КӘСІП БАСТАҒАНДАРҒА ҚОЛДАУ МОЛ
Бүгін Орал қаласында «Жас кәсіпкерлер» форумы өтті. Форум аясында кәсіпкерлікті жаңадан бастағандарға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бағдарламалары, «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлерге көрсететін қаржылай емес қолдау шаралары туралы мәлімет беріліп, кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге арналған «Protection business and investment» жобасы таныстырылды.
Экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарына енуге бағыт ұстаған еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту басты назарда. Бұл бағытта жастарға мол сенім артылатыны жасырын емес. Алғыр ойлы, істің тетігін білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз. Әрине, бұл ретте олардың аға кәсіпкерлермен өзара тәжірибе алмасып, ортақ пікір алмасуының маңызы зор. Қала әкімдігінің қолдауымен «Ақ жол» орта және шағын бизнесті қолдау қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырған форум осы мақсатты көздеді. Шараны қала әкімінің орынбасары Сергей Доля ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Сергей Евгеньевич атап өткендей, соңғы жылдары Орал қаласында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта шаһарда 30 мыңнан аса бизнес нысаны тіркелген. Жұмыспен қамтылғандар орта есеппен 75 мың адамның шамасында. Биыл шағын және орта кәсіп субъектілері 97,2 млрд. теңгеге өнім өндіріп, қызмет көрсеткен. Олардан мемлекетке төленген салық – 21 млрд. теңгені құрап отыр. Кәсіпкерлерді қолдауда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. Бірақ, инвесторлар мен кәсіпкерлер бизнес идеяларын жүзеге асыруда түрлі кедергілерге тап болып жататыны жасырын емес. Әрі істі жаңа бастаған кәсіпкерлерге жан-жақтан келетін тексерулер көп болатыны белгілі. Бұл орайда мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес белсенді жалғасатынын айтып, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушіден қорықпауы керегін баса айтқан болатын. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы ретте «Protecting Business and Investments» сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын іске қосты. Форум жиынында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментінің бас маманы Ерқанат Ерланұлы жобаның міндеті, жұмыс жүйесі туралы ақпараттандырды.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үдерісіне қол жеткізді. Оған халықаралық ұйымдардың бағасы – дәлел. «Doing business -2018» рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға ие болды. Ал келісімшарттарды орындауда 6-шы орында. Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі жарияланды. Бұл рейтинг бойынша еліміз 138 елдің ішінен 53-ші орыннан көрінді. Кәсіпкерлерді қорғау көрсеткіші бойынша 2011 жылы 36-шы орында болған болса, қазір 33-орында. Елімізде кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында көптеген шаралар қабылдануда. Кәсіпкерлікті жүргізудегі басты мәселелердің бірі ретінде әкімшілік кедергілерді көреміз. «Protecting Business and Investments» жобасы осы орайда енгізіліп отыр. Бұл жобаның мақсаты – қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, мемлекеттік билік институттарына бизнес пен инвесторлардың сенімін нығайту үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда алдыңғы қатарлы алдын алу мехназимдерін белсенді қолдану болып табылады. Жоба аясында агенттіктің және аумақтық департаменттің өкілдері кәсіпкерлерге толық сүйемелдеу жүргізеді. Яғни құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуі, нормотивтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар беретін болады. Жобаның негізгі бағыттары – кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, бизнес-үдерістерді оңтайландыру, қоғамдық бақылау және инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру. Жемқорлық тәуекелдеріне тап болған жағдайда кәсіпкер ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаменттеріне хабарласа алады. Агенттік бизнес қауымдастықты барлық қысымнан қорғау шараларын жүргізетін болады. Бұл – біздің қызметіміздің негізгі – басымдығы, – деді Ерқанат Ерланұлы.
Форум аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қолдауымен аз уақыттың ішінде істерін дөңгелетіп, табысты кәсіпкерге айналған бірнеше жас өз кәсіптері туралы баяндады. Мәселен, «Табысқа жетудің кілті – тәуекел» деп санайтын Ақұштап Құспан 2017 жылы «Бизнесті дамыту – 2020» бағдарламасы аясында бес жылға 16 млн. теңге несие алып, сұлулық салонын ашқан. Бірер жылда ісі өрге басып, жеті жасты жұмысқа алған. Ал Малика Абдулова мен Гүлнара Давыдова «Монтессори» оқыту орталығын ашқан. Бүгінде ерекше қабілеті бар балалармен жұмыс жасауда. Аға кәсіпкерлер де тәжірибелерін ортаға салып, мемлекеттік бағдарламалар көмегін оңтайлы пайдалану, кәсіп жүргізудегі қиындықтардан шығу жолдары туралы кеңестерімен бөлісті.
Форум соңында жас кәсіпкерлерге қала әкімдігі атынан алғыс хаттар табысталды.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу