Ұлт жоспары елді өркендететін реформа
Елбасымыз халыққа уақыттың сынына төтеп беретін, бүгінгі дәуірдің сұранысын қамтамасыз ете алатындай алыс және таяу жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаны ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ уақыттық толғаныстан туған 5 институттық реформасы – заман талабы.
Заманауи мемлекет құру, қоғамымызда заңның үстемдігін арттыру, орнықты экономиканы көздейтін индустрияландыру және экономикалық өсу, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру және ашық, транспарентті мемлекет құру бүгінгі әлемде болып жатқан сан түрлі қатерлерге жауап болары сөзсіз. Осындай қадау-қадау реформаларды жүзеге асыру үшін Елбасымыз таяу жылдарға арналған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» белгіледі. Оны қазірдің өзінде әлемнің саяси сарапшылары маңызды шешім екенін мойындады. «100 нақты қадам» – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары.
Бес институционалдық реформаны іске асыру үшін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданып, оның алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналды. Атап айтқанда, дәл осы 15-ші қадам іс басындағы мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудан өткізуге арналып отыр.
2017 жылдың қаңтарында еліміздің барлық аумағындағыдай Орал қаласында да «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттаудан өткізу жұмыстары басталады. Кешенді сынақ мемлекеттік қызметшілердің категориясына байланысты кезең-кезеңімен өткізіліп, 1 шілдеде аяқталады.
Мемлекеттік қызметшілер Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын жүзеге асыратын бірегей азаматтар екенін ескерсек, барлық реформалардың сәтті іске асырылуы олардың сапалы әрі тиімді жұмысына тікелей байланысты.
Елбасы ұсынып отырған бұл реформалардың басты мақсаты мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, бүгінгі таңда көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу сынды көптеген мәселелерді шешуге бағытталып отыр.
Елдің дамуы үшін жасалған жоспарлы қадамның қоғамда заңның үстемдігін арттыру, қазіргі заманға лайық мемлекет құру, орнықты экономикаға бағытталған индустриялық елді қалыптастыру, сондай-ақ елімізде болашағы жарқын, біртұтас ұйысқан ұлттың мекенін орнатуды көздейтін бағдар екенін айқын танып отырмыз. Алысты болжай білетін сұңғыла саясаткер тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел басқару тізгінін қолына алғаннан бері барша қазақстандықтарға өзінің өлшеусіз қамқорлығын жасап келеді. Мұны әрқайсысымыз сезініп келеміз. Ұлт жоспары елдің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі дамытып, өркендететін халықтық реформа. Сондықтан мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформа еліміздің бұдан былай да қарышты қадаммен алға басуына септігін тигізері сөзсіз.
Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы
Анаргүл ҚҰРМАНАЛИЕВА
Пікір үстеу