Әйел және қоғам
Бүгін, қарашаның 17-сі күні Достық үйінде «Әйел – әлем тірегі» атты тақырыпта Орал қаласының әйелдер форумы алғаш рет бастау алды.
Шараға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері жөніндегі және отбасылық демографиялық комиссиясының орынбасары Елена Тарасенко, аналар кеңесі мүшелері, құқық қорғау органының өкілдері, ардагер аналар, мәслихат депутаттары қатысты.
Форумда сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Мирболат Сағынғалиұлы: – Орал қаласының «Әйел – әлем тірегі» тақырыбындағы форумға қош келдіңіздер! Отбасы қазақстандық қоғамның базалық бірлігі болып қала береді. Жеке тұлға мен қоғам үшін отбасы мен отбасылық қатынастарға деген қажеттілік айқын. Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау – мемлекетімізді дамытудың кепілі,-деді.
Сондай-ақ басқосуда әйел, қоғам, еңбек, бала денсаулығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттер, әйелдің қоғамдағы рөлі, олардың әлеуетін арттыру, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, белсенділігін арттыру туралы баяндамашылардың барлығы ойларын айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Бұдан кейін шараның екінші бөлімінде «Киіз басудың жаңа технологиясы» атты тренингте қолөнер шебері Айнагүл Халышқызы шағын киізді басудың әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Гүлжан АЯЗБАЕВА
Форум туралы толық нұсқаны «Жайық үні» газетінің келесі санынан оқи аласыздар
Версия для печати