ҮЙДЕН – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ
Елімізде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы көрсетіледі. Сол себепті халыққа қызмет көрсету орталықтарына азаматтар көп барады. Қатерлі індеттің өршуіне тосқауыл қою үшін адамдардың бір орын-жайда көп жиналуына жол бермеу қажет. Осы орайда халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылып, қызметкерлері телефон және бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсету режиміне көшті. Үйде отырып халыққа қызмет көрсететін мамандардың бірі – Зарема Зайнуллина.
«Азаматтарға арналған үкімет» арқылы 694 мемлекеттік қызмет ұсынылады. Демек, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жан-жақты болуы керек. Кез келген азаматқа кеңес беруден бастап, құжаттарды қабылдауға дейінгі рәсімдерді тиянақты жүргізу – орталық мамандарына тән. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттары уақытша жабылды. Алайда, азаматтарға қызмет көрсету тоқтаған жоқ. 1414 бірыңғай Call-орталығы құрылып, оператор-мамандар түрлі мәселелер бойынша кеңес беру, өтініштерді қабылдау, басқа да қызметтерді телефон арқылы жүгізуде.
Біз тілдескен Зарема Құрманқызы 2014 жылдан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша бөлімінің маманы болып қызмет етеді. Білікті де, тәжірибелі мамандардың бірі.
– Алғашында жұмыс орнымызда отырып, Call-орталыққа түскен қоңыраулар бойынша азаматтарға қызмет көрсеттік. Одан кейін өзімнің және отбасымның қауіпсіздігі үшін үйден жұмыс жасау жөнінде ұсынысымды білдірдім. Өтінішімді қабыл алып, мекеме әкімшілігі қажетті құрылғыларды үйіме орнатып берді. Қызмет орнымның өзгергені болмаса, жұмыс уақыты, күнделікті атқаратын міндеттерім сол қалпында. Бекітілген кесте бойынша жұмыс уақытым – үзіліссіз 9.00-ден 16.00-ге дейін. Бірыңғай Call-орталық болғандықтан, республиканың әр түкпірінен қоңыраулар түседі. Күніге 200-дей азаматқа телефон арқылы қызмет көрсетемін, – дейді Зарема.
Айтуынша, жеке куәлігінің мерзімінің аяқталуына байланысты қайтадан рәсімдеу, «EGOV-MOBILE» базасына тіркелу, электронды цифрлық қолтаңбаны қашықтан алу, дүние есігін ашқан сәбилерді тіркеу, некені тіркеу, автокөлікті есептен шығару немесе есепке қою, жүргізуші куәлігін алу, зейнетақыны тағайындауға өтініш беру қызметтерін онлайн түрде рәсімдеу бойынша кеңес алу үшін хабарласатын азаматтардың саны артқан. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты беріліп жатқан әлеуметтік және коммуналдық төлем бойынша жүгінетіндер көп. Дегенмен, корпорацияның құзыретіне енбейтін сұрақтармен қоңырау шалушылар да жетерлік.
– Әлеуметтік төлемге өтінім берушілер қатары күрт өскендіктен, бастапқы кезде порталдың жұмысында ақаулық, төлемнің кешіктірілуі болғаны белгілі. Сол кезде ашуланған жандардың да уәжін тыңдауға тура келді. Кейбірі өтінімдерінің қайтарылғанына наразы болып, тексеріп берулерін сұрады. Қазір коммуналдық төлемдерге байланысты хабарласушылар көбейді. Қай кезде де эмоцияға берілмей, сабырлылықпен жауап беруге немесе мәселені шешу үшін бағыт беруге, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысамын, – деген Зарема қоңырау шалушыларға сапалы қызмет көрсету – басты міндеті екенін айтты.
Кейіпкеріміз отбасында сүйікті жар, екі бүлдіршіннің анасы. Отағасы Ринат әрқашан оның қолдаушысы. Үйден жұмыс жасауға көшкен күні-ақ Заремаға жұмыс орнын ұйымдастыру үшін Call-орталықтың нөмірімен баннер жасап әкелген екен.
– Үзіліссіз қоңырауларға жауап беру, қарбалас жұмысқа байланысты уақыттың қалай өткенін сезбей де қаламын, түскі асты қамдауға уақыт бола бермейді. Сондықтан күні бұрын ертеңгі түскі асымызды әзірлеп қоюға тырысамын. Карантинге байланысты жолдасым үйде болғандықтан көмектеседі. Түсіністікпен қарайды. Алаңсыз жұмыс жасауым үшін ата-енем де қарайласып, көмегін аямайды, – деді Зарема.
Жұмыс уақыты аяқталысымен Зарема үйдің шаруаларын күйттеуге кіріседі. Кедергі келтірмей жұмыс жасауына мүмкіндік бергені үшін отбасына алғысы ретінде бар ықыласымен тәтті тағамдарын даярлап, отбасылық кешкі асты мерекеге айналдыруға тырысады. Мектепте оқитын ұлы Мағжанның сабағын тексеріп, кішкентай қызы Інжудің көңілін аулауға, ата-енесінің алдында келіндік қызметін атқаруға да уақыт тауып, ризашылығына бөленіп жүр. Мемлекеттік корпорацияның облыстағы филиал басшылығы Зарема Құрманқызының байсалды, ұқыпты орындаушы, адамгершілігі мол екенін жеткізді. Командада жұмыс жасауды жетік меңгерген маман әріптестері арасында сыйлы.
– Қашықтықтан онлайн тəртіпте жұмыс жасағанына қарамастан, еш босаңсымайды, мемлекеттік корпорацияның кодексіне сəйкес өзін үнемі жинақы, тиісті үлгі мен қалыпта ұстай білетін мамандардың қатарында, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО бойынша баспасөз хатшысы Мағзура Нұрмұханбетова.
Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының 200-дей қызметкері үйден онлайн режимінде жұмыс жасап, азаматтарға ЭЦҚ алуға көмектесіп, EGOV-MOBILE қосымшасына тіркеп және 1414 Call-орталығына түскен қызмет алушылардың сауалдарына жауап беруде.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Пікір үстеу