М.АХМАНОВ: «ІНДЕТТЕН ЖАЗЫЛАТЫН ШЫҒАРМЫЗ, АЛ РУХАНИ ДЕРТТІ ЕМДЕЙ АЛМАЙМЫЗ»
Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры жаңа маусымын Ш.Құсайыновтың «Томирис» трагедиясымен ашты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бұл қойылым егемендік үшін күрескен сақ патшайымы Томиристің тағдырына арналған. Патшайымның еліне деген сүйіспеншілігі мен қайсарлығын театр сахнасында сөйлеткен режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, алматылық мейман Мұрат Ахманов.
– Мұрат Ноянбайұлы, Оралға қош келдіңіз. Сіздің орныңыз біз үшін, Ақ Жайық елі үшін бөлек екенін білесіз. Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған театрдың басы-қасында жүріп, 2000 жылдары жаңа қонысқа көшіп, тынысы қайта ашылған кезде де осы театрымызда өзіңіз және зайыбыңыз Хазима апайымыз жұмыс жасап, театрдың жолын қалыптастыруда бастамашы болдыңыздар. Сіздермен бірлесе ұжымда еңбек еткен аға-апаларымыздың БҚО-дағы қазақ драма театрының танылуына, мәдениеттегі өз орнын алуына үлестеріңіз зор. Міне, Тәуелсіздігіміздің жаңа белесінде, 30 жылдығы қарсаңында сізбен бірге театрымыз жаңа маусымын «Томирис» қойылымымен ашты. Алдымен осы қойылым туралы айтсақ.
– Бұл театр бізге ыстық. Оралдағы алғашқы қазақ театрының негізін қалаушы, іргесін қалаушы біздер. 1993 жылы жан-жақтан келдік, оның бәрі тарихтан белгілі ел-жұртқа. Хазима апаларыңмен бірге осы театрда қызмет еттік.
«Томирис» – осы театрдағы көркемдік кеңеспен таңдалған дүние. Бұл – тереңде жатқан тарихымыздағы Тәуелсіздік үшін күрестің бастауының бірі. Тұран мемлекетінің ыдырай бастаған кезеңінде Томиристің бастауымен парсының патшасы Кирді жеңуі. Бұл – үлкен жетістік, апаттан құтқарып қалған кез. Ол кездегі қызылбастар – парсылардың Орта Азияны жаулап алар күшіне тойтарыс беріп, өзінің басын қанға батырғаны. Осылайша тәуелсіздікті қорғап қалған Томиристің ерлігі көрінеді.
30 жылдық Тәуелсіздігімізде сондай жанкештілік, елін, жерін ойлаған, сол үшін өзінің отбасын құрбан еткен, баласы мен жарынан айрылған, көсемдерінің басын қосқан осындай қайраткерлік деңгей Тәуелсіздігімізді сақтап қалуға үлкен сабақ, патриоттық сезімге шақырады. Қазір патриотизм жоғалып барады, ұлтшылдығымыз жоғалып барады. Тілден айырылып барамыз. Қаншама жақсы деп ақпарат бергенімен, қазақ тілінің деңгейі төмен.
30 жылдықтағы қайбір жетістігімізді мақтанышпен айтамыз дегенде, ойланып қаласың. Ондай драмматургия да жоқ. 30 жылдығымызды көтеріп дәріптейтіндей сахна үшін жазылған шығарма да жоқтың қасы. Тәуелсіздік үшін жан беріп алысқан жеке дара адамдардың күресі туралы тақырып жоқ. Сол себепті тарихты бетке ұстап, «Томиристі» қоюды мақсат тұтты көркемдік кеңес. Содан кейін мені шақырды. Менің режиссерлық концепциям – Томиристі тұлға ретінде бейнесін көрсету. Тақталастық, бақталастық, өмірде болып жатқан байлыққа талас – барлығы Шахимарданның осы драмматургиясында жақсы жазылған екен. Ана мен баланың арасындағы тартыс, бір-бірін түсінбеушілік – Шекспирдің «Гамлетінде», А.Чеховтың «Шағаласында» және біздің «Томиристе» бар. Өте жақсы жазылған дүние. Баласы Спаргепистің таққұмарлығы, оның айналасындағы көсемдердің оны адастыруы, айдап салуы, баланы тұңғиыққа тіреп, аяғы өлімге әкелуі – өзекті мәселе. Тәуелсіздігімізді ұстап қалу үшін қайраткерлік, қандай отансүйгіштік керектігі көтеріледі. Томиристің күйеуі Балқаштың басқа елге кетіп, басқа елде жүріп, ел басына қатер төнгенде елге қайтып келіп, отанын қорғауы, Кир мен Томиристің бір-біріне ғашық болып қалуы сынды оқиғалар, тағы басқа қоюланған тартыстар. Осы орайда суретші екеуміз келісе келе жасағанымыз – әйнек тақ. Бұл – жылтыр, мөлдір. Бәрі соған құмар, бірақ ешкімге де опа бермейтін дүние екенін көрсету. Сынып қалуы да оңай, айырылып қалу да оңай. Үш патшаның да тағын шаршы әйнектерден құрастыру туралы шешім қабылдадық.
– «Томиристі» сахналау үшін өзіңіз қанша уақыт ой елегінен өткізіп дайындадыңыз?
– Ертерек уақытта Б.Жандарбековтың орысша жазылған «Саки» кітабын үш рет оқып, Томириске ерекше қызыққан едім. Фильмінің де түсірілімі кезінде қызығушылық таныттым. Өз дәрежесінде шықты. Сонымен қатар М.Әуезов театрында Шахимарданның «Томирисі» сахналанды. Ал мен олардың екеуіне де ұқсамайтын дүние жасап, басқа қырынан танытуым керек болды.
Бұл мәңгі тақырып болғандықтан, көне заманның киіз, жұрқа сынды элементтерін кіргізгеніміз жоқ. Қазіргі өмірге жақындатып, кейінгі көзқараспен шығардық. Киім үлгісі де сол кезең болғанымен, заманауи үнде көрінеді. Қимыл әрекеттері де солай. Заманымызға жақын дүние болмаса оны сахналаудың қажеті жоқ. Сол себепті бүгінгі күнмен үндестіріле қойылды.
– Талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз. БҚО қазақ драма театры ұжымымен жұрт сүйсінетін, барған жерде жүлде алмай қайтпайтын қойылымдарды сахналадыңыз. Десек те, сол актерлардың бірі бар, бірі жоқ бұл театрда қазір. Шәкірттеріңізден кімді ерекшелеп айтар едіңіз. Осы «Томириске» рөлдерді бөлуде актерлар қалай таңдалды?
– Алғашқы театр құрылғандағы және ертеректе өзім тәрбиелеген шәкірттерімнің ішінен біразы кетіп қалған. Соның ішінде Хазима апаң екеуміз және Гүлнар Жақыпова кетті. Боранбай, Ербол – жақсы актерлар болатын. Өкінішке орай, Мықтыбай, Тельмандар марқұм болды. Әрине, мықты құрамның жоқтығы сезіледі. Бірақ, қазіргі топ та жаман емес.
Пандемиямен қатарлас артыс-тартыс болды ғой театрда. Сол жағдайдан кейін біраз қожырап қалды ма екен, бұл театрдан «Томирис» шыға ма, шықпай ма деген екіұдай оймен келгенімді жасырмаймын. К.Станиславскийдің жүйесі бойынша «Егер театрда Гамлетті ойнайтын актер болмаса, онда спектакль қойылмауы керек» деген қағида бар. Соған сүйенсек, «Томирис бар ма, жоқ па, қойылым шыға ма, шықпай ма» деген сұрақ тұрды. Дегенмен, ақтап шықты! Шәкіртім Хорлан Шамелова Томиристің рөлін жап-жақсы алып шықты. Сонымен қатар жастар құрамынан Назгүл мен Ақмарал да бар.
Қойылымды екі құрамда – үлкендер, жастар құрамдарымен дайындағым келді. Бірақ, кейбірі ауырып қалды, басқа да себептер болды. Үлкендер құрамы шықты, жастар құрамы шыға алмады. Сондықтан қазір аралас шығып жатыр. Болашақта қалған актерлар жұмыс жасаған кезде, ақырындап қосыла береді. Мұндай үлкен қойылымдарды әркім тәуекелмен қоя бермейді, көп театрлардың шамасы да келмейді.
– Сіз қойған межеден олар шықты ма?
– Көңілім толды! Бірақ, әлі де өсу жолдары болады, дамиды деп ойлаймын. В.Белинский «Жақсы қойылымды көргің келсе, оныншы премьераға кел» деген екен. Техникалық жағынан жетіле түспесе, актерлық құрам пісіп тұр.
– Хадиша театры сізге жақсы таныс. Осы «Томиристі» сахналауда үш айдан бері бірлесе жұмыс жасадыңыз. Сол бір кезең мен қазіргі уақыттағы театрдың айырмашылығы қандай, не байқадыңыз? Шығармашылық ұжым, режиссерлық жағынан өсу бар ма?
– Режиссерлық өсу туралы айта алмаймын. Өйткені қойылымдарын қараған жоқпын. Дегенмен, бұрын Мұқан Томанов жұмыс жасап жүрген кезде жеткен жетістіктерін жақсы білемін. Мен де келіп, қосымша қойылымдар қойып жүрдім. Театрдың да шарықтау шегі болды. Сол деңгейге жету үшін тағы да жинақталуы керек.
– Иә, Хадиша анамыздың атын иеленген бұл театр абыройы биік, жұртшылықтың қошеметіне бөленіп, биік белестерді бағындырды. Алайда, жаңа өзіңіз де жоғарыда айтып қалғандай, бір жылдай театрда текетірес болды. Басшы мен ұжым арасындағы жанжал ел-жұрттың есінде. Өткен іс өтті ғой. Дегенмен, сіздің де жаныңыз ашыған сәттеріңіз болған шығар осы театр үшін.
– Әрине, әрине. «Тарихты өзінен бастау» ауруы соңғы уақытта өте «дамып» келеді. Әкім болсын, басқа болсын командамен келеді. Қай мекемеге кім келсе, тарихты өзінен бастаудың әрекетін жасайды. 30 жыл болған театрдың өз тарихы бар. Оны көне деп сызып тастауға болмайды. Ондай көзқарастың қажеті жоқ. Үлкендердің еңбегі бар емес пе?!
«Ремзауытта» театрды ашқан кезде қалай жұмыс жасап едік біз. Дәнекерлеу жүріп жатыр, аяз, бәріміз жаңадан көшіп келіп жатырмыз. Төрт жылдай пәтер алмай, жатақханада, қонақүйде жүрдік, пәтер жалдап тұрдық. Соған қарамай, жұмыс жасап, театрды жандандырып, жоғары деңгейге жеткіздік. Соны жоққа шығарып жатқаны жанымызға батты. Қиналдық, дұрыс шешілсе екен дедік. Араласпадым. Өйткені, қазір мен басқа үйдің адамымын.
Осы театрмен араласып, биылғы жылдың соңғы үш айында ұжыммен қоян-қолтық жұмыс істедім. Екі жыл бойғы карантинде театрды шынымен сағынған екен. Өзіміз де сағындық. Қызу жұмыспен уақыттың қалай өткенін байқамадық.
– Театрға жаңа басшы келді. Театрдың беделін биіктету, көрерменін кері қайтару үшін алда қандай жұмыс жасалуы керек?
– Жарқыраған ғимараттың ішінде өнер болмаса, оның түкке қажеті жоқ. Асқар Тоқпанов ұстазымыз «Алтынмен аптап, күміспен қаптап қойсаң да 5-10 минут қарармыз одан жалығамыз, ал нағыз актер, нағыз өнер сахнаға шыққанда біз одан жалықпаймыз» деп айтқан болатын. Сол себепті өнер керек, жаңа қойылымдар керек, ізденіс қажет. Фестивальдерге қатысып, жеңістер алып келу керек. Көрермен жинау керек. Ол үшін жақсы репертуар алу керек. Ең бастысы – жергілікті көрерменнің сұранысын тауып, одан әрі даңқын көтеруге жұмыстану.
Қазір жаңа бағытта жұмыс жасаймыз деп, абсурдты, абстрактілі бағытта қойылымдар қойып, көрермендерінен айрылып қалған театрлар бар. Өз көрерменінің тілін таппай отырса, ол театр кімге керек?! Көрермен жинап алса, театр қандай бәйгеге қатысса да тақымын қысып, алаңдап, жеңісімен мақтанып отырады. Бұл сондай театр еді. Әлі де сондай болуы керек.
«Ремзауыттағы» ғимарат ашылған кезде көрерменнің театрға сыймай қалған кезін жақсы білемін. 16 желтоқсан болатын. Халық сыртта бөріктерін аспанға атып, қуанды. «Қазақ шаңырағы ашылып жатыр» деп қойылым біткенше сыртта жүрді. Ал мына жаңа ғимарат ашылған кезде «Құрманғазы» он күн бойы лық толы залға көрсетілді. Халықтың рухы қандай биікте болды. Соны тұрғындар сағынатынын жақсы білемін.
– Болат Атабаев «Театр дегеніміз – режиссер және труппа» деген екен, театр қайраткері Есмұхан Обаевтың «Режиссер театрдың – ары, бары, намысы, болмысы» дегенін оқыдым. Сол секілді актер-режиссер-драмматург – бір-бірін толықтырып, жалғап отыратын үштік дейді. Өзіңіз білесіз, бұл Хадиша театрында біраз жылдан бері тұрақты режиссер жоқ. Сіз бұл туралы не айтасыз?
– Директор Нұржан Тасболатов режиссер қарастырудың мәселесін айтты. «Өзіңіздің де жыл сайын бір қойылым қоюыңыз үшін де жағдай жасаймыз. Бірақ, бізге жақсы режиссер тауып беріңіз» деп қолқа салды. Іздестірудемін. «Эксперимент жасаумен» ауыратын емес, театрдың репертуарлық саясатын жақсы білетін режиссерді жастар арасынан табу қиын. «Режиссердің ойымен ғана жүру қажет», «Режиссер қалағанын қояды» деп ерікті оймен кетіп қалған жастарды қалыпқа салу өте қиын. Қалыптасып қалған азаматтармен сөйлесіп, Оралдағы театрға баруға ұсыныс жасап жүрмін. Дегенмен, келген режиссерге жан-жақты қолдау қажет жоғары жақтан. Келген адам сандалып далада қалмауы керек. Әзірге ондай құлшыныс жоқ.
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясымен тікелей байланыс орнату қажет. Жергілікті колледж бен институттан бітірген түлектердің академияда оқуы үшін грант бөлінсе, құба-құп. Ол студенттердің қайта келіп, Орал театрында жұмыс жасауы тиіс. Ол үшін жан-жақты қолдау қажет.
1993 жылы театр ашылған кезде жұмыс жасаған екі режиссеріміз 1994 жылы кетіп қалды, актерлар қалдық. Орыс театрына қосатын болған. Бірақ, біз ертегі, мелодрама, комедиялар қойып, ақырын-ақырын жылжып, үлкен дәрежеге жеттік. Одан кейін мен режиссерлықты оқып келдім. Содан кейін ашылғанына 5-6 жыл болған театр республикалық фестивальде бас жүлде алды. Жабылып қалған жоқпыз, қазақ театрының үнін сақтауға талпындық. Жылына бес қойылымнан шығарып отырдық.
Театрда бес бағытты қамту маңызды. Біріншісі, балаларға арналған ертегі, екіншісі – көрерменді шақыратын көңілді қойылым, үшіншісі – музыкалық қойылымдар, төртінші – әлемдік фестивальге баратын, жаңа ізденістегі қойылымдар керек және бесіншісі – өзіміздің тарихи, ұлттық маңыздағы классикалар. Осы бес қойылым шығарылса, репертуарлық театр саясаты жоғалмайды. Көрермендер барлық жағынан қамтылады.
Мұның бәрі режиссерға байланысты. Театрдың бірінші адамы – режиссер. Труппаны құрастыратын режиссер.
– Екі-үш айдай осы театрдың ішінде жүрсіз ғой. Байқаған шығарсыз, театр әртістері өздерін әдеби-рухани тұрғыда жетілдіруге қаншалықты көңіл бөледі. Бұл орайда әдебиет бөлімі жеткілікті деңгейде жұмыстанып жатыр ма? Кітаптар жаңа заманның авторлық еңбектерімен толыққан ба? Қандай ұсыныстар берер едіңіз?
– «Томиристі» өздері таңдап алып, ұсынуына қарағанда ізденістері жаман емес деп ойлаймын. «Өзіңіз алып келіңіз, өзіңіз таңдаңыз» деген жоқ. «Бізге «Томирис» керек» деп шақырды. Соған қарағанда ізденіс бар.
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Театрды алға жетелейтін, қамшылайтын бір сала болса, ол театр сыны ғой. Қазіргі уақытта театрдың қойылымдарына қатысты сыншылардың мақалалары көрінбейді?
– Сыншы да жоқ. Әшір ағамыз кеткелі сыншыны жоғалттық. Біреулердің сөзіне еріп, арнайы мақсатпен келіп, көтермелейтін сыншылар сыншы емес. Қазір сондай үрдіс пайда болды. БАҚ-тарда мақтаулы мақала шыққанымен оған көрермен келмейтін қойылымдар бар. Ең үлкен сыншы – көрермен. Керібұрушылық сынды жоғалтты. Сыншының мақтаған дүниесін көргендер «осындай дүниені мақтапты, біз де осылай жасай аламыз ғой» деп, сол үрдіске түсе қалады. Ол өсірмейді.
Сонымен қатар қазір плагиат көбейді. Шетелдік қойылымдарды қоя салады. Тілі қазақша болып, формасы біз үшін жаңалық болып көрінгенімен, ол шетелдің тапқан дүниесі. Ертеңіне солар өз туындыларын танып жатса, сойқан болады. Ұрылар жүргенде береке болмайды. Орыстар туралы қойып, орыстан асып түсе алмаймыз, ағылшын туралы қойып, ағылшыннан аса алмасымыз анық. Асып түссек, өнер болады. Ал дарынсыз көшірменің қажеті жоқ. Сондықтан ұлттық өнерге баса назар аударып, фестивальге барғанда ұлттық дүниемізбен биікке шыққанымыз жөн. Біреудікімен ешқашан көгермейміз. Өте берекесіз жағдайдамыз қазір. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Індеттен вакцинамен жазылатын шығармыз, ал рухани дертті емдей алмаймыз.
