КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ЖЕТКІНШЕКТЕРМЕН 17 ҚЫЛМЫС ЖАСАЛҒАН
Қазіргі таңда облыста 6912 көпбалалы отбасы бар, онда 28253 балалар тәрбиеленуде. 2622 отбасында 2654 мүмкіндігі шектеулі бала бар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10714 отбасында 30119 балалар өсуде. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 17 қылмыс жасалған. Тәртібі нашар 345 оқушы мектепішілік есепке алынған. Күні бүгінде ішкі істер бөлімінде есепте тұрған 190 жеткіншекпен және 269 қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 477 баламен профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілуде. Бұл сандық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда көбейіп келеді. Дабыл қағатын жағдай. Бұл туралы БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысында жан-жақты талқыланды.
Бүгінде өңірімізде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 157 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Жиында алдымен БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясындағы кеңес жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.
– Ұлы Абай «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, баяғыдай көрінер», – деп дүние бірқалыпты тұрмайтынын, бір ғасыр бір ғасырды ауыстыратынын, ұрпақ ұрпаққа жалғасатынын жырлаған. Тарихымыз тереңнен тамыр алатын, бабаларымыздан қалған рухани-бай мұраларымызды, ұлттық сана-сезімді ұрпақтар бойына сіңіру, аналардың борышы деп санаймын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында – Аналар кеңесінің жұмысы халықпен тиімді кері байланыс қоғамдық диалог, ашықтық орнату – отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, қоғамдық келісімді нығайту, үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту барысындағы шешімдерді зерделеуге қатысу секілді келесі негізгі басымдықтарға бағытталады. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 17 қылмыс жасалған. Тәртібі нашар 345 оқушы мектепішілік есепке алынған. Күні бүгінде ішкі істер бөлімінде есепте тұрған 190 жеткіншекпен және 269 қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 477 баламен профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартып, болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу маңызды. Озығын алып, тозығын тастауымыз қажет, – деген Шалқыма Хайроллақызы жастар арасындағы қоғамға жат әрекеттердің алдын алу үшін неке мен отбасы құндылықтарын насихаттаудағы ана мен әке рөлі тақырыбында кездесулер өткізу қажетін алға тартты. Сондай-ақ елімізде темір жол, әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны жоғары екенін тілге тиек етіп, тарифтер мәселесін бақылауға алу, көпбалалы аналардың, әйелдердің микробизнеспен айналысуына жағдай жасау қажетін жеткізді. Отбасында әке беделінің төмен болуы, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқаны кеңес мүшелерін алаңдатып отыр. Шалқыма Хайроллақызының айтуынша, бұған себеп, ата-аналардың мектеппен байланысының нашарлығы, балалардың қызығушылығымен ата-ананың үйлесім таппауы, ата-ана мен бала қарым-қатынасының жоқтығы, әлеуметтік желідегі бала тәрбиесіне кері әсер ететін ақпараттарға тосқауыл болмауы, ата-аналардың балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыра алмауы, білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Осы орайда мектеп психологтарымен, сынып жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болу, отбасында бірігіп кітап оқу, талқылау, мәдени орындарға бару, спорт алаңдарында отбасылық спортпен айналысу, компьютер, смартфонды пайдалануға тосқауыл қою, баланың тіркелген қауымдастықтары мен желілеріне бақылау жасау маңызды саналады.
Жиында отбасылық жанжалдар және зорлық-зомбылықты, оның ішінде балаларға қатысты жағдайлардың алдын алу туралы БҚО Қоғамдық келісім мекемесі жанындағы «Татуластыру орталығы» жетекшісі А.Рахишева мәлімдеді. Алдағы уақытта Аналар кеңесі медиация орталығымен бірлесіп «Отбасылық медиация және отбасылық қақтығысты шешу жолдары» тақырыбында семинар, тренинг-сабақтар өткізуді, болашақ келіншектер мен енелерге арналған тренингтер және отбасындағы дауларды медиация арқылы шешуді көздеп отыр. Ал медиа-тренер Нұрлыбек Рахманов Аналар кеңесі жұмысын заманауи медиа технологияны қолдану арқылы ақпараттық қамтамасыз ету жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу