«Әлемдік трендке сай заманауи даму жүйесін жасауымыз керек»
Бүгін облыстық мәслихаттың мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі, Жолдаудың негізгі міндеттерін түсіндіру бойынша құрылған республикалық ақпараттық топтың жетекшісі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен облыс активінің жиыны өтті. Өңір басшысы Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен актив жұмысына энергетика саласының басшылары, депутаттық корпус, қоғамдық кеңес мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар мен мекеме ұйым басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібіне сай ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.
– Елбасының 5 қазандағы қазақстандықтарға Жолдауы болашағымызды баянды ете түсетін, тың серпіліс әкелетін, заманауи жаңалықтарға толы болды. Әсіресе тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша бірқатар ауқымды мәселелердің шешу жолдары қарастырылды. Сондықтан, Жолдау жүйелі жүзеге асса, халықтың кірісі мен әлеуметтік әл-ауқаты жоғарылайтынына сенім мол. Енді, осы ретте, стратегиялық құжаттағы мемлекеттік саясатты әзірлеу бойынша нақты мақсаттарға рет-ретімен тоқталайын. Ең алдымен Елбасы, Жолдауда халық табысының өсуіне тоқталды. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге көтеріледі. (42500 теңге). 275 мың азаматтық қызметкерлердің еңбекақысы орта есеппен 35% пайызға өседі деп жоспарлануда. Бұл бағытта жыл сайын Үкімет қоры есебінен 2019-2021 жылдарға 96 млрд. теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар, Президент ірі кәсіпорындарға төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлық табысын арттыруға кеңес берді. Өз кезегінде, Энергетика министрлігі әкімдіктермен және өңірлердегі отын-энергетика кешені кәсіпорындарымен бірлесіп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған шаралар қабылдайды. Мысалға, «Қарашығанақ Петролеум» компаниясының басшылығынан жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтерудің тиімді шараларын күтудеміз. Бұл ретте, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясының ел экономикасындағы маңызды орнын ерекше атап өткім келеді. Қарашығанақтың даму жылдарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 342 миллион АҚШ доллар бөлінді. 14 медициналық мекеме, 28 білім беру мекемесі, ондаған инфрақұрылым объектілері, 12 мәдени-спорттық нысандар салынды.
Жалпы, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 20 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат жыл сайын бөлінеді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы газхимиялық кешенді дамыту және жергілікті мұнайөңдеуші зауыттарға мұнай, газ шикізаттарын тасымалдау мүмкіндігі бойынша келісімге келдік. Бұл тұтастай еліміздің, өңір экономикасының және бизнестің өсімі үшін қуатты ынталандыру болмақ. Қарашығанақты мысалға алсақ, отандық бизнестің табысты дамығанын көруге болады. Өңір үшін маңызды фактілердің бірі –ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Конденсат» АҚ-тың мұнай жеткізетін үш мұнайөңдеуші зауыттың тізіміне енуі. Күні бүгінде кәсіпорын ішкі нарыққа жоғары сапалы октанды жағармай және еуропалық сападағы дизель отынын өндіреді. Бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге қол жеткізуіміз керек. Ішкі нарықты отандық жанармаймен қамтамасыз ету толықтай жүзеге асты. Биылдан бастап Аи-92 маркалы бензин бағасы 160,1-ден 155,2-ге дейін төмендегені байқалды. Отандық дизельді отынмен нарықты қамту бүгінде 90 пайызды құрап отыр. 2019 жылдан бастап толықтай ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтитын боламыз. Елбасы Жолдауында ТҮКШ және табиғи монополиялар қызметінің бағасын қалыпқа келтіруді де назардан тыс қалдырмады. Батыс Қазақстандағы 5 энергия тарататын кәсіпорынның үшеуі тарифті реттегішпен қаралған, олардың тарифі 9 пайызға төмендеген. 2017-2018 жылдар аралығында иесіз деп танылған 105,5 шақырымды құрайтын электр тарататын желілер мен 40 трансформатор қосалқы станса анықталған. Биылғы жылы 86,69 шақырым желі мен 7 қосалқы станса коммуналдық меншікке қабылданған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы жылдан бастап электрлік қуаттылық нарығы енгізіледі. Оның механизмі инвестицияны қайтаруға бағытталған. Айта кету керек, ішкі нарықта көгілдір отынның бағасын тұрақты ұстау үшін министрлікпен жыл бойы шектеулер белгіленген, – деген Алдабергенұлы сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша министрлік әкімдіктермен бірлесе баламалы энергетиканы дамыту бойынша жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Министрдің мәлімдеуінше, бүгіннің өзінде елімізде 65 нысан қуаттылығы 430 МВт жаңартылған энергетикамен жұмыс істейді. Жыл басына бері осы орайда 4 жоба Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында жүзеге асырылған. Батыс Қазақстан облысында жаңартылған энергетика нысандары жоспарланбаған, бірақ дамытудың мүмкіндіктері қарастырылған. Сол секілді Елбасы тапсырмасы бойынша отын-энергетикалық кешенді цифрландыру бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында энергетика және экология саласындағы жобаларды цифрландыру жүзеге асуда. Мемлекет басшысының Жолдауының маңызды бөлігі өмір сапасын арттыруға бағытталған. Осы орайда білім сапасын арттыру, азаматтардың денсаулығын нығайту, медициналық көмектің, жаппай спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігі турасында 8 нақты мақсат қойылған. Жолдауда қолайлы өмір сүру ортасының критерийлері де белгіленген. Бұл қолжетімді баспана, қауіпсіз аула, елдімекендердің жұмысы, сапалы инфрақұрылым. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биылғы жылы 322 млрд. теңге бюджет қаржысы қарастырылған. Соның ішінде бағдарлама шеңберінде газдандыруға республикалық бюджеттен 2 853,9 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде Батыс Қазақстан өңірі игерген 410,6 млн. теңге Жаңақала ауданын көгілдір отынмен қамтуға және Орал қаласындағы жаңа шағынауданды газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға жұмсалған. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде облыстың 10 мың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді. Электрмен қамтамасыз ету бойынша республика қазынасынан бөлінген 17,9 млрд. теңгенің облыста 1083,5 млн. теңгесі игерілген. Жұмыстар жалғасуда. Елбасы тапсырмасында қолайлы өмір сүру ортасы үшін экологиялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын. Бұл – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өзектілігі. Қазіргі таңда әкімшілікпен бірге өңірдің қоршаған ортасының сапасының мақсатты көрсеткіштері жасақталуда. Орал қаласында пластикалық бөтелкелерге арналған 767 қоқыс жәшігі орнатылса, 12 ауданда 317 контейнер бар. Облыс аумағында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын 12 мекеме жұмыс істейді. Қоршаған ортаның жағдайын жақсарту үшін 2019 жылдан бастап полигонға алдын ала өңделмеген пластмасса, макулатура, картон, қағаз қалдықтарын, әйнектерді көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді. Ал 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым болады.
– «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей біз қоғамның дамуында, әлемдік трендке сай заманауи даму жүйесін жасауымыз керек. Сондықтан, дамыған алпауыт елдермен тереземіз тең, иық тіресе алатын жағдайға жету біздің негізгі мақсатымыз. Бүгіннің өзінде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде, дүниежүзілік экономикада және саясатта әлем елдері Қазақстанмен санасатын жағдайға жеттік. Елімізде өтіп жатқан маңызды кездесулер, стратегиялық салмағы басым форумдар, соғыс елдерінің тағдырын талқылауға бағытталған жиындар сөзіме тұздық болады деп ойлаймын. Айта кету керек, біз осылайша, бүгінгі нақты әрекеттерімізбен, тиянақты жұмыстарымызбен болашақ тарихты қалыптастырып жатырмыз. Болашақ ұрпаққа даңғыл жол салудамыз. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында әсіресе жастарға ерекше мән береді. Биылғы Жолдауында да 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялады. Демек, жастардың мәселесі бүгінде өзекті проблемаға айналып тұрғандығының белгісі бұл. Тек осы мақсатты дұрыс бағытқа бағыттай білу керек. Биылғы Жолдау отандық білім беру ісі мен ғылымға мемлекеттік тұрғыда түбегейлі игі өзгерістермен ерекшеленеді. Ұстаз мәртебесін көтеру – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілін, сапасын арттырары сөзсіз, ғылымға бюджеттік қаржыландыруды едәуір ұлғайту – болашақ үшін аса маңызды, дер кезінде жасалған қадам. Инновациялық жаңалықтарды қолданумен шектелетін мемлекет – оларды тудыратын елден ешқашан оза алмай, әрдайым артта қалып отыратыны белгілі. Ілгері жылжу үшін ұлттық ғылымды дамыту, оған барынша қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар, ауыл-аймақты дамыту мәселесі де сөз болды. Жолдаудағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы жергілікті әкімшіліктерге тапсырылды. Облыс, аудан тізгінін ұстағандар осы жобаны тік көтеріп әкетсе нұр үстіне нұр болары анық, – деген министр Қанат Алдабергенұлы Жолдаудағы барлық міндеттер мен мақсаттардың орындалуында баршаға сәттілік тіледі.
Жиында сондай-ақ «Жайықжылуқуаты» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ басқарма төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі Қуат Мусин, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілхас Елбасы жүктеген тапсырмалар аясында ой-пікірлерімен бөлісті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу