«ӘЛІППЕ» ҚАЙТАРЫЛАДЫ
ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Әліппе орнына қайтып келеді» деп қуантты. Бұл туралы Үкіметтің жұмыс тобының Ақтөбе тұрғындарымен болған кездесуінде айтылды.
– Әліппеге байланысты айтайын, биылғы оқу жылында әліппені қайтарып үлгермейміз. Ал, келесі оқу жылында әліппе орнына қайтып келеді. Балаларға білімді өзі іздеуге үйретуіміз қажет, – деді Күләш Шәмшидинова.
Елде балаға білім беретін педагогтарды қайта даярлау қолға алынды. 144 мыңнан көп мұғалім курстардан өтеді. Мектеп психологтары, сынып жетекшілері де қайта даярланады.
– Жалпы мектептегі білімнің сапасы мұғалімнің сапасына байланысты. Алдағы үш жылда жаңартылған білім бағдарламаларына сай жаңа методикалық, технологиялық әдістемелерге үйрету үшін 144 мыңнан артық мұғалім қайта дайындау курстарынан өтеді. 82 мың мектеп психологы мен сынып жетекшілері де курстардан өтеді. 15 мыңнан артық колледж қызметкерлері мен педагогикалық университеттерде жұмыс істейтін педагогтар орта білімнің жаңаруына байланысты қайта оқытылады. Балаларымызға патриоттық тәрбие беру үшін Қазақстан тарихы, қазақ тілі, география пәндерінің мазмұндары өз еліміздің менталитетіне сай жүргізіледі. Мектепте білім беруге ер азаматтарды шақыру керек. Себебі, балабақша мен мектепте әйелдердің тәрбиесін алған балалар қыз секілді болып барады, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.
Ақпарат көзі. baq.kz
Пікір үстеу