ӨЛМЕС ӨНЕГЕСІ МЕН ӨШПЕС ӨРНЕГІ ҚАЛДЫ
Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аманжол Зинуллин 72 жастан асқан шағында өмірден озды.
Аманжол Зейнуллаұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, һәм ғылыми өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ғибратты ғұмырын ел экономикасы мен ауылшаруашылығы саласын дамытуға арнады. Әсіресе, ауылшаруашылығының ғылыми тұрғыда негізделуіне көп күш жұмсады. Саланың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты.
Аманжол Зинуллин 1949 жылы 19 тамызда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жормата ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Ақжайық ауданындағы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында бас зоотехник-селекционер ретінде бастаған. 1977-1979 жылдары облыстағы ең жас совхоз директоры болды. 1979-1983 жылдары етті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығы Бүкілодақтық ғылыми зерттеу институтының тірек нүктесінің меңгерушісі, Аңқаты асыл тұқымды мал заводының бас зоотехнигі қызметін атқарды.
1981 жылдан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. 1983-1992 жылдары Батыс Қазақстан институтының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болды. 1992-2010 жылдары саясаткер, мемлекет қызметкері – Орал қаласы әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, облыстық мәслихаттың екі дүркін депутаты, бизнесмен. 2011 жылдан бері Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ұстаздық етіп, генетика және биотехнология саласындағы ғылыми еңбектерін жалғастырды.
Қатарынан екі шақырылым бойынша облыстық мәслихат депутаты, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау туралы тұрақты депутаттық комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарды. КСРО-да алғаш рет етті бағыттағы ірі қара бұқаларының ұрығын терең мұздатып, ондай ұрықты пайдалану технологиясын 1971 жылы, эмбриондарды трансплантациялау тәсілін 1986-1990 жылдарда дәстүрлі етті бағыттағы ірі қара шаруашылықтарында енгізді. Оралда алғашқы иммуногенетикалық лаборатория ашып, қазақтың ақбас тұқымының сегіз заводтық аталық іздерінің, бір заводтық типінің негізін қалыптастырып етті бағыттағы ірі қара малы селекциясы саласында жасаған зерттеулері мен енгізген жаңалықтары бір төбе. Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының Батыс Қазақстан облысындағы асыл тұқымды мал заводтарындағы тірек нүктесінің бастығы қызметін атқарған.
Ол Батыс Қазақстан облысының саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласып, «Қазақ тілі» қоғамының, «Азат» қозғалысының жергілікті бөлімшелерін ұйымдастыруға жетекшілік жасаған.
1997 жылы «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығын» құрып, орыс-қазақ тілдерінде «Еділ-Жайық» газетін шығарған. «Бекарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.
100-ге жуық ғылыми-танымдық еңбектері жарияланған. Мал тұқымын асылдандыруға байланысты зерттеу жұмыстарына екі авторлық куәлік, екі патент берілген.
Иә, Аманжол Зейноллаұлының соңында өлмес өнегесі мен өшпес өрнегі қалды. Ардақты азаматтың адамгершілік қасиеттері мен ізгілік іздері көптің санасында сайрап жатыр.
Марқұмның әулетіне қайғырып көңіл айтамыз. Иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннатта болғай, асыл жан!
Орал қаласының әкімдігі, Орал қалалық мәслихаты, Орал қалалық ардагерлер кеңесі
Версия для печати
Пікір үстеу