мұғалімдер өздерінің уақытша журналында оқушылардың оқу үлгерімдерін белгілеп отырады.
Екіншіден, интернет платформалар пайдаланылмақ. Ол – «Bilіm MediaGroup», «Күнделік», «Мектеп онлайн», «Дарын онлайн» интернет платформалары мұғалімдер мен оқушыларға тегін қызметтерін ұсынып отыр. Мұнда әр пән бойынша бірнеше мыңнан астам видео-сабақтар орналастырылған. Осы ресурстарды пайдаланып, мұғалім оқушыларға тиісті тапсырмалар беріп, оқушылармен кері байланыс жасайды және сабақтың қалай өткенін қорытындылап отырады. Сонымен қатар, ұялы байланыс телефондар мүмкіндігін пайдаланып ватсап, телеграмм басқа да чаттар, электрондық пошталар арқылы оқыту ұйымдастырылады.
Үшіншіден, алдын ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз тасымалдағышта жүргізіледі.
Қашықтан оқытуға көшуге байланысты білім беру ұйымдарының балансынан компьютерлік қондырғыларды уақытша пайдалану үшін педагогтер мен ата-аналардың материалдық жауапкершілігіне берілсе, сондай-ақ үнемделген қаржыдан компьютерлер, ноутбуктар, планшеттер сатып алынатын болады.
– БҚО-да 108 мыңнан астам оқушы контингентімен 390 мектеп бар. Қазіргі таңда мұғалімдерге қашықтықтан оқытуға көшуге байланысты сабақты және ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру бағытында әдістемелік көмектер берілуде. Сонымен қатар әр оқушының, мұғалімнің қашықтықтан оқытуға көшуге байланысты компьютерлік құрылғылармен, интернетпен қамтамасыз етілуі бойынша талдаулар жасалды. Аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің мәліметі бойынша оқушылардың 91,5%-ның компьютерлік құрылғылар, смартфондары болса, 86,9%-ның интернетке шығу мүмкіндіктері бар. 9 288 оқушының компьютері болмаса, қазіргі таңда олардың 2 554-іне мектептердегі компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Облыс мектептеріндегі 14 мыңнан астам мұғалімнің 98,9%-ның компьютерлік құрылғылар, смартфондары болса, олардың 601-іне компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып үнемделген қаржы есебінен компьютерлер сатып алынып уақытша пайдалануға оқушыларға берілетін болады. Бұл елімізде өткізіліп отырған оқытудың жаңа түрі. Сондықтан мұғалімдердің жұмысы көбейді. Оқушылар мен ата-аналар да өз үлестерін қосу қажет. Осы үштік бірлесе жұмыс істесе ғана қашықтықтан оқыту нәтижелі болады. Бүгінгі сәтті пайдаланып ата-аналарды ұстаздарымен бірлесіп жұмыстануға шақырамын, – деді Айымгүл Тржанова.
Қашықтықтан оқытуға байланысты сұрақтар бойынша білім басқармасының 1301, 31-23-38 Call-орталығына хабарласуға болады.
Версия для печати
Пікір үстеу