– Театрымыз жаңа ашылған кезде Желтоқсан оқиғасы туралы қойылыммен, 1998 жылы республикалық фестивальде бас жүлдеге ие болған екенсіздер. Одан кейін 2003 жылы өзіңіз қойған Иран-Ғайыптың «Махамбет» қойылымы ХІ республикалық театр фестивалінде бірінші орынға лайық деп танылды. 2016 жылы республикалық театрлар фестивалінде тағы да өзіңіздің режиссерлығыңызбен сахналанған Иранбек Әбітайұлының «Мәңгілік елдің Алтын адамы» Гран-при иеленді. Осы «Томириспен» жаңа байқауларға қатысу туралы ойыңыз бар ма? Тағы бір айтып өтерлігі – жоғарыда атап өткен қойылымдардың барлығы да тарихи шығармалар екен.
– Бұл менің ұлжандылығымнан болар деп ойлаймын. Әйтпесе, Шекспирді, Чеховты да қойғым келеді. Оны академия қабырғасында қойып та жүрмін. Өте қызықты, жақсы драмматургиялар. Сол бағытта кетіп қалуыма да болар еді. Бірақ, көп театрларда өзіміздің дүниелерге баса назар аудардым. Тәуелсіздік алғаннан бергі мақсатым – ұлттық құндылықтарды халыққа көрсету. Өнермен қажетті дүниелерді жеткізуге назар аудардым.
Ал «Томириспен» жақсы фестивальдерге қатысуға болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған фестиваль болса, жоғары деңгейдегі қойылым, барса жүлдесіз қайтпайтынына сенемін.
– Пандемия әр салаға, әр адамның өміріне өз әсерін тигізбей қоймады. Әсіресе, ел алдында жүрген өнер адамдары бұрынғыдай көрерменімен қауыша алмады . Өзіңіз қазір қандай көңіл күйде жүрсіз? Ой-жоспарларыңыз бар?
– Театр саласында біраз биіктерге жеттім, актер ретінде рөлдерді ойнадым. Кинода да Елбасының рөлінен бастап, біраз үлкен-үлкен рөлдерді сомдадым.
Енді кинорежиссер ретінде кино түсіруді жоспарлап жүрмін. Карантин болып, үйде отырған кезде біраз киносценарийлер жаздым. Өйткені театрдағы қойылымдар уақытпен ғана өтіп кетеді, ал киноның ғұмыры ұзақ, аудиториясы үлкен. Айтар ойыңды көпшілікке жеткізуге болады. Көрермендерді көбірек жинайсың.
Жазбаларымның ішінде тарихи сценарийлер де бар. Кино түсірсем деймін. Театрлық қойылым болса, ұсынып, тегін болса да кірісіп кетер едім. Ал кино үлкен қаражатты қажет етіп отыр.
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында курсым бар, сабақ беремін. Солармен жұмыс жасаудамын. Осы театрда шәкірттерім бар. Осы жолғы дайындықта қуанғаным – шәкірттерімнің қолдауы. Үш ай бойы жандарын беріп жұмыс жасады. Ұстазым Асқар Тоқпанов оятқан намыспен өскен ем, мен де шәкірттерімнің намысын оятқам. Намысқа тырысып, жұмыс жасады. Рахмет айтамын.
Хадиша Бөкеева атындағы театрдың ғимараты өте жақсы, әкімшілік қолдап, жөндеу жұмыстары үшін қаражат бөліп жатыр екен. Қуантты. Ұжымға шығармашылық табыстар тілеймін. Өзім де үнемі байланыста болып, көмегімді көрсететін боламын. Себебі – Хадиша апайдың театры өзімнің шаңырағым, өзімнің театрым!
– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет айтамыз, Мұрат аға. Шығармашылық жолыңыз өрлей берсін.
– Алғаш Ақ Жайыққа келген кезде Хазима екеумізді және жаңа театрымызды облыстық «Орал өңірі» газетіне жазып, жұртшылыққа таныстырған Мира Хамзақызына, осы өлкеге сапарымыз сайын келгенімізде біз туралы жазып жүрген «Жайық үні» газетіне рахметімді айтамын.
Сұхбаттасқан Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